Баланың есен-саулығы – ерен байлық

712

0

Елімізде тұрғындардың денсаулығын жақсарту мәселесіне айрықша назар аударылып келеді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдаулары мен Үндеулерінде әрдайым медициналық қызмет көрсетудің сапасы мен қолжетімділігін қамтамасыз етуді тапсырады. Әсіресе, ана мен сәби саулығын сақтау мақсатында нақты міндеттер жүктегені белгілі. Оған қоса Мемлекет басшысының бастамасымен биылғы жыл «Балалар жылы» деп жарияланды. 

Расында ұлт болашағы дені сау ұрпақпен байланысты. Олай болса, келешегіміз саналатын сол жеткіншектерге көңіл бөліп, қамқорлық көрсету басты міндет. Бұл орайда елімізде, оның ішінде Сыр өңірінде де ауқымды жұмыстар атқарылып келеді. Бүгінде облыс орталығында балалар саулығын сақтауға қызмет ететін медициналық мекемелер баршылық. Солардың  бірі – көпбейінді облыстық балалар ауруханасы.  Биыл бұл аурухананың құрылып, қызмет етіп келе жатқанына 60 жыл толып отыр. «Баламның табанына кірген тікен менің маңдайыма қадалсын» дейтін әрбір ата-ана үшін бауыр еті баласының аман-есен ер жетіп, азамат болғанынан артық бақыт жоқ. Алайда, өмір болған соң небір жағдайлар кезігіп жатады.  Әсіресе, баласы ауру азабын арқаласа, ет-жүрегі езілетін ата-ана жай-күйі бәрімізге белгілі. Осындайда бірінші Алладан, екінші ақ желеңділерден жәрдем тілейміз. Облыстық балалар ауруханасын  қаншама сырқат жеткіншектердің жанына сая, дертіне шипа дарытып, талай сәбиді ажал аузынан алып қалған құт мекен дерсіз.

«100 мектеп, 100 аурухана» бағдарламасы аясында 2016 жылы ашылған аурухана  350 төсек-орынға лайықталған, оның ішінде 60 төсектік оңалту бөлімшесі бар (35 неврологиялық, 15 ортопедиялық, 5 нейрохирургиялық, 5 кардиологиялық). Сонымен бірге бiр ауысымда 300 бала қабылдайтын кеңес беру – диагностикалық бөлімшесі жұмыс істейді. Көпбейінді болғандықтан мұнда науқастарға мамандандырылған меди-циналық көмек көрсетіледі. Заманауи медициналық мекемеде соматикалық аурулармен бірге  балалар хирургиясы, жансақтау бөлімі мен ота жасау бөлімдерін ашуға мүмкіндік жасалды. Атап айтқанда, ауруханада 11 клиникалық бөлімшемен қоса қосалқы бөлімшелер де бар. Мәселен, педиатрия, неврология-реабилитация, пульмонология, нәрестелер бөлімшесі, неонаталды хирургия, нейрохирургия, травматология, хирургия, реанимация және онкогематология бөлімшелері келушілерге көмек көрсетеді.

Бас дәрігер Зоя Көшенованың басшылығымен медициналық көмек сапасын жақсарту бағытында түрлі шаралар қабылданып, жұмыстар атқарылуда. Балалар хирургиясын жетілдіру және тағайындалған емді нақтылау мақсатында бак лаборатория, БШАЫЕ эффективті технологиялар оқу орталықтары ашылды. Ол жерде жергілікті мамандармен бірге Өзбекстан, Қырғызстан, Абхазиядан келген мамандар да оқыды, тәжірибе алмасуға Украина, Ұлыбритания, Хорватия, Иран, Германия, Жапония мемлекеттерінің мамандары келді. Барлық облыстардан мамандар келіп біліктілігін көтерді.

Әсіресе, ауыр сырқаты бар науқастарға сапалы көмек көрсетуде көптеген тірлік істелуде. Соның бірі – «Қамқорлық» оңалту орталығы. Жыл басынан іске қосылған орталық 60 төсекке арналған. Мұнда неврологиялық, кардиологиялық, травматологиялық және туа бітті сал ауруымен ауыратын, яғни, оңалту ем шарасын қажет ететін балалардың ем алуына барлық жағдай жасалған. Бұрын мұндай науқастар республикалық деңгейдегі оңалту орталықтарына барса, енді олар сол емдерді осы жерден-ақ алады. Мұндай орталық  бізден басқа республика көлемінде Жамбыл, Алматы және Түркістан облыстарында бар. Орталық барлық қажетті заманауи құрал-жабдықтармен жабдықталып, мамандармен қамтылған. Мұнда неврологиялық ақаулары бар, жарақаттан кейінгі жағдайдағы, кардиохирургиялық және нейрохирургиялық операциядан кейінгі науқастар екі кезең бойынша ем алады. Екінші кезең бойынша 10 күн, үшінші кезеңдегілер 21 күн емделеді. Әр науқастың ерекшелігіне байланысты арнайы ем-шаралар тағайындалады. Орталықта науқастардың жоғары сапалы ем алуына мүмкіндік беретін сумен емдеу жүйесі, яғни, бассейндер, емдік денешынықтыру кабинеттері, гимнастика, массаж бөлмелері, тұзды шахта бар. Мұндағы бір ерекшелік – келушілер стационарлық және амбулаторлық жағдайда да, яғни, күнделікті үйінен қатынап ем алады.  Қазіргі кезде 60 бала емделуде. 

