Эпидахуал: дәрігерлер алаңдаулы

568

0

Өңірде  коронавирустың таралу қарқыны күннен күнге өршуде. Тіркелген науқас саны тәулік сайын артып барады. Еліміз бойынша да жағдай мәз емес. Өңірлердің басым бөлігі «қызыл аймақта». Тек Түркістан облысы ғана «сары аймақта» тұр. Күнделікті цифрлар туралы арнайы мамандар брифинг барысында мәлімдеуде.  Жағдайдың күрделі сипатта екенін облыстық денсаулық сақтау басқармасы ұйымдастырған баспасөз-турында және айқындай түстік.

Алдымен денсаулық үйіндегі ситуациялық орталықтың жұмысы­мен таныстық. Орталықта үш маман жұмыс істейді. Мамандар басқармаға қарасты медициналық ұйымдардың күнделікті жұмысын бақылайды. Сонымен қатар емханаға қанша адам жүгінгенін, дәрігер қабылдауына қанша адам тіркелгені және үй жағдайында қанша адам дәрігер шақырғаны жайлы ақпараттар түсіп отырады. Науқастың ауруханаға жатқызылуына, емделіп шығуына, тегін дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етілуіне және екпе алуына қадағалау жүргізіледі.

– Облыс 14 шілдеден бас­тап «қызыл аймақта». Қазір коро­на­вирустың таралу деңгейі өте жоғары. Атқарылып жатқан жұ­мыстарға қарамастан, станционарлар толып барады. Сондықтан инфекция­лық станционарлардың санын да көбейтіп жатырмыз. Осы мақсатта ситуациялық орталықтың қызметі ерекше. Күнделікті түскен мәліметтерді қарап, саралап отырмыз, – дейді басқарма басшысының орынбасары Жалғасбек Үсенов.

Жалғасбек Тұрлыбекұлының айтуынша, халық арасында әлі де теріс пікір бар. Әлеу­меттік желіде жалған ақпарат көп. Тұрғындардың сенімі әркелкі. Карантин талаптарын сақтамай, жиын-тойға барушылар тыйылмай отыр. Расында, мұндай жағдайға өзіміз де куә болып жүрміз. Жасырын жиын өткізгендер  зардабын жан-жағына тигізуде. Қоғамдық орындарда адам қарасы көп. Маскалық режимді де ұстана бермейміз. Содан болар, вирустың әлі де дендеп тұрғаны.

«дәрі-дәрмек қоры мен тыныс алу аппараты жеткілікті ме?» деп сұрадық. Бұл мәселеде  ешқандай  кедергі жоқ екен.

Мұнан әрі көпбейінді облыстық балалар ауруханасына бардық. Бас дәрігер Зоя Көшенова сырттан қарсы алды. Себебі, мұнда келушілер саны шілде айында едәуір артқан. Ал, коронавируспен ауырғандар сәуір айында тіркеле бастапты. Эпидемиологиялық ахуал күрделі. Ауруханадан балаларға арналған КВИ бөлімшесі ашылған. Сәуір айында 20 төсек-орын болса, оның 4-уі – реанимациялық төсек-орын. Алайда шілде айында аурудың балалар арасында көбеюіне орай, орын саны артып, қазір 70-ке қайта толықтырылды. 20 төсек-орын ересектерге, 50-і балаларға  арналды. Зоя Рахатқызы қазір ауруханада 60 науқас ем алып жатқанын айтты. Оның 40-ы бала болса, 20-сы ересек адам. 4 бала реанимация бөлімінде емделуде. Жағдайлары тұрақты ауыр және дәрігерлердің қатаң бақылауында екен. Балалардың арасында ең үлкені – 14 жаста. Көбіне 3-5 жас аралығындағы балалар. Күніне 4-5 жағдай тіркеледі екен.  Бас дәрігер балалар арасында аурудың көбеюіне анализ жүргізген. Нәтижесінде, ата-анасы екпе алмаған, балаларын ойын-сауық орталықтарына, бассейндер мен көпшілік шоғырланатын  орындарға апарғаны  анықталған. Ол облