Мемлекет барлық салада заң мен тәртіп орнатуға баса мән береді

248

0

Фото: Ақорда

МЕМЛЕКЕТ БАСШЫСЫ ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВТЫҢ

ҚҰҚЫҚ ҚОРҒАУ ОРГАНДАРЫНЫҢ КЕҢЕЙТІЛГЕН АЛҚА МӘЖІЛІСІНДЕ СӨЙЛЕГЕН СӨЗІ

Құрметті құқық қорғау жүйе­­сінің қызметкерлері мен арда­герлері!

Қадірлі алқа мәжілісіне қа­тысушылар!

Бүгін елімізде – Полиция күні және Мемлекеттік қызметші күні аталып өтуде. Сондықтан, алдымен, еліміздегі полиция қызметкерлері мен мемлекеттік қызметшілерді кәсіби мейрамдарымен құттықтаймын.

Мемлекетке қызмет ету – ең құр­метті әрі аса жауапты міндет. Сіздер заң мен тәртіпті сақтауға және аза­маттардың құқығын қорғауға зор үлес қосып жүрсіздер. Қазір дүние жүзі алмағайып, бұлыңғыр, яғни, өте күрделі кезеңді бастан өткеруде. Осын­дай құбылмалы уақытта қо­ғамдық қауіпсіздікті сақтау, заңның мүлтіксіз орындалуын қамтамасыз ету – айрықша маңызды міндет. Сол себепті, бүгін біз алғаш рет осындай құраммен жиналып отырмыз. Құқық қорғау жүйесіндегі барлық жауапты құрылымдар жұмыла жұмыс істеуі қажет.

Елімізде «Заң мен тәртіптің» қатаң сақталуына қоғам өкілдерінің қосар үлесі де орасан зор. Қазір осы жиынға орталық және жергілікті атқарушы орган басшылары, депу­таттар, сарапшылар және бел­сенді азаматтар қатысып отыр. Күштік құрылымдарды жаңғырту ісінде жаңа буынның атқаратын рөлі ерекше. Сол себепті, бүгінгі басқосуға ака­демиялардың курсанттары да арнайы шақырылды.

Трансұлттық қылмыстық топ­тармен күресу үшін халықаралық ынтымақтастықты дамыту өте маңызды. Осы жерде бүгін шетелдік полиция атташелері отыр. Құқық қорғау органдарымен жүргізіп жатқан халықаралық ынтымақтастық жұмысы үшін Сіздерге ерекше ризашылығымды білдіремін.

Соңғы жылдары елімізде барлық салада ауқымды реформалар жа­са­лып жатыр. Мемлекеттің саяси жүйесі мен экономикалық құры­лы­мы түбегейлі жаңғыруда. Ел ішін­де жоғары құқықтық мәдениет қа­­лып­тасып келеді. Азаматтық жауап­­кершілік идеологиясы берік ор­ныға бастады. Бұл – біздің стра­те­­гиялық бағдарымызға тән аса маңызды басымдық. Мемлекет құ­қық қорғау жүйесін жетілдіруге және барлық салада заң мен тәртіп орнатуға баса мән береді. Осы бағытта нақты нәтижеге қол жеткіздік.

2019 жылдан бері қылмыстық құ­қық­бұзушылық саны шамамен екі есе азайды. Соның ішінде қарақшылық, тонау, ұрлық пен бұзақылық деңгейі 4 есе төмендеді, ал кісі өлтіруге қатысты қылмыстар 30 пайызға кеміді. Қоғамдық орындардағы қылмыс саны 80 пайызға азайды. Бұл – азаматтарымыз көшеде ештеңеден қауіптенбей, алаңсыз жүре алады деген сөз.

Келесі маңызды міндеттің бірі – отбасылық зорлық-зомбылықпен күрес және әйелдер мен балаларды қорғау. Осы бағытта заңнамалық, инс­титуционалдық тұрғыдан батыл қа­дамдар жасалуда. Отбасылық зорлық-зомбылық жасағаны үшін бе­рілетін жаза едәуір күшейтілді. Бір жыл бұрын тиісті заң қабылданды. Заңға енгізілген түзетулер мен бас­қа да шаралар нақты нәтиже бере бастады. Орташа және ауыр деңгейдегі отбасылық-тұрмыстық қылмыс саны жыл басынан бері 30 пайызға төмендеді.

Жалпы, соңғы 5 жылда әйелдерге қатысты құқықбұзушылықтар екі есе азайды. Ең бастысы, қазір қо­ғам­дық сана түбегейлі өзгеріп жа­тыр. Азаматтарымыздың бойын­да отбасындағы қатыгездік пен оз­бырлыққа мүлдем төзбеушілік қа­сиеті қалыптасуда.

Зардап шеккендерге қол ұшын беретін, ал құқық бұзушыларды жаз­ғыратын қайырымды қоғам орны­ғып келеді. Елімізде «Қазақстан балалары» атты арнайы бағдарлама әзірленіп жатыр. Құжатта өскелең ұрпақтың мүддесін қорғауға арналған маңызды тетіктер ұсынылмақ.

