Су және орман қауіпсіздігі қатаң бақылауда

322

0

Аймақта суға кету, оқыс оқиғалардың алдын алу және орман өрттерін болдырмау мақсатында үздіксіз рейд жұмыстары жүргізілуде. Бұған қоса, облыс тұрғындарына суға түсу ережесін қатаң сақтауға байланысты түсіндірме жұмыстары басталды. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында өткен баспасөз конференциясында Облыстық ТЖД «Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметі» ММ Жедел құтқару жасағы басшысының міндетін атқарушы Мейрамбек Доспанбетов мәлімдеді.

– Бүгінде төтенше жағдайлар департаменті қызметкерлерімен өңірдегі су айдындары мен демалыс орындарында жиі рейд өткізіп, азаматтарға түсіндірме жұмыстарын жүргізудеміз. Алайда суға түсу ережесін білмегендіктен су айдындарында қайғылы оқиғалар орын алуда. Осыған сәйкес, жедел құтқару жасағының техникалары мен құрал-жабдықтары күн сайын дайындықтан өткізілуде. Барлық тұрғындардан суға түсу маусымында қауіпсіздікті қатаң сақтап, кішкентай балаларды қараусыз қалдырмауларыңызды сұраймыз, – деді Мейрамбек Мұхамедқалиұлы.

Облыста орман және дала өрттерінің алдын алу және жою жұмыстарын ұйымдастыру бойынша 2023 жылға арналған іс-шаралар жоспары бекітілді. Осыған сәйкес, арнайы мобильді топтар құрылып, рейдтік іс-шаралар ұйымдастырылады деп күтілуде.

– Бүгінде өңірде өрт қауіптілігі жоғары учаскелерде кезекшілік ұйымдастырылып, билбордтар мен ескертпе тақтайшалар орнатылды. Мұнан өзге, атқарушы органдармен мобильді топтар құрылып рейдтік шаралар жүргізілуде. Теміржол және автожолмен шектесетін орманды жерлерге өртке қарсы минералды жолақтар қойылды, – деді Облыстық ТЖД Мемлекеттік өрт бақылау басқармасының бас маманы Тимур Еркебаев.

– Қазіргі таңда Қазалы ауданында орманды өрттен қорғау мақсатында 1030 шақырым жердің көне минералды жолақтары жаңартылды. Одан бөлек, 65 шақырым жерге жаңа минералды жолақтар жүргізді. Ал Қарақұм орманшылығына 2 бақылау мұнарасы орнатылды. Сонымен қатар, орман және дала алқабында өртке қарсы қызметі орман шаруашылығы жұмысшыларымен бірлесіп оқу-жаттығулар жүргізілуде, – деді Қазалы ауданының Төтенше жағдайлар бөлімінің бастығы, азаматтық қорғау подполковнигі Алтынбек Қалиев.

Өңірлік коммуникациялар қызметі

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<