Ғұламалардың: «Адам баласының бойындағы дарын тек бір ғана процентті құрайды. Ал қалғаны оның тәрбиесі мен өзінің өсіп-жетілуіне байланысты» деуі дарынсыз бала болмайтынын білдірсе керек. Гүлдің өзіне мәпелеп су құйса, жайқалып өседі. Адам жаны да сол сияқты, пайдалы ілім мен берекелі білім, тағылымды тәрбие жанға рухани азық беруі керек.
Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті Гуманитарлық-педагогикалық институтының профессор-оқытушылары мамандыққа сай білім берумен бірге студентті заманына қарай икемдеп, өз уақытының озық өнегесін санасына сіңіре білу, оларды шығармашылық бағытта жан-жақты дамытуды бүгінгі күннің басты талабы деп біледі. Білім беру ісі патриотизм, адамгершілік, толеранттылық, рухани даму сияқты құндылықтармен бірге жүрсе, оң нәтиже көрсететіні анық.
Студенттердің дарынын айқындап, біліміне, ойлау қабілетіне сай ғылыми ізденіс қабілетін қалыптастырудың арқасында «Шетел тілі: екі шетел тілі» мамандығының студенті Ибрагим Азамат Ресейдің Санкт-Петербургінде өткен «Права человека нашими глазами» тақырыбында халықаралық видеороликтер байқауына қатысып, 1475 жұмыстың ішінде оның «Ар-ождан және дін бостандығы» атты туындысы Гран-приді жеңіп алды.
Самара мемлекеттік әлеуметтік-педагогикалық университетінің ұйымдастыруымен өткен А.Пушкин шығармашылығына арналған халықаралық «Поэтикалық марафон» байқауында «Орыс тілі мен әдебиеті» мамандығының студенті Нұрлыгүл Оразбаева 1-орынды иеленсе, Г.Айдарханова, Д.Гейдарова, А.Еламан, Қ.Болатқызы жүлделі 2 және 3-орындардан көрінді. Осы мамандықтың 3-курс студенті З.Жарболова ұлы ақын Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойына орай «Үздік ғылыми жоба авторы» атты республикалық ғылыми жобалар және «Тәуелсіз елдің көшбасшысы» атты республикалық байқауында 1-орынды жеңіп алды.
Сыр өңіріндегі тарихи құндылығы жоғары жәдігерлер мен ескерткіштерді зерттеп жүрген ғалым, «Археология және этнология» мамандығының оқытушысы Ә.Тәжекеевтің жетекшілігімен білім алушылар Ф.Есімхан, Қ.Сматова республикалық ХІІІ пәндік олимпиадада 1-орынды иеленгендіктен, келесі оқу жылында осы бәсі биік сайыс біздің университеттің базасында өтеді. Осыған дейін «Қазақ тілі мен әдебиеті, журналистика» мамандықтары бойынша республикалық пән олимпиадасын өткізгенбіз. Сондай-ақ Нұр-Сұлтан қаласында өткен «Археология және этнология, музей ісі және ескерткіштерді қорғау» мамандықтары бойынша VІ халықаралық студенттік пәндік олимпиадада Б.Әлібай 3-орын алды.
«Қазақ тілі мен әдебиеті» мамандығының 1-курс студенті Г.Дүйсенбаева «Жылдың үздік студенті» атанса, 3-курс студенті Н.Елдес халықаралық қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінен қашықтан өткен олимпиадада 3-орын, осы пән бойынша студенттер арасындағы онлайн турнирдің 1-орнын жеңіп алды. С.Демирель атындағы университеттің ұйымдастыруымен «Ұлы Абай мұрасы» атты республикалық ғылыми семинарда магистранттар С.Нұрланова 2-орынды, А.Баймұханова 3-орынды иеленді.
Қазақ тілі мен әдебиеті мамандығының білім алушылары да ғалым А.Айтбаева жетекшілік ететін Ә.Қоңыратбаев үйірмесінің ұйымдастыруымен танымдық шараларға белсене қатысып, әдеби шығармалар талдап, ғылыми конференцияларда баяндама оқып жүр.
«Журналистика» мамандығының 2-курс студенті Н.Серікбай «Журналистика негіздері» атты ІІ республикалық байқауының 1-орнын иемденді. Жақында осы мамандықтың 1-курсында оқитын талантты студенттің бірі Бақытәлі Жамбыл Павлодар қаласында өткен Ж.Жабаевтың 175 жылдығына орай ұйымдастырылған республикалық айтыста және Сырдария ауданындағы Күдеріқожа Көшекұлының 200 жылдығына арналған «Күркіреп өткен Күдері» облыстық онлайн жазба ақындар мүшәйрасында І орын иегері атанды.
Болашақ журналистердің қызығушылығы мен оқырман ретіндегі сауаттылығын дамыту, сондай-ақ мәдени және ақпараттық біліктілігін көтеру, тіл байлығын арттыра отырып, өмірге көзқарасын қалыптастыруға, ой-өрісін кеңейтіп, көркем сөйлеп, пікірін дәл айтып жеткізуге ықпал ететін «Журналист» үйірмесі бар. Осы үйірме аясында республикаға, өңірге танымал тұлғалармен кездесу, семинар-тренингтер жүйелі ұйымдастырылып тұрады. Мамандыққа деген дағдысын қалыптастыру үшін жабдықталған телестудияда «Ой перне», «Тұлға» атты айдар аясында болашақ журналистердің туындылары әлеуметтік желілерде, жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарында жарық көріп жүр.
Біз талантты да белсенді, білімді де ойлы, өнерлі жастарды толық қолдау арқылы оқу орнының брендіне айналатын тұлға тәрбиелейміз. Қоғамның әлеуметтік дамуына үлес қосамыз. Білімді ұрпақ тәрбиелеу арқылы талай көкжиектерге құлаш сермейтініміз, ғылым, экономика мен мәдениетті дамыта алатындығымыз да ақиқат. Студенттердің өз саласының сауатты маманы болуымен қатар, өнерде, ғылымда жетістікке жетуін ықпал ету, қоғамның белсенді азаматына барынша қолдау көрсету – бұл біздің стратегиямыз.
Сағат ТАЙМАН,
Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті Гуманитарлық-педагогикалық
институтының директоры
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<