Нашақорлық пен есірткі бизнесіне қарсы кешенді жұмыс атқарылуда. Биылдың өзінде 83 есірткі зертханасы жойылып, айналымнан алынған есірткі заттарының көлемі 84 пайызға ұлғайды. Есірткі өндіргені үшін берілетін жаза қатаңдатылды. Тіпті өмір бойы бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

Бірақ бұл саладағы жұмыс әлі де толығымен біткен жоқ, түйт­кілдер жеткілікті, шешілмеген мәсе­лелер еліміздің қауіпсіздігіне, тұ­рақтылығына сын-қатер төндіруде. Бүкіл қоғамды алаңдатып отырған ең қауіпті үрдіс: жастар нашақорлыққа үйір бола бастады. Бұл – үлкен қатер, оны жасырмауымыз керек.

Қазақстанда кірісті жылыстатуға және терроризмді қаржыландыруға қарсы күрестің халықаралық озық стандарттарға сай тиімді жүйесі қалыптасты. 2019 жылдан бері ЖІӨ-дегі көлеңкелі экономиканың үлесі 23 пайыздан 16 пайызға дейін төмендеді. Бірақ әлі жоғары деңгей сақталып отыр. Мемлекет жауапкершілігі мол әрі адал кәсіпкерлерді қорғап, қолдау білдіреді.

Менің арнайы тапсырмам бойынша Бас прокуратура жалпы сомасы 34 триллион теңге болатын шетелдіктердің қатысы бар жүздеген инфрақұрылымдық жобаға құқықтық тұрғыдан көмек көрсетіп келеді. Алайда отандық бизнесті негізсіз қылмыстық қудалау мәселесі толық шешімін тапқан жоқ. Бас прокуратура бұл жұмысты жалғастырғаны жөн.

Жемқорлыққа қарсы күресу үшін нақты, жүйелі шаралар қабылданып жатыр. Менің тапсырмаммен сот ар­қылы жемқорлардан алынған қара­жат мектептер салуға жұмсалуда. Үш жылдың ішінде 89 мектептің құрылысына 150 миллиард теңгеден астам қаражат берілді (соның ішінде 61 мектеп пайдалануға берілді).

Дегенмен қазіргі саяси және әлеуметтік-экономикалық жағдайда жемқорлыққа қарсы күресті тиімді жүргізу үшін жаңа тәсілдер қажет. Біз қонақжайлық индустриясының әлеуетін мақсатты түрде нығайтып, туризмді дамытамыз және шетелдік қонақтарымыздың қауіпсіздігін қам­тамасыз етуге баса мән береміз.

Бүгінде Қазақстанға келген әр­бір туриске әуежайдан қауіпсіздік жадынамасымен бірге мобильді байланыс пен базалық интернет па­кеті бар жаңа сим-карта беріледі. Қа­зақстанды жайлы әрі қауіпсіз мемлекет ету – бәрімізге ортақ міндет. Біз азаматтардың құқығы мен бостандығын қорғай білуіміз керек. Ел ішіндегі тыныштық пен тәртіптің сақталуын қамтамасыз ету аса маңызды. Бұл – халықтың әл-ауқаты мен еліміздің табысты дамуына тіке­лей ықпал ететін фактор. Сондықтан біз бүкіл құқық қорғау жүйесінің әлеуетін арттыруымыз қажет. Осы­лайша, Қазақстан аймақ­тағы қауіп­сіздікті қамтамасыз етуге зор үлес қосатын ел ретіндегі мәртебесін нығайта бермек.

Құқық қорғау органдары тү­бе­гейлі өзгерістерге дайын болуға тиіс. Түйткілдің бәрін жан-жақты ой­лас­тырып, жоспарлы түрде шешу қажет. Құзырлы органдардың негізгі мақ­саты – нақты нәтижеге қол жеткізу.

Құрметті жиынға қатысу­шылар!

Әділетті әрі қауіпсіз Қазақстанды құру үшін заң мен тәртіп үстемдігін түбегейлі орнықтыру керек. Бұл – барша азаматтың мүддесін, құқығы мен бостандығын қорғаудың мыз­ғымас тірегі. Қоғамның құқықтық мәдениетін арттырып, құқық қорғау жүйесін жетілдіру қажет. Бұл – ауқымы кең маңызды міндет. Енді осы жұмыстың негізгі басымдықтарына тоқталайын.

Біріншіден. Біз «Заң және тәртіп» қағидатын жаппай дәріп­теуіміз керек. Қазақ халқы қай заманда да заңға бас иген, дала заңын сақтаған халық. Бұл – біздің қанымызға сіңген қасиет. Түрік қағанаты, Алтын Орда мен Қазақ хандығы мықты мемлекеттік құ­рылымы, бірегей құқықтық жүйесі бар қуатты ел болғаны бәрімізге аян. Қасым ханның қасқа жолын, Есім ханның ескі жолын, Әз Тәукенің Жеті жарғысын Ұлы да­ланың конституциясы деуге бо­лады. Атадан балаға жалғасқан бұл заңдар мемлекеттілік дәстүрін нығайта отырып, қоғамдық дамуға ерекше ықпал еткен. Ұлы далада еркіндік пен әділдік, ар-намыс пен адамгершілік, тілеулестік пен жауапкершілік бәрінен биік тұрған.

