Осыдан бір ғасыр бұрынғы Қызылорданың Қазақ АКСР астанасы атанғаны, сол кездегі ескі Ақмешіттің бет-бейнесі, жаңа астананы орнықтыруда атқарылған жұмыстар жайлы ізденгенде, тарихи құжаттармен қатар қазақ әдебиетінің туындыларына жүгінеміз. Осыған дейін Сәбит Мұқановтың «Өмір мектебі» романының «Есею жылдары» атты үшінші кітабындағы «Көңілді сапар» тарауын ықшамдап, оқырман назарына ұсынған едік.
Бүгін Алаш қайраткері Міржақып Дулатовтың қызы Гүлнар Дулатованың «Шындық шырағы» кітабындағы «Қызылорда көріністері», «Қызылордалық тұрғындармен кездесулер» атты тарауларды жариялап отырмыз.
Бұл естеліктер Алаш арыстарының біздің қалада қалған ізі туралы деректерімен, сол кезеңдегі Қызылорданы көзбен көрген жанның әсері суреттелгендіктен өте құнды.
Біз Қызылордаға 1925 жылдың күзінде көшіп келгенбіз. Орынбордан кейін бұл қала маған ұнаған жоқ.
Өңкей балшықтан құйылған дуалдармен қоршалған жекеменшікті, төбелері шатырсыз тып-типыл тегіс үйлер көзімізге сүйкімсіз көрінетін. Көшелерге көрік беретін, қатар-қатар қуалай өскен биік, тіп-тік терек ағаштары, кісі жүретін жолдарды көлеңкелейтін, ал көшенің екі жағынан арықтардан сылдырап аққан лай сулары жаз айларында төңірекке салқын лебін беретін. Тас төселмеген жол үстінің жұмсақ топырағы балалардың толарсағынан келетін. Көшеден арбалар жүріп кетсе болғаны, бұрқыраған шаңы созыла көтеріліп, ауада қалқып тұрып алатын. Жаңбыр жауса, иленген саздан тайғанап, әзер жүретінбіз.
Кешке таман қала тұрғындары, көбінесе өңшең балалар көшеге шығып, шаң басу үшін ұзын, ағаш сапты қалақтармен арықтан жерге су себетін, бұл әрекеттерге қызыға жүріп біз де үйрендік.
Қызылорданың базарында болғандар таң-тамаша қылып мақтайтын, соны естігеннен бері базарды көруге біз де ынтық болдық. Жұма күнін «базар күні» дейтін, сабақтан тыс шешем Әзен екеумізді ертіп базарға әкелді. Кең алаңға орналасқан базар іші у-шу, азан-қазан, лық толған халық, бұрын біз көрмеген жұрт, әрі-бері қақтығысып жүрген кісілер.
Қатарласып соғылған дүкендер базардың екі жағын бірдей алған – неше түрлі тағамдар, қапшық-қапшық толы өрік-мейіз, жаңғақтар, алма мен жүзімдер. Сатушылар өңкей ала шапан киген, бастарында қара ала топылы өзбектер (ол кезде «сарт» дейтін) бар дауыстарымен айқайлап, неше түрлі әзіл сөздермен жұрттың назарын тартып шақыратын. Базардың арғы төр жағында мал базары орналасқан, сатуға әкелген төрт түлік мал, мөңіреген сиырлар, боздаған түйе дауыстары, маңыраған қойлар, ышқына ақырған есектер, айдап әкелген малын иелері аттарынан түспей бақылауда.
