Қайраткер ұстазға құрмет ерекше

1592

0

Ұрпақ тәрбиелеу ісінде сара жол қалдырған Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, педагогика ғылымдарының докторы, профессор Әли Мүсілімовтің білім саласындағы қолтаңбасы ерек.

Биыл Қазақстан Республикасы Білім беру ісінің құрметті қызметкері атанған қайраткер ұстазымыздың туғанына – 80 жыл. Ғұмыр жолы ғибратқа толы ұстаздың құрметіне орай облыстық білім басқармасы арнайы іс-жоспар бекітті. Өнегелі өмір жолынан сыр шертетін танымдық кездесулер, мектептерде бірыңғай сынып сағаттары, түрлі деңгейдегі конкурстар ұйымдастырылады. Ұстаз тағылымы әрбір білім беру ұйым­дарында дәріптеледі. Кейінгі буын жас педагогтарға Әли Мүсілімұлының еңбектері насихатталады.

Әли Мүсілімұлының есімі берілген №101 мектеп-лицейде «Жасыл мектеп» пилоттық жобасын енгіздік. Білім саласын тізгіндеген уақытта Әли Мүсілімұлы мектептер жанынан түрлі бағыттағы еңбек алаңдарын ашу мәселелерін зерттеп, тәжірибеге енгізуге үлкен үлес қосқан еді. Сол кездегі сабақтастықты жалғау үшін №101 мектепте «Жасыл мектеп» жобасы бастау алды. Жоба арқылы оқушыларға экологиялық білім берумен қатар, оқушылардың қатысуымен осындай еңбек алаңдарын ашуды, ғылыми-зерттеушілік қабілеттерін дамытуды, ерте кәсіптік бағдар беруді де қамтимыз. Облыстағы жылыжай ұйымдастырылған басқа да мектептер кезең-кезеңімен осы жобаға ендірілетін болады.

Арнайы қабылданған іс-шаралар жос­парында Әли Мүсілімұлының «Біз де бала болғанбыз» кітабын оқушыларға оқыту, еңбектің қадірін ұғындыратын бірыңғай сынып сағаттарын өткізу арқылы қайраткер ұстаздың ұлағатын жастарға сезіндіре аламыз.

Ең бастысы №101 мектеп базасынан Әли Мүсілімұлының арнайы музейін ашып, ғалымдар мен белгілі азаматтардың қатысуымен конференция өткіземіз. Ұрпақ тағылымы, педагогиканың ұлттық әдістемесі мен білім саласындағы ұстанымдар жан-жақты қамтылады деп сенемін.

Әли Мүсілімұлына қоса жары, білім саласына елеулі үлес қосқан Күлбарам Сәдуақасқызының құрметіне мектеп ішінен арнайы лабораториялық кабинет ашылды. Танымдық-тәрбиелік бағыттағы шаралар да нәтижелі қадам жасауға жол ашады деп санаймын.

Білім саласының көшін алға сүйреген, еңбектің жарқын үлгісін көрсеткен Әли Мүсілімұлының тағы­лымын сөз ету, тәжірибесін тарату – ұлағатын жеткізу біздің парызымыз. Бұл үлкен әрі жауапкершілікті істе білім беру ұйымдарының айқын ұстанымы бар.

Ақзира ҚАСЫМОВА,

облыстық білім

басқармасының басшысы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<