Сондықтан «Заң және тәртіп» қағидаты ұлтымыздың рухы мен дүниетанымына толық сай келеді. Біз ата-бабамыздың бірегей құқықтық мұраларын мұқият зерделеп, жан-жақты насихаттауымыз керек. Бұл – халқымыздың құқықтық сана-сезімін арттыратын маңызды фактордың бірі.

Заң – қысым көрсетуге немесе қуда­лауға арналған құрал емес. Заң – әр адамның құқығы мен бостан­ды­ғының қорғаны. Біз осы ақиқатты терең түсінетін азаматтық және мә­дени орта қалыптастыруымыз қажет. Тәртіп – жалпыға ортақ құндылыққа, ал заңға бағыну – әркімнің өмір сал­тына айналуға тиіс. Мемлекеттік ап­парат пен бүкіл қоғам жұмылып жұмыс істесе, еліміз көздеген мақ­са­тына жетеді. Озық ойлы ұлт болу үшін әдептілік, өзара құрмет, ұс­там­дылық, сыпайылық сияқты қа­сиет­­терді барынша дәріптеген жөн. Аза­­маттарымыз әдеп пен заңды мәж­бүрлікпен емес, саналы түрде сақтауы керек.

Заң мен тәртіп басты құндылыққа айналса, тұрмыстық зорлық-зом­бы­лық, вандализм, есірткі саудасы, лудо­мания сияқты қатерлердің та­мырына балта шабылады. Біз былтыр Ұлттық құрылтайда осы әлеуметтік кеселдермен ымырасыз күрес мәсе­лесін талқыладық.

Өскелең ұрпақтың бойына жасампаздық қасиеттерді сіңіріп, оларды тәртіпке баулу қажет. Бұл – ата-аналар мен білім беру жүйесінің ортақ міндеті. Балалар қоғамдық құндылықтардың мән-мағынасын ұстазынан үйренеді. Олардың мінез-құлқы негізінен мектеп қабырғасында қалыптасады. Сондықтан Үкімет білім мекемелеріндегі тәрбие жұмы­сын қайта зерделеп қарауы керек. Жас ұрпақты заңды сыйлауға үйрету мәселесіне баса мән берген жөн. Балалар мектептен «Адал азамат» болып шығуы қажет.

«Заң және тәртіп» қағидаты жауапкершілікті сезіну мәдениетімен тығыз байланысты. Елімізде «Таза Қазақстан» жалпыұлттық науқаны жүріп жатқанын білесіздер. Бұл маңыз­ды бастама халықтың кең қолдауына ие болды. «Таза Қазақстан» – озық ойлы қоғам құруға арналған идеологиялық тұғырнаманың ажыра­мас бөлігі. Бұл – тек қоршаған ортаның тазалығын емес, ой мен сана тазалығын сақтау деген сөз. Себебі қоғамдық әдеп пен заңға деген құрмет айналадағы тазалықтан басталады.

Жалпы, халықтың құқықтық мәде­ниетін көтеруге жан-жақты қараған жөн. Бүгін мен «Заң және тәртіп» апталығын жариялауды ұйғардым. Осы апта қоғамда заң мен тәртіпті насихаттау аптасы болмақ. Алдағы жеті күн құқықтық мәдениетті ны­ғай­туға, сондай-ақ құқық қорғау орган­дарының абырой-беделін арттыруға арналуы керек. Алайда, бұл бір реттік акция емес. «Заң және тәртіп» апталығына азаматтардың құқықтық сана-сезімін көтеретін маңызды, жүйелі шара ретінде қараған жөн.

Екінші. Құқық бұзушылықтың алдын алу жұмыстарын күшейту қажет. Қылмыс оған қолайлы жағ­дай жасаған жерде өршиді. Қыл­мыстың және заңға қайшы әре­кеттердің салдарымен ғана кү­ресуге болмайды. Қылмысқа түрткі болатын себептерді алдын ала анықтап, жойып отыру қажет.

Менің тапсырмаммен «Құқық­бұзушылықтың алдын алу туралы» Заң жобасы әзірленіп, Мәжілістің қа­рауына берілді. Жаңа заң аталған саладағы мемлекеттік сая­­сат­­ты бір­іздендіріп, профи­лак­­­ти­ка­лық ша­ралармен қамты­ла­тын тұл­ға­лардың санатын кең­ей­теді. Мұн­дай заң сөзсіз ке­рек. Сон­дықтан мейлінше тез қа­был­дау қа­жет. Пар­ламент депу­таттарынан заң жобасын жылдың соңына дейін қарап, қабылдауды сұраймын.

Заңнамалық өзгерістермен қатар, ұйымдық құрылымды да жаңғырту қажет. Ішкі істер министрлігі жүйесінде профилактикалық жұмыс­тарды үйлестіретін дербес бөлімше құратын уақыт келді.