Базардың бір шетінде жерге төсеп тастаған түрлі-түсті тақыр, түкті кілемдер, басқұрлар, текеметтер, алашалар ою-өрнектерімен көз тартады. Бұл бұйымдарды қолдарынан тоқып шығарған шебер әйелдердің өздері әкеліп сататын. Әйелдер бастарына салған ақ жаулықтарының бір ұшын әкеліп ауыздарын орап алған (өздерінің салты). Бізге ерекше ұнағаны – таудай болып үйіліп жатқан иісі аңқыған сары торлама, ала патсайы қауындар, «кәрі қыз» аталатын Қызылорданың мақтанышы саналатын белгілі қауын базары. Базар ішінде бастарына үлкен поднос көтеріп, шағын қағазға ораған балға қатырған өрік дәнектерін сатушы армяндар. Бастарына кигендері қара картуз, үстерінде қара матадан тігілген тік жағалы жейде, өңірі тізілген ұсақ түймелер, кең шалбарларын белінен айнала жалпақ қызыл белбеумен қынап байлаған, бұлардың артынан шулап ерген балалар, «жаренный миндаль» дегенді «жаренный сандаль» деп мазақтайтын. Бізге беттерін қара тормен (паранджі) жапқан ала шапан жамылған әйелдер ұшырасты, мамамыз бізге бәрін түсіндіріп жүр. «Өзбектің әйелдері беттерін осылай еркектерден бүркеп жүреді», – дейді.
Бізге бәрі тамаша. Топ ішінен селкілдеп, қолында ұзын асатаяғы бар, онысын темір қаңылтырмен қоршаулап, шынжыр тағып, жерге соқса сылдыр қақтырып: «Алла хақ, Алла хақ» деп дуана шыға келді, басында киізден тігілген сәукелесымақ, үшкір келген жоғары жағына үкі тағып алған, үстінде неше түсті жамаудан құралған киім, көзін алақтатып бізге қарай жүргенінде шошығанымыздан маманың арқасына тығылып, зәреміз ұшты, «тез кетейікке» бастық. Шешем дуанаға садақаға тиындар беріп, әрі қарай жүріп кеттік.
Базар аралап шаршап, алған қауындарымызды, басқа да тағамдарды көтеріп, сыртта тізіліп тұрған арбакештердің бірін жалдап үйге келіп жеттік.
Кейін білдік, диқандардың үй аралап арба толы қауындарын сататынын. Қауын үшін базарға бармай, керегінше солардан алатын болдық.
Қызылорда бірнеше жыл астана бола тұрып, қалаға айтарлықтай өзгеріс енгізе алмады. Өкімет басшыларына бір қабат коттедждер салынды, бірақ үлкен құрылыс, көше бойына жол салуды қолға алмады. Қызылорда көрінісі осылай болатын, тек орталықтағы алаңға көптеген ағаштар отырғызылып, оны қоршап «Қазақ бағы» деп атайтын болды.
Мен көрген, балалық шағым өткен Қызылорда осындай еді.
Қызылордалық тұрғындармен кездесулер
Менің әкем Міржақып Дулатов 1920 жылдары Ташкенде шығатын «Ақжол» газетінің редакциясында жұмыс істеп жүргенде, бір топ түркістандық қазақ жастарымен кездесіп, көбімен кейін танысып, достасып кеткен, солардың көпшілігі – қызылордалықтар. Ташкентте әр оқу орындарында оқып жүрген, оқуларын бітіріп, кезекті мамандыққа ие болған жастар өздерінің мекендеріне оралған, бұлардың көбі – атақты байлардың семьяларынан шыққандар.
Қызылордада тұрақтаған Лапин Жағыпар, Қоңырқожа Қожықұлы, Серікбай Ақайұлы, Әлмағамбет Құрымшин, Сұлтанбек Қожанұлы еді. «Қазақ көшесі» деп аталатын аталған кісілердің жекеменшікті қызыл кірпіштен салынған біркелкі үйлері болатын. Серікбай Ақайұлы – юрист, Әлмағамбет Құрымшин – экономист, банкте істейтін. Бұл кісілер бажа, әйелдері Гүлжәмила мен Зүпнүн апалы-сіңлілі кісілер, үйлері біріне-бірі қарама-қарсы тұратын. Қатарлас орналасқан Жағыпар Лапиннің үйі мен Сұлтанбек Қожанұлының үй-жайлары болатын. Қожанұлы Ташкенде тұрғанымен, Қызылордада үйі болды, бұл үйде уақытша өзінің бажасы Қоңырқожа Қожықұлының семьясы тұратын (Латифа мен Күләндам апалы-сіңлілі).
Жалғасы бар.