Құрылтай

Жаһандық желі: «Арал геопаркін» бағалау жұмыстары басталды

3

0

Мемлекет басшысы Арал өңірін экологиялық тұрғыдан қалпына келтіру және оның тұрақты дамуын қамтамасыз ету мәселелеріне ерекше мән беріп келеді.

Бұл ретте облыс әкімі Мұрат Ергешбаевтың ЮНЕСКО-ның Жаһандық геопарктер желісіне «Арал геопаркін» енгізу бойынша бағалау жүргізуге келген халықаралық сарапшылар Жозе Брилья, Сома Саедиюнесимен кездесуінде атқарылған жұмыстар және бағалау миссиясының алдағы негізгі міндеттері сөз болды.

– Биыл сәуір айында Астанада өткен Халықаралық Аралды құт­қару қорының құрылтайшы мемле­кеттер басшылары кеңесінің қоры­тын­дысында Президентіміз Солтүстік Арал экожүйесін қалпына келтіру жұмыс­тарының оң нәтижесін жоғары бағалады. Еліміздегі бірегей табиғи әрі ғылыми нысан – «Арал геопаркін» дамыту жөнінде нақты міндеттер жүктеді.

Геопарк құру – облыстың ұзақ мерзімді стратегиялық даму бағыт­тарының бірі. Бұл жоба геологиялық мұраны сақтаумен қатар, ғылымды, туризм мен кәсіпкерлікті дамытуға, жаңа жұ­мыс орындарын ашуға және ха­лықтың әл-ауқатын арт­тыруға мүм­кіндік береді. Осы бағыттағы халық­аралық ынты­мақтастықты одан әрі нығайтуға дайынбыз, – деді облыс әкімі.

Жобаның негізгі мақсаты – Арал өңірінің табиғи-экологиялық, геологиялық, тарихи және мәдени мұрасын сақтау, ғылыми зерттеулерді дамыту, экологиялық туризмді ілге­рілету және өңірдің әлеуметтік-эконо­микалық дамуына серпін беру.

Бүгінде ЮНЕСКО-ның Жаһандық геопарктер желісі әлемнің 51 еліндегі 241 геопаркті біріктіреді. Оған қосылу үшін әлем бойынша 14 өтінім қаралуда, яғни бұл мәртебеге ие болуда халықаралық бәсекелестік жоғары.

Талаптарға сәйкес «Арал геопаркі» аумағында дайындық жұмыстары жүргізіліп, төрт туристік-танымдық маршрут әзірленді. Өткен жылы қараша айында геопаркті ЮНЕСКО-ның Жаһандық геопарктер желісіне енгізу туралы ресми өтінім ұйымның штаб-пәтеріне жолданды.

Шілденің 6-13-і аралығында халық­ара­лық сарап­шылар геопарк аумағында негіз­гі бағалау миссиясын өткізеді. Оның қоры­тындысы бойынша «Арал геопаркін» ЮНЕСКО-ның Жаһандық геопарктер желі­сіне енгізуге қатысты кәсіби қорытынды ұсынылады.

Оң шешім қабылданса, «Арал геопаркі» Қазақ­стандағы халықаралық деңгейде мо­йын­далған алғашқы жаһан­дық геопарк мәр­те­бесіне ие болады. Бұл – Арал өңірінің туристік тартымдылығын арттырудың, ғылы­­ми зерттеулерді кеңейтудің және жергі­лікті халықтың тұрмыс сапасын жақсартудың жаңа мүмкіндіктері.