Құқық қорғау органдарының тиімділігін бағалау жүйесіне де өзгеріс қажет. Онда құқық­бұзу­шылықты ескерту бағытындағы жұмыс нәтижесі есепке алынуға тиіс. Қылмысқа көбінесе тұрмысы нашар отбасыдан шыққан адамдар барады.  Алдын алу шараларын жүзеге асырғанда дәл осы санатқа айрықша назар аударған жөн. Бұл ретте әлеуметтік қорғау органдары мен жергілікті билік маңызды рөл атқарады.

Көптеген құқықбұзушылық ұқсас жағдайда, бірдей факторлардың әсерінен орын алады. Тиісті деңгейде талдау жасалса, оны дер кезінде ауыздықтауға болады. Басқаша айтқанда, қылмыс қаупін болжау және оған қарсы іс-қимыл жүйесін қайта қарау керек. Ол үшін Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитетінің әлеуетін толық пайдаланған жөн. Аталған ведомство жай ғана есеп сақтайтын орын емес, қоғамдық қауіпсіздік саласындағы қауіп-қатерді анықтайтын және ес­кертумен айналысатын орталық болуға тиіс.

Жасанды интеллект пен «үлкен дерекқор» мүмкіндіктерін жұ­мылдыру қажет. Көп ұзамай іске қосылатын суперкомпьютерімізді осы мақсатта пайдалануға болады.

Жалпы, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласына цифрлық технологиялар мен басқа да озық шешімдерді енгізуді жалғастыру керек. Мұнда салалық министрлік негізгі рөл атқарады. Жұмыс үде­рісін барынша цифрландыруды тапсы­рамын. Бұл тиімділікті арттырып, жемқорлық тәуекелдерін азайтады.

Жасанды интеллект техно­логиялары құқық қолдану тәжірибесін стандарттауға көмектеседі. Бұл, өз кезегінде, бірдей қылмыстық әрекет мүлде әртүрлі бағаланатын және азаматтарды қылмыстық про­цеске негізсіз тартатын жағдайды болдырмауға мүмкіндік береді.

Жыл басынан бері Президент Әкімшілігіне дәл осындай, яғни сотқа дейінгі іс жүргізу мәселесі бойынша үш мың шағым келіп түсті. Сондықтан цифрлық технологияның мүмкіндігін тиімді пайдалану қажет.

Мысалы, қазір елімізде іске қосылған «Заң мен тәртіп» плат­формасын Электронды үкімет пен танымал банк қосымшалары ар­қылы қолдануға болады. Осы цифр­лық платформаның арқасында аза­маттарымыз полицияға тікелей және жедел түрде хабарлама жолдай алады. Осылайша, кез келген құқық­бұзушылыққа «мүлдем төзбеушілік» қағидатын іс жүзінде жүзеге асыруға ықпал етеді.

Мен Ақтөбе облысына сапарым кезінде Жедел басқару орталығында болдым. Орталықта жасанды ин­теллектінің көмегімен қаладағы ахуалға тәулік бойы бейнебақылау жүргізіледі. Полиция қызметінің тиім­ділігін арттыратын осындай орталықтарды еліміздің барлық қаласы мен ауданында ашу қажет. Әкімдер бұл жұмысқа белсенді түрде кірісуге тиіс.

Бұдан бөлек, «Қауіпсіз қала» ұлттық платформасын іске қосу керек. Бұл – қаладағы бейнебақылау құ­ралдары енді адамның бет-жүзін анықтап, оның жүріс-тұрысына тал­дау жасап, көшедегі көлікті де есеп­ке алады деген сөз. Мұндай озық тех­нологиялар түрлі заңсыздықтың алдын алуға мүмкіндік береді, сол арқылы қоғамдық тәртіпті нығайта түседі.

Интернет және телефон алаяқ­тығының алдын алу мәселесіне арнайы тоқталғым келеді. Қылмыстың бұл түрі бүкіл әлемде белең алды. Көбіне мұндай іске тыңғылықты ұйымдасқан қылмыстық топтар барады. Олар шетелден әрекет ететіндіктен, тергеу амалдарын қиындатады. Сондықтан бұл ретте алдын алу шараларының мәні зор.

Өткен жылы Ұлттық банк жанынан заманауи антифрод-орталық ашылды. Олар күмән тудырған операцияларды анықтап, бұғаттап отырады.

Сонымен қатар өздеріне тиесілі инфрақұрылымды пайдалана отырып жасалған алаяқтық үшін банктер мен ұялы байланыс операторларына да жауапкершілік белгілеп жатырмыз.

Азаматтарымыздың жеке мәліметтерінің сенімді жерде сақ­талуын қамтамасыз ету өте маңыз­ды. Халықтың қаржылық сауатын арттырып, қоғамда алаяқтардың әре­кеттеріне иммунитет қалып­тас­­тыру үшін барлық деңгейдегі де­путаттармен бірлескен жұмысты күшейткен жөн.

Алаяқтар ақшаны жылыстататын немесе сыртқа шығаратын құйтырқы айлаларына адамдарды алдап түсіреді. Бұл да үлкен проблемаға айналды. Азаматтарымыз пайдаға кенелеміз деп оларға банк есеп­шоттарын беріп қояды. Бірақ бұл әрекеттерінің салдары қандай ауыр болатынын ойлай бермейді. Соңғы бір жарым жылда 50 мыңнан астам адам осындай жағдайға душар болды. Өкінішке қарай, олардың басым бөлігі – жастар. Бұл мәселеге қатысты шұғыл шара қабылдау керек. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі банктермен бірге осындай шоттарды алдын ала анықтап, бұғаттайтын тиімді жүйені жолға қойғаны жөн.

