«Алып-қашпа әңгіме күдікті күшейтуде»

476

0

Үкімет жанындағы коронавирустың таралуына жол бермеу жөніндегі ведомствоаралық комиссия өңірлердегі эпидемиологиялық жағдайды бағалау матрицасын жариялады.

18 сәуірдегі жағдай бойынша «қызыл аймақта» Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалалары мен Атырау, Ақтөбе, Ақмола, Батыс Қазақстан және Қарағанды облыстары тұр. «Сары аймаққа» Алматы, Шығыс Қазақстан, Жамбыл, Қызылорда, Пав­лодар, Солтүстік Қазақстан және Маңғыстау облыстары кірді. «Жасыл аймақта» әзірге Қостанай мен Түркістан ғана.

Мәліметтерге сүйенсек, облыс­та сәуір айының 18 күнінде 754 адам індет құрығына ілінген. Күні кешеге дейін тіркелген науқастар саны – 4798. Ал, індеттен айыққан науқастар саны 4131-ге жетті. Бір тәулікте 34 науқас емделіп шықты деген дерек бар. Бүгінде инфекциялық стационарда 289, ал стационардың реанимация бөлі­мінде 15 науқас ем алуда. Облыстық санитариялық-эпиде­мио­­логиялық бақылау депар­таментінің мамандары тұрғын­дардың басым бөлігі қатерлі індетті қарым-қатынас арқылы жұқ­тырғанын хабарлауда. Бұл ретте облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сәбит Пазылов індетпен күреске барлық күш жұмылғанын айтады.

– Инфекциялық және про­визорлық стационарларда 3200-ге дейін төсек-орын дайын. 518 орын орталықтандырылған оттегімен қам­тылған. Кеселмен күресу үшін облыс­тағы медициналық ұйымдар 686 оттегі концентраторы, 251 ИВЛ, 8 компьютерлік томограф және 66 рентген аппаратымен қамтылды. Аймақта 6 оттегі станциясы бар. Сондай-ақ, 9 ПТР аппараты жұмысқа қосылған. Тәулігіне 1000-1100 аралығында сынама алынуда, – дейді басқарма басшысы.

Жоғарыда айтылғандай, қазір медициналық мекемелер мен дәріханалар қорғаныш киім­дерімен қамтамасыз етіл­ген. Дәрі-дәрмектің 2 айға жететін қоры жасақтаулы. Жалпы, дәрілік заттардың тұрақ­тандыру қорын қалыптастыру мақсатында жергілікті бюджеттен 488 млн теңге қаржы бөлінді. Android және Appstore платформаларында «DARI.KZ» мобильді қосымшасы да іске қосылған. Оның көмегімен кез келген азамат республика аумағында тіркелген дәрілік заттардың барлық тізбесін көре алады. Пайдаланушыға медицинада қолданылуы жө­ніндегі нұсқаулық, қаптама макеттері, қолдану тәсілдері, сертификаттар, дәрілік заттың толық атауы, өндіруші туралы ақпарат, тіркеу куәлігінің нөмірі мен шекті бағалары көрсетілген. Сондай-ақ, осы мобильді қосымшаның көме­гімен шекті бөлшек сауда бағасынан асып кету фактілері анықталған кезде шағым беруге болады.

Вакцинаға келсек, ақпан айынан бері облыста 19732 адам екпе салдырған. Алайда, әлеуметтік желіде екпеге қатысты сауалдар толастар емес. Мәселен, тұрғындардың бірі екпеден соң бала көтере алмаймыз деп қорықса, ал енді бірі өзге ауруымды қоздырып аламын деп алаңдайды екен. Жақында Денсаулық сақтау министрлігі бұл жалған ақ­парат екенін мәлімдеді. Кеселге қарсы вакцина алған әйелдердің кез келген уақытқа жүктілікті жоспарлай беруіне болады. Алайда,  жүкті және емізулі баласы барларға екпе алуға тыйым салынған. Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің ресми өкілі Ержан Байтана екпенің орны ісіп, сыздап ауырса жылы киіну керек екенін айтады, ал, тіпті шыдатпаса, 103 нөміріне хабарласуға кеңес береді. «Халық арасын­дағы алып-қашпа әңгіме кү­дікті күшейтуде. Бірақ, екпе бұрынғы ауруларды қоз­дырмайды, қанды ұйыт­пайды. Өйткені вакцина алдында пациент толық меди­циналық тексеруден өтеді» дейді ол. Сонымен қатар мақа­лада «Қандай екпені коронавирус вакцинасымен бірге алуға болмайды?» деген сауалды да қамтуды жөн таптық. Оған ақпарат көздерінде С.Асфендияров атындағы ҚазҰМУ жалпы иммунология кафедрасының меңгерушісі Эльмира Битанова былай деп жауап берген.

– Тірі вакцинаны БЦЖ ек­пе­сі­мен бірге алуға болмайды. Бұл – барлық вакцина үшін жалпы ереже. Коронавирус инфекциясына қарсы вакцина енді ғана қолданыла бастады. Сондықтан оны кешенді түрде қолдану ұсынылмайды, бұл уақытша шара. Біраз уақыттан кейін ол басқа вакциналармен біріктіріле бастайды. Әзірге мұндай ұсыныс жоқ. Коронавирусқа қарсы вакцинаны бөлек қолдануды ұсынамын, – деді иммунолог.

Облыстық психикалық ден­сау­лық орталығының бас мейірбекесі Ақмарал Ма­хан­бетжанова «Пандемия уақытында «Сейхун» про­ви­зорлық стационарында еңбек еттік. Сонда тәулігіне қаншама науқас толастамай келіп жатты. Барлығының өкпесі қысылып, бір жұтым ауаға зар болғанын көзбен көрдік. Биыл бұл жағдайдың қайталанбауын қамтамасыз етудің жалғыз жолы бар. Ол – вакцина салдыру» деген пікір білдіреді.

Шынында, коронавирус нем­құрайлықты көтермейді. Ол бір жыл ішінде талай адам­ның өмірін қиғаны есімізде. Біз өткеннен сабақ алуға, қауіп­сіздікті еш уақытта қаперден шығармауға тиіспіз. Өзіміз үшін, жақындарымыз үшін.

Мөлдір ҚАЛЫМБЕТ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<