Беделді белес

1039

0

«Жерде бір бала қуанса, көкте мың періште шаттанады» дейді қазақ халқы. Бар жақсыны балаға арнаған, бар тәттіні баланың аузына тосқан елміз.
Шиелі ауданында ерекше қажеттілігі бар балаларға қыз­мет көрсетіп отырған №3 об­лыстық балалар оңалту ор­талығы бар. Облыстық білім басқармасына қарасты орталыққа биыл 10 жыл уақыт болыпты. Мекеме директоры Г.Бердиеваның іс­кер­лігінің арқасында көптеген түйінді мәселелер шешімін тауып, орталық жұмысы жақсы жолға қойылған. Осы уақыт ішінде қаншама ата-ананың кө­ңіліне қуаныш пен үміт сыйлап, қаншама ерекше баланың өмі­рінің өзгеруіне себепші болдық.


Біздегі педагогикалық ұжым жұмысының негізгі бағыты – ба­ланың өзін-өзі жүзеге асы­руына, оның белсенді азаматтық ұстанымының қалыптасуына ық­пал ететін жеке қасиеттерінің дамуына көмектесу. Орталық бала туғаннан бастап жеті жас аралығындағы мектеп жа­сына дейінгі мүмкіндігі шек­теулі ба­лаларға әлеуметтік, пси­хо­логиялық-педагогикалық, ме­ди­циналық оңалту қызметін көр­сетеді.


Ашылған күннен бүгінгі күн­ге дейін орталық облыс бо­йынша 1056 балаға көмек көр­сетті. Оның ішінде Шиеліден 929, Жаңақорғаннан 121, Қы­зылорда қаласынан 2, Жалағаш ауданынан 1 және Алматы облысынан 3 балаға (жергілікті жерге тіркеуге тұрып) оңалту қызметін ұсыныпты.


Орталықта 57 қызметкер болса, оның ішінде 10 тәрбиеші, 6 арнаулы педагог маман бар. Төрт медбике және бала дә­рігері, реабилитолог дәрігер, емдік уқалау маманы, емдік дене шынықтыру нұсқаушысы, әлеуметтік педагог, педагог-психолог жұмыс істейді.
Біздің ұжым он жыл тәулік бойы үздіксіз жұмыс жүргізді деп айтсақ, қателеспейміз. Се­бе­бі, бұл жерде дәрігерлік-пе­да­гогикалық оңалтуға зәру бүлдіршіндер тәрбиеленуде. Оларға барлық жағдай жасал­ған. Соның нәтижесінде 10 жыл ішінде 86 бала мек­теп­ке жалпы білім алуға жібе­рілді. Ал мектепке дейінгі білім ұйымдары, соның ішінде балабақшаға түзету жұмыста­рының оң нәтиже көрсетуіне байланысты 171 бала қосылды.


Медициналық емдік, оңал­ту шаралары нәтижесінде бала­лардың церебральды сал­да­нуы, коксартроз, жамбас ұр­шық буынында өзгерісі бар диаг­нозымен келген балалар өздігінен жүріп-тұруға үйреніп жатыр. Психологиялық-педа­го­гикалық көмек көрсету ба­ры­сында психологтың әр ба­ла­ның жас ерекшелігі мен даму деңгейіне орай жүргізген түрлі ойын, ертегі, музыка, құм, арт терапиялары арқылы ба­ла­лардың эмоционалды ерік сфе­расы, танымдық қабілет­тері; ойлау, есте сақтау, қиял­дау, зейін тұрақтылықтары қа­лып­тасты. Ал әлеуметтік-тұр­мыстық бағдарлау бағытында жүргізілген жұмыс нәтижесінде балалардың қоршаған ортаға бейімделуі, өз-өзіне қызмет етуі, қарым-қатынас дағдыларын мең­геруі, әлеуметтік-эмоцио­нал­дық дамуы жүзеге асы­рылды.


Әрине, бұл атқарылған жұ­мыстардың бәрі мекемедегі әрбір қызметкерден үлкен тө­зімділікті, қажыр-қайрат, шы­дамдылықты талап етеді. Ең бастысы, балаларымыздың ба­қытты күлкісі бізді жігерлендіре береді.

Нұржамал ЕСПАНОВА,

№3 облыстық балалар оңалту орталығы директорының орынбасары

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<