Аталған мәселенің бір ұшы бақылаусыз сим-карта айналымына келіп тіреледі. Тек биылдың өзінде сим-карталарды басқа біреудің атына рәсімдеген 100 мыңға жуық факті анықталды. Нөмірлерді түрлі қылмыстық мақсатқа пайдаланады. Үкіметке уәкілетті органдармен бірлесе сим-карталарды сату тәртібін реттеуді және оларды таратқаны үшін мобильді операторлардың жауап­кершілігін күшейтуді тапсырамын.

Үшінші. Қылмыстық-атқару жүй­е­сін ізгілендіру, жетілдіру үшін нақты шаралар қабылдау қажет. Осыдан үш жыл бұрын елімізде жалпыұлттық референдум өтті. Азаматтарымыздың көпшілігі Ата заңға түзету енгізуді қолдап дауыс берді. Реформаның нәтижесінде еліміздің саяси құрылымы тү­бегейлі жаңғырды. Адам құ­қық­тарын қорғау жүйесінде ау­қымды өзгерістер жасалды. Консти­туциялық Сот құрылды. Адам құ­қықтары жөніндегі уәкілге конс­титуциялық мәртебе берілді. Оның құзыреті кеңейді. Өлім жазасы біржола алынып тасталды. Мұның бәрі – Конституциямызға тән ізгілік рухының көрінісі. Себебі Ата заңымызға сәйкес адам және оның өмірі, құқықтары мен бос­тан­дықтары, бұл – ең қымбат қазына.

Биыл Конституцияның қабылдан­ғанына 30 жыл толады. Осыған орай, құқық қорғау құрылымдары, депутаттар мен құқық қорғаушылар сотталған азаматтарға рақымшылық жасау туралы бастама көтерді. Парламент тиісті заңды қарады, мен бұл заңға қол қойдым. Осы ізгі шараның арқасында жазасын өтеп жатқан 15 мыңнан астам адамға амнистия жарияланды. Соның екі мыңнан астамы бостандыққа шығады. Қалғандарының жаза мерзімі қыс­қарады. Онша ауыр емес және ауырлығы орташа қылмыс жасағандар ғана рақымшылыққа ілінеді. Ең алдымен, әлеуметтік жағынан осал топқа жататын адамдарға, яғни, баласы бар әйелдерге, егде адамдарға, кәмелет жасына толмағандарға және осы санаттағы басқа да азаматтарға кешірім беріледі.  Мұны жаза басқан жандарға жасалған нақты көмек, олардың қоғамға қайта оралуына жағдай жасау деп түсіну қажет. Әл Фарабидің сөзімен айтсақ, бұл – шын мәнінде қайырымды елге тән сипат.

Мемлекет шалыс қадам басқан азаматтан теріс айналмайды, тек оның тура, дұрыс жолға түсуіне жәрдем береді. Өйткені, әділетті елдің соты – әділ, ниеті түзу болуға тиіс. Бірақ рақымшылық жасау дегеніміз, бұл – барлық мәселенің шешімі емес, бір реттік қана шара екенін түсінген жөн.

Сондықтан осы бағытта нақты нәтиже болу үшін қылмыстық атқару жүйесін барынша жетілдіру қажет. Негізгі мақсат – сотталған адамды қоғамнан алшақтату емес. Тиісті тәрбие жұмысын жүргізу өте маңызды. Олардың бойына заң мен тәртіп құндылығын сіңіретін және қалыпты өмірге оралуына ықпал ететін озық тәсілдерді енгізу керек.

Мәселен, кейбір елде жазасын өтеушілер «қамау мерзімін қыс­қартуға» мүмкіндік беретін шара­ларды қолдана алады. Абақтыда ескерту алмаған, жаңа білім игерген, спорттық-мәдени шараларға қатысқан адамдарға осындай жеңілдік беріледі. Үкімет Бас прокуратурамен бірлесіп, осы мәселені мұқият пысықтауы қажет. Шетелдің озық тәжірибесін зерттеген жөн. Бұл жұмысқа отандық сарапшыларды да тарту қажет.

Жазасын өтеп жүргендерді қа­лыпты өмірге дайындаудың тағы бір тиімді жолы – еңбекпен, яғни жұмыспен қамту. Бұл бағытта біраз түйткілдер бар, нақты шаралар қолдану керек. Осы орайда біз­дің кәсіпкерлеріміз жазасын өтеу ме­кемелерінің жанынан түр­лі кәсіпорын ашу мүмкіндігін қарастыруы керек деп ойлаймын. Мұндай серіктестік шетелде кең тараған. Бұл шараның екі жаққа да тигізер пайдасы мол. Жазасын өтеп жүргендердің тапқан табысы бостандыққа шыққан соң олардың қалыпты өмірге оралуына көмектеседі. Ал өндірісте меңгерген дағдысы жақсы жұмыс табуына жол ашады.