Науқастарға сапалы көмек көрсетуде заманауи құрал-жабдықтардың маңызы зор екені белгілі. Ауруханада уақыт талабына сай емдеудің тың әдіс-тәсілдерін, медицинадағы жаңашылдықтарды енгізу мен материалдық-техникалық базаның талапқа сай болуы басты назарда. Емдеу орны УДЗ, ЭКГ, МРТ, КТ аппараттарымен бірге коагулапатиялық тексеру жүргізуге қажетті реагенттермен қамтамасыз етілген. Жалпы алғанда аурухананы құрал-жабдықпен қамтамасыз ету көрсеткіші 97%-ті құрайды. Онан бөлек, емдеу ұйымының оттегі орталығы, бөлімшелерде 122 оттегі нүктесі, 29 оттегі концентраты, 34 консоль, 39 кардиомонитор, 21 ИВЛ аппараты бар.

Жоғарыда айтып өткеніміздей, орталықта бала денсаулығын қорғауға қажетті заманауи құрал-жабдықтар баршылық. Олармен жұмыс жасайтын мамандарды уақытылы даярлау – бас дәрігердің алға қойған басты мақсаты. Ауруханада барлығы 90 дәрігер, 361 орта буын медицина қызметкері жұмыс істейді. Дәрігерлермен қамтамасыз ету көрсеткіші – 90%. Қазіргі кезде еңбек етіп жүрген 80 дәрiгердің 21-і  жоғары біліктілік санатты, 24-і  бірінші біліктіліктегі, 14-і екінші біліктілік санатты. Алдыңғы жылмен салыстырғанда дәрігерлер арасында санаттылық деңгейі  9,2% -ке, мейірбикелер санаттылығы 9%-ке өскен. Былтыр 7 дәрігер жұмысқа қабылданды, жыл көлемінде 160 маман кәсіби біліктілігін көтерді. Олар республикалық мекемелерде және Корея, Жапония, Ресей, Израиль елдерінде, Санкт-Петербург, Қазан секілді қалаларда білімін жетілдірді.

Жыл көлемінде қабылдау бөлімінде 47473 науқас қаралып, (2020 ж – 32316) науқас саны 47 %-ке өскен. Тәулігіне орташа 75-180 балаға дейін қаралады.

Науқастардың 40,5%-і емхана дәрігерлерінің жолдамасымен, 34,7%-і жедел жәрдеммен және 24,8%-і өздігінен келген. Былтыр ауруханадан емделіп шыққан науқастар саны алдыңғы  жылмен салыстырғанда  3828  науқасқа, яғни, 38,4%-ке артық.

Хирургиялық науқастар саны да алдыңғы жылмен салыстырғанда  9%-ке жоғарылап, 3090-ды құрады. Неонатальды хирургия бөлімшесі 9 төсекке қайта бейімделді (6 хирургиялық, 3 нейрохирургиялық). Себебі, туа пайда болған жүйке жүйесінің аурулары – гидроцефалия, жұлын жарығы соңғы жылдары жиі кездесуде.

Жоғарыда айтып өткеніміздей, аурухананың кеңес беру диагностикалық бөлімшесінде невропатолог, кардиолог, логопед, лор, окулист, хирург, ортопед, нефролог, педиатр, онко-гематолог, гастроэнтеролог, пульмонолог, аллерголог, уролог, бет-жақ хирургы, нейрохирург секілді 24 маман келушілерге көмек көрсетеді. Жыл көлемінде қаралған бала саны 19677-ні құрап, алдыңғы жылмен салыстырғанда 26%-ке өскені байқалды.

Телемедицинаның мол мүмкіндігінің нәтижесінде республикалық мекемелерден кеңес алу және аудандардағы науқастарға кеңес беру жолға қойылған. Былтыр барлығы 195 телемедициналық кеңес жасалған. Сонымен бірге санавиация  арқылы республикалық мекемелерден 72 рет көмек көрсетілсе, ауруханадан республикалық мекемелерге бортпен 27 науқас  жолданды.

Жалпы 60 жылдық тарихы бар балалар ауруханасы талай асулардан асып, белестерді бағындырып келеді. Саладағы енгізілген жаңалықтарды жылдам меңгеріп, жаңашылдыққа ұмтылуда көпке үлгі болып жүрген емдеу ұйымының кейінгі жылдары да қол жеткізген жетістігі көп. Мәселен, басқасын айтпағанның өзінде, былтыр наурыз айында ғана ДДҰ/Юнисефтің «Балаларға мейірімді аурухана» мәртебесіне ие болғанын айтсақ та жеткілікті. Мұнан басқа да  мақтана  айтарлық табыстары баршылық. Бұл ұжымның тынымсыз еңбегі, үздіксіз ізденісінің бірден-бір нәтижесі екені сөзсіз. Ал осы жетістіктерге жетуде жұмыс барысын қиыннан қиыстырып ұйымдастыра білген, оған қоса ұжымды осы істерге жұдырықтай жұмылдырып отырған бас дәрігердің өлшеусіз еңбегі жатқанын айтпай кетуге болмас.

Айнұр БАТТАЛОВА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<