Облыс әкімі аймақтағы су мәселесін көтерді

537

0

Бүгін Нұр-Сұлтан қаласында «Қазақстанның су саласын дамыту перспективалары» тақырыбында Парламенттік тыңдау өтті.
Отырысқа ҚР Парламенті Мәжілісінің Төрағасы Ерлан Қошанов, бірқатар министрлер және Қызылорда мен Атырау облысының әкімдері, тиісті ұйым өкілдері қатысты.
Жиында аймақ басшысы Нұрлыбек Нәлібаев Сыр өңірінің экономикалық және экологиялық жағдайын баяндап, өнім өндірудің өзекті мәселелеріне кеңінен тоқталды.

Сырдарияның 93% суы республикадан тыс жерлерден келетінін ескерсек, ең ауыр ахуал Арал-Сырдария бассейнінде қалыптасатын болады.
Біріншіден, Қызылорда облысы трансшекаралық өзеннің ең төменгі ағысында орналасқандықтан жоғары ағыста орналасқан мемлекеттермен өңірлердің ұстанымына еріксіз тәуелдіміз.
Екіншіден, басқа облыстар сияқты бізде табиғи өсірілім егістік жерлер жоқ.
Сондықтан, біздің аймақ су шығыны көп, инженерлік жүйеге келтірілген суармалы күріш егісіне бейімделген, мелиоративтік жүйелер мен құрылыстарды ұстап тұруға мәжбүрміз және олардың техникалық жағдайына тікелей тәуелдіміз.
Өңірдің тағы бір ерекшелігі, еліміздегі күріштің 90 пайызын біздің аймақ өндіретін болғандықтан, республика бойынша суармалы судың 30 пайыздан астамын тұтынамыз.
Алайда, күріш өсіру экологиялық маңызға ие және күріштік алқаптарды суға бастыру арқылы топырақтың тұздануын төмендетуге мүмкіндік береді. Сол себепті, күріш егілмей қатты тұздалған топырақта басқа дақылдардың өсуі қиын.
Осыған байланысты, күріш егісінің көлемін күрт азайтуға болмайтындығын және оған су үнемдейтін тамшылатып немесе жаңбырлатып суаратынтехнологияларды қолдану мүмкін еместігін де ескеру керек. Дегенмен, облыста ауыспалы егіс тәртібін қатаң сақтай отырып, күріш дақылының көлемін кезең-кезеңімен 75-80 мың гектарға тұрақтандыру бойынша жұмыстарды атқарудамыз,-деді Н.Нәлібаев.
Сөз соңында облыс әкімі депутаттардан Арал теңізінің жағдайын сауықтыруға ерекше назар аударуды және Сыр өңірінде суды бөлу мен есепке алуды автоматтандыруды, сонымен қатар суару жүйелерін қайта жаңғырту жөніндегі жобалардың жүзеге асырылуына ықпал етуді сұрады.

Қазіргі уақытта Арал теңізінің жағдайы алаңдатуда. Аралға судың түсуі қалдық принципі бойынша жүзеге асырылады. Соңғы 12 жылда Арал теңізінің суы 7 млрд.м3-қа азайып кеткен. Ал, теңіз өз жағасынан 15-20 метргедейінтартылды. Өткен жылы Арал теңізіне келісілген су көлемінің тек 15,6%-ы түсті, – деді Н.Нәлібаев.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<