Жалпы, бизнес өкілдері қыл­мыс­тық-атқару жүйесімен жан-жақты ықпалдастық орнату жолдарын мұқият саралағаны жөн. Мысалы, елі­міздегі компанияның бірі өз қаржысын жұмсап, Алматыда кәме­лет жасына толмаған құқық бұзу­­шыларға арналған заманауи тәр­биелеу мекемесін салып жатыр. Үкімет мұндай тәсілді белсенді түрде қолдануы керек, басқа компанияларды осындай серіктестікке тарту қажет.

Біз қазір қылмыстық жаза сая­сатын мейлінше ізгілендіруге, жетіл­діруге баса мән береміз, яғни бас бостандығынан айырудан бөлек жаза түрлеріне басымдық бері­леді. Бұл пробация қызметіне ана­ғұрлым көп салмақ түседі деген сөз. Сондықтан аймақ әкімдері осы салада жұмыс істейтін адамдардың әлеуметтік жағдайын біртіндеп жақ­сарту жолдарын қарастыруы керек. Сондай-ақ пробациялық қыз­меттің материалдық-техникалық база­сын нығайтуды қолға алу қажет. Проб­ациялық бақылауды тиімді жүр­гі­зуге септігін тигізетін цифрлық ше­шімдерді белсенді түрде енгізген жөн.

Жалпы, біз кез келген мәселенің салдарымен емес, себебімен күре­суіміз керек. Қылмыстық-атқару жүйесінің басты мақсаты тек жазалау деген түсініктен арылу қажет. Қателік жасап, қамауға түскен адамды жаншып, басып тастауға тырысу – дұрыс емес, біз ондай адамның тура жолға түсіп, түзеліп кетуіне қол ұшын беруіміз керек. Бәріміз бір ел болып өркениетті, озық және әділетті қоғам құрып жатырмыз. Заң да, сот та – әділ болуға міндетті. Бұл – мызғымас қағида.

Төртінші. Құқық қорғау орган­дарының жұмысына сервистік мо­дель қағидаттарын кеңінен енгізіп, кадрлық әлеуетін күшейту қажет.

Полиция мен басқа да құры­лымдар билік және қоғам арасын байланыстыратын алтын көпір болуға тиіс. Ол үшін «Мемлекет пен азамат – біртұтас» деген іргелі қағидатымызға толық сай келетін халықпен қарым-қатынастың жаңа мәдениетін қалып­тастыру керек. Бұл бағытта ілгерілеу бар. Бірақ қабылданған шаралар әлі тиімділігін көрсетпеді, өйткені біріз­ділік жоқ. Халықпен тікелей жұмыс істеуге кедергі келтіретін басы артық бюрократиядан арылу керек.

Реформалардың шынайылығына, әділдікке және мемлекеттік басқару жүйесінің тиімділігіне азаматтардың сенімі көбіне құқық қорғау орган­да­рының кәсіби деңгейіне байланысты.

Учаскелік инспекторлардың әле­уе­тін одан әрі нығайту қажет. Себебі олар іс жүзінде мемлекет мен қоғам арасындағы басты дәнекер саналады. Әсіресе, бұл ауылдық жерде анық бай­қалады. Өйткені жергілікті тұрғындар үшін учаскелік инспектор – қорғаушы, құқықтық кеңесші, тіпті, әділдік сұрап жүгінетін соңғы инстанция. Менің ойымша, ауылдағы учаскелік инс­пекторларға шен берген кезде жеңілдік жасап, яғни бір жылдық еңбек өтілін 1,5 жыл деп есептеу қажет. Ауылдағы учаскелік инспекторларды баспанамен қамтып, материалдық-техникалық база­сын нығайту керек. Өңір әкімдері осы мәселеге мұқият назар аударғаны дұрыс.

Учаскелік полицияны жаңғыртумен қатар патрульдік бекеттер қызметінің жұмысын қайта қарау қажет. Патруль қызметкерлері азаматтармен жұмыс барысында әдеп сақтап, кәсібилік танытқаны жөн. Өз кезегінде азаматтар да полицияның заңды талабына ба­ғынуға міндетті. Әйтпесе көшеде тәртіп болмайды.

Жалпы азаматтардың қауіпсіздігі мен заң талаптарын мүлтіксіз сақтау үшін құқық қорғау жүйесін одан әрі реформалау керек. Бірақ реформалар реформа үшін ғана жасалмайды. Басты мақсат – қоғамның құқық қорғау жүйесіне сенімін арттыру. Кейбір қызметкерлердің әділетсіз немесе немқұрайды әрекеті күштік құрылым өкілдерінің атына кір келтіреді.

Азаматтар мен бизнестен заңды талап еткенде, өздеріңіз лайықты үлгі көрсетулеріңіз қажет. Сонда ғана полиция қызметкерлері мен азаматтар арасында сенімді әріптестік орнайды. Құқық қорғау органдарының қызметін жетілдіру қаншалықты табысты болатыны сіздерге байланысты.

