Оқушыларға ерте кәсіптік бағдар берудің маңыздылығы

60

0

Қазіргі таңда оқушыларға кәсіптік бағдар берудің маңызы жоғары. Бұл тек баланың керекті маман иесі болуына ғана емес, еңбек нарығы мен қоғам сұранысына сай кадр дайындаудың алғышарты саналады. Оның үстіне саладағы тенденция күн сайын өзгерген шақта аталған қадамды мектептен бастау орынды-ақ. Ол үшін әр баланың бейімін байқап, білігін танып, қызығушылығын қарау керек. Мұғалімнің психологиялық-педагогикалық қыры сыналар тұсы да осы екені анық. 

Сөзсіз, мамандық таңдау адам өміріндегі шешуші сәттің бірі. Болашақ табыс көлемі, өмір салты, қоғамдық пікірінің қалыптасуына оқыған мамандығы мен кәсіби қызметі тікелей әсер ететіні бар. Егер оқушы өзінің икемі мен қызығушылығынан тыс мамандық таңдаса, ересек өмірге қадам басқан шақта жұмысқа құлшынысы төмендеп, көпжылдық тұрмысқа арналған жоспарлар құруға ынтасы болмайды. Бүгінде мұғалімдердің кәсіби бағдар беруге талпынысы осындай олқылықтың алдын алауға жасалған әрекет екені анық. 

Жалпы кәсіби бағдар беру қалай жүзеге асады? Ол үшін педагог алдын ала бекітілген әдістемелерді қаперге алады. Яғни, белгіленген теория мен әдістеме аясында баланың көзқарасы, пәндік қызығушылығы, интеллектуалды бағдары, физикалық әлеуеті де назарға алынуы шарт. 

Кәсіптік ақпарат арқылы бала әлемде бар мамандықтар туралы мәліметке қанығып, олардың адамзат өміріндегі маңызын түсінеді. Сондай-ақ өзі қызыққан мамандықты игеру үшін нендей талап керегін де біле алады. Әрине, әлемде сан алуан мамандық болғандықтан олардың бәрін қамту әрі толыққанды ақпарат беру уақыт аларлық жұмыс. Дегенмен сала мамандары базалық әрі заманауи мамандықтар туралы көп айтуға тырысады. Сол арқылы экономикалық тұрғыда тиімді жәні қоғамға пайдалы мамандықтың таңдауына жағдай туғызады. 

Айта кетерлігі, кәсіптік бағдар беру шарасын оқу жылының басында қолға алған жөн. Әісіресе 9-11 сыныптарда әрбір мамандықты терең оқытуға көңіл бөлініп, белгілі бір кәсіпке қызықтыру қабілеттілігін дамыту маңызды. Оны оқу бағдарламаларына енгізу арқылы жоспар түзіліп, жыл бойы атқарылар қадамдар нақтыланса, нәтижеге жету жеңілдейді. Оған қоса болашақ мектеп түлектеріне оқу орнына түсер кезде таптырмас көмек болары анық. 

Света ЖАЛҒАСБАЕВА,

Қармашқы ауданы Төребай би ауылы 

№199 орта  мектебі директорының бейінді оқыту жөніндегі орынбасары

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<