Түстік өмірің болса, кештік білім ал

946

0

«Оқуымды бітіріп алғанмын, диплом қалтада» деп шырт түкіріп жүрудің заманы өткен. Қазір қай саланың маманы болмасын білімі мен біліктілігін жетілдіріп отырмаса, заман көшінен кейін қалып қояды. «Түстік өмірің болса, кештік білім ал» деген нақыл сөзді қаперге алатын кезең айқын сезіліп тұр.

Мамыр айының басында «ҚЭТТК» АҚ-да РФ Президенті жанындағы Ресей халық шаруашылығы және Мемлекеттік қызмет академиясының корпоративтік басқарудың жо­ғары мектебін (ВШКУ РАНХиГС) МВА бағдарламасы бойынша тың­даушыларына диплом беру салтанаты болды. Қызылорда қаласында аталған оқу орнының Іскерлік әкімшілік басқару шебері (МВА) бағдарламасы бойынша оқу курсы 2018 жылы басталды.

Жалпы корпоративтік басқарудың жоғары мектебі бизнес құрылымдары мен ұлттық компаниялардың басқару командасы мүшелері мен орта буын мамандарын қазіргі заманда табысты бизнес жүргізу әдістерін үйрететін, осы бағытта білім беретін білім ордасы саналады. Ал MBA – бизнес­те, мемлекеттік қызметте және муниципалдық басқаруда тиімді жұмыс жүргізуге машықтандыратын бірден-бір бағдарлама. Әзірге бизнестану саласында одан артық бағдарлама ойлап тапқан жоқ. Сондықтан да оған сұраныс жоғары.

Бағдарлама бойынша білім ал­ған мамандар бизнестің тұ­рақты даму стратегиясын анық­тап, компа­ниясының негізгі құнды­лық­тарын көре біледі және оны дамытуға шешім қабылдайды. Конструк­тивті жаңа идеяларды түрлендіріп, олар­ды жүзеге асыруға қабілеті артады. Ұжым­ның және оның әрбір мүшесінің шығармашылық қуаты мен іскерлік қабілетін байқай біліп, оны қажетті бағытқа жұмылдыруға жұмыс жүр­гізе алады. Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі мен бизнесті жүргізу этикасы қағидасын жете түсінеді. Отандық және халықаралық рынокта табысты жұмыс жүргізуге машықтанады.

Осындай бағдарлама бо­йынша біздің облыс маман­дарының да білімін жетіл­діруіне бастамашы болған ВШКУ РАНХиГС Қам­қор­шылық кеңесі мүшесі Жомарт Көшербаев. Бұл игілікті іс аталған жоғары білім ордасының директоры Сергей Календжянның тікелей көмегімен жү­зеге асырылды. Осылайша Қы­зылорда қаласында ВШКУ РАНХиГС филиалы ашылып, облыстағы түрлі салада жұмыс істейтін мамандардың оқу курсында білім алуына мүмкіндік жасалды. Негізінде «Қызылорда жарығы» холдингі бұл оқу орнымен 2009 жылдан бері тығыз байланыс орнатқан. Осы кезең аралығында холдингтің 40-тан астам қызметкері білімін жетілдірді. Айта кету керек, Ж.Көшербаев 2010-2013 жылы осы оқу орнында Іскерлік әкімшілік басқару докторы бағдарламасы бо­йынша білім алып, экономика және кәсіпкерлік мамандығы бойынша кандидаттық диссертация қорғаған болатын.

Диплом алған қызылордалық алғашқы 21 тыңдаушының түрлі салада қызмет атқаратынын айта кеткен жөн. Оның төртеуі «ҚЭТТК» АҚ-ның облыстағы компанияларында қызмет атқарса, 10-ы «Қызылорда жарығы» холдингінде жұмыс істейді. Сондай-ақ мем­ле­кеттік қызметте, мұнай ком­па­нияларында, бизнес құ­ры­лымдарында жұмыс іс­тей­тіндер де бар. Компаниялар келешекте басқарушылар құрамын білімді де білікті маман­дармен толықтырып тұруды мақсат тұтқандықтан оқу ақысын төлеген. Ал кейбір бизнес құрылымдары мен мемлекеттік қызметте жүргендер, кәсіпкерлер оқу ақысын өз қалтасынан төлеген.

Алғашқы тыңдаушылар қатарында диплом алғандардың бірі «Энергосервис» ЕЖШС директорының орынбасары Еркебұлан Сұлтанбеков оқу процесі тыңдаушылардың мүм­кіндігінше жұмыстарынан қол үзбей білім алуларына ыңғайластырып ұйым­дас­тырыл­ғанын айтты. Алғашқы уақытта сырбойылық мамандар Мәс­кеуге барып оқып қайтса, одан  кейінгі кезеңде ресейлік профессорлар мен оқытушылар құрамы Қызыл­ордаға келіп дәріс беріп тұрған. Ал пан­демияға байланысты оқу онлайн түріне көшірілген.

Дипломға ие болған келесі тыңдаушы «ҚЭТТК» АҚ-ның бөлім басшысы Гафур Ізтілеуов өзі қызмет атқаратын компания басшылығы келешегінен үміт күтетін жастардың бірі ретінде таңдау жасап, білімі мен біліктілігін жетілдіруге мүмкіндік жасағанына ризашылығын жасырмады. Ол сабақ берген ресейлік оқытушылар құрамының білім деңгейінің өте жоғары болғанын атап өтті.

– Біз бұрын тек таза техникалық маман болсақ, енді бизнес жүргізудің заманауи тәсілдерінің қыр-сырына қаныға алдық. Қаржы, экономика, құқық, заң саласы туралы білімімізді байытып, адамдармен қарым-қа­тынас жасау, жауапкершілікті ала білу, ұйымдастыру, шешендік шеберлік, стратегиялық жоспарлау, аналитикалық ойлау дағдылары мен келіссөздер жүргізу тактикасы, профайлинг, имиджді қалып­тастыру туралы кеңейтілген түсінік алдық. Құқық қорғау қызметіндегі ақпараттық технологиялармен таныс­тық. Енді біз алған білімімізді өзіміздің компаниямыздың өркендеуіне жұм­сайтын боламыз, – деді Г.Ізтілеуов.

Дипломға ие болған мамандармен пікірлесу барысында түсін­геніміз МВА бағдарламасының негіз­гі мақсаты – тыңдау­шылар­да кәсіби дағдылар мен бас­қа­рушылық құзырет­тіліктерді жетілдіріп, заманауи менеджменттің қыр-сырын меңгеруге, көшбас­шылық қасиеттерді дамытуға бағытталған. Ал ме­неджмент – нарықтық экономи­каның жағдайларына және мұқтаждығына мейлінше сәйкес келетін басқару типі. Оның ең мәнді функциясы – нақты өндірісті басқару, оны ұйымдастыру және болашағын болжау, әсер ету. 

Иә, «білімді озады, білімсіз тозады» дегендей, білімін жетілдірген мамандар көшбасшылық қасиеттерді меңгеріп, сегіз қырлы бір сырлы тұлға болып қалыптасып, келешекте өз компанияларының өсіп-өркендеуіне жұмыс істейтін болады деп үміттенеміз. Ал компаниялар табысқа жетіп жатса, ол өз кезегінде облыс экономикасының алға басуына лайықты үлес болып қосылатыны анық.

Ыдырыс ТӘЖІҰЛЫ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<