Бұл ретте мемлекет қоғам қауіпсіздігі мен елдегі заң үстемдігін қамтамасыз ететін жандарды жан-жақты қолдауға әрқашан айрықша мән береді. Менің тапсырмаммен биылдан бастап күштік құрылымдар еңбекақы төлеудің жаңа жүйесіне көшті. Бұл тәсіл, ең алдымен, аудан деңгейіндегі қызметкерлердің жалақысын көтеруге мүмкіндік берді. Мәселен, үш жылдық тәжірибесі бар полиция жедел уәкілінің еңбекақысы 60 пайызға өсті. Біз тәртіп сақшыларын құқықтық және әлеуметтік тұрғыдан қорғау үшін кешенді шаралар қабылдаймыз.

Ведомстволық жоғары оқу орын­дары курсанттарына жағдай жасап, ын­таландыру маңызды. Олар – біздің күштік құрылымдардың болашағы. Оқуда үздік нәтиже көрсеткен және үл­гілі тәртібімен ерекшеленген ака­демия түлектеріне бірден «аға лей­те­нант» шенін беру қажет деп са­наймын. Сондай-ақ оларға бос жұмыс орын­дарынан өзі қалаған қызмет түрін таң­дауына мүмкіндік берілуі керек. Үкімет заңға енгізілетін өзгерістерді әзірлесін.

Құқық қорғау органдарында үздіксіз әрі мінсіз қызмет атқарғандарға «құрметті қызметкер» атағы беріледі. Алайда кейбір құрылымдарда бұл жоғары атақ басшыларға ғана бұйы­рады. Қатардағы қарапайым қызмет­керлер арасында ұзақ жылдар бойы кәсіби борышын адал атқарып жүрген лайықты кандидаттар жеткілікті. Қыз­меткерлердің кәсіби деңгейін арттырып, моральдық рухын күшейту маңызды.

Мемлекет барлық салада заң мен тәртіп орнатуға баса мән береді

Былтыр Президент Әкімшілігінің бастамасымен құқық қорғау орган­дарының кадрлық құрамын цифр­лық бағалау жүйесі енгізілді. Бұл объективті дербес рейтинг қалып­тастыруға мүм­кіндік берді. Құқық қорғау орган­дарының басшыларына қыз­меткердің лауазымын жоғары­лат­қанда және көтер­мелегенде негізі­нен цифрлық бағалауға сүйенуді тапсырамын.

Тағайындаулар біреуге бүйрегі бұратын субъективті шешімге емес, лайықты еңбекке, нақты көрсеткіштер мен кәсіби жетістіктерге негізделуге тиіс. Әйтсе де, Ли Куан Ю айтқандай, ішкі түйсікке де иек артқан жөн. Әрбір офицер адал қызметінің лайықты баға­ланатынына сенімді болуы керек.

Жалпы, бүгінгі айқындалған ба­ғыт­­тар құқықтық тәртіп пен заңдылықты сақтаудың жаңа моделін қалып­тас­тыруды көздейді. Институттық рефор­малар мен технологиялық жаңашыл­дықтарды ұштастыра отырып, құқық қорғау органдарын одан әрі жаңғырта беруіміз керек. Мен бір апта ішінде құқық қорғау органдарындағы олқы­лық­тардың барлығы көрсетілетін материал дайындау жөнінде тапсырма бердім. Мұнда қызметке де байланысты кемшіліктер бар. Сондықтан біз бүгін ол туралы егжей-тегжейлі айтпаймыз. Дегенмен мәселенің шет жағасы қозғалды. Бір апта ішінде құжат барлық құқық қорғау органына жіберіледі. Одан кейін біз жабық форматта жиын өткізіп, жұмыс барысын талқылаймыз.

Сіздер қылмысқа қарсы күрес пен қоғамдық тәртіпті сақтау ісін өмірлік миссия ретінде таңдап, адал қызмет етіп келесіздер. Бұл – қиындығы көп болғанымен, елге қажетті әрі абыройлы жұмыс. Осы күрделі жолды нағыз отаншыл адамдар таңдайды. Сіздер әр азаматтың жайлы өмір сүруіне, бизнестің тұрақты дамуына, балалардың бақытты әрі алаңсыз өсуіне орасан зор үлес қосып жүрсіздер.

Еліміздегі ірі қалалармен қатар, шалғай елді мекендердегі қоғамдық қауіпсіздік – құқық қорғау органдары қызметкерлерінің тынымсыз еңбегінің арқасы. Осындай тұрақтылық пен тыныштықтың артында Заң мен тәртіп үшін жасалған ерен ерлік бар.

Халқымыз құқық қорғау органдары қызметкерлерінің ерлігін бағалайды, мақтан тұтады, әрқашанда қолдайды. Жақында күштік құрылымдарымыз Ал­маты облысында ірі есірткі зерт­ханасын жойды. Маңғыстау облысында транс­ұлттық деңгейдегі ұйымдасқан қыл­мыстық топ құрықталды. Соның нәти­жесінде есірткі бизнесіне мық­ты тос­қауыл қойылды. Арнайы опе­ра­­ция­ларға қатысқан мамандар жо­ғары мемлекеттік наградалармен мара­пат­талды.

Мемлекет барлық салада заң мен тәртіп орнатуға баса мән береді

Сіздердің күнделікті жұмыстарыңыз қауіп-қатерге толы. Өкінішке қарай, Тәуелсіздік жылдарында 842 азамат қыз­меттік міндетін орындау кезінде қаза­ға ұшырады, 4,5 мың адам жарақат алды.

Бүгін біз қаза болған ерлеріміздің жақындарына марапат тапсырамыз. Ержүрек сақшылардың ерлігі халыққа жанқиярлықпен қызмет етудің үлгісі ретінде жұртымыздың жадында сақ­талуға тиіс.

Осы орайда, мен мекемелік наградаларға қызмет бабында қаза болған қаһармандардың есімін беру мәселесін қарастыруды ұсынамын. Сондай-ақ көшелер мен құқық қорғау мекемелерін батырлардың атымен атауға болады.

Мұндай тәжірибе елімізде бұрыннан бар. Лаңкесті ұстау кезінде ерлікпен қаза тапқан Халық қаһарманы Ғазиз Байтасовтың есімі Тараздағы орталық көшелердің біріне берілді. Сондай-ақ қаладағы оқу-жаттығу полигоны да батырдың атымен аталған. Таяуда оның өмірі мен ерлігі туралы «Капитан Байтасов» атты көркем фильм көрермен назарына ұсынылмақ.

Өрт сөндіру кезінде опат болған Асқар Забикулин де елдің есінде. Астанадағы Өрт сөндіру бөліміне және сол бөлім орналасқан көшеге оның есімі берілді. Бұл азаматтарды нағыз бейбіт күннің батырлары деуге болады. Олар ақтық демі қалғанша антқа адал болды, қызметтік парызын өтеу жолында өз өмірлерін құрбан етті.

Елге және заңға қызмет етуге бел буған әрбір азамат адамгершілік пен әділдік құндылықтарын басшылыққа алады. Қылмысқа қарсы күресті қастерлі парыз деп санайды. Мұндай қасиеттер адамға, ең алдымен, отбасындағы тәрбие арқылы беріледі. Құқық қорғау саласында ата-анасының жолын қуып, отбасы дәстүрін жалғастырып жүрген қызметкерлер аз емес. Қазір біз үш атадан бері тәртіп сақшысы болған Зайнулиндер әулетінің өкілдерін мара­паттаймыз. Мен бүгін барша құқық қорғау жүйесінің ардагерлеріне зор алғыс айтамын. Сіздердің мінсіз қыз­меттеріңіз – өскелең ұрпаққа үлгі-өнеге.

Жалпы, заң мен тәртіп ұғымы кө­ше­дегі тазалық пен қауіпсіздік сияқты қарапайым нәрседен басталады. Жер­гілікті билік, бизнес және қоғам бел­сенділері ортақ мүдде жолында күш бірік­тіріп жұмыс істесе, қоғамдағы заң мен тәртіп те нығая түседі. Қазір Ақмола облысында «Зиялы қауым» жо­басы жүзеге асырылып жатыр. Ауыл әкімдері, ақсақалдар және шаруа қожалықтарының басшылары бірлесіп, учаскелік инспекторларға қолғабыс етуде. Жергілікті азаматтардың осындай үлгілі ісіне қолдау көрсету керек. Бұл – азаматтық жауапкершіліктің айқын көрінісі.

Сондай-ақ бүгін мен бес жылда бірде-бір қылмыс тіркелмеген бірқатар ауылдың ақсақалдарын марапаттаймын. Құқық қорғау органдарының көп жұмысы сырт көзге көріне бермейді. Жедел қызметкерлер, тергеушілер, про­курор­лар, криминалистер, патруль қызмет­керлері, учаскелік инспекторлар мен басқа да құрылым қызметкерлері күн сайын ел тыныштығын қас қақ­пай күзетуде. Ешқандай қауіп-қа­терге қарамастан, Отан үшін жасап жатқан адал қызметтеріңізге зор риза­шылығымды білдіремін. Мен Сіздерге сенемін! Әрқайсысыңыз мықты маман, отаншыл әрі адал азамат деген атқа лайықсыздар.

Әрине, құқық қорғау мекемелерінің жұмысында ешқандай қателік не­ме­се жетіспеушілік жоқ деп айтуға бол­майды. Бірақ қара бұлтты төндірудің де қажеті жоқ. Бәріміз бір ел, бір халық болып Қазақстанымыз үшін қызмет етіп, табанды жұмыс істеуіміз керек. Бұл – баршамызға ортақ ұлттық парыз, аза­маттық борыш. Қазақстан қауіпсіз, заң мен тәртіпке бағынатын ел болуы керек.

Сондықтан менің тапсырмам бойынша Президент Әкімшілігі мен Қауіпсіздік Кеңесі бір аптаның ішінде Құқық қорғау органдарының жұмысы туралы арнайы талдау дайындауы керек. Барлық түйткілдерді ашық түрде көрсетеді, мәселелерді шешу жолдарын ұсынады. Бұл – өте маңызды жұмыс, оны жалғастыру қажет. Түптеп келгенде, біздің басты бағдарымыз – айқын. Бұл – заң мен тәртіп қағидаты.

Қызметтеріңізге табыс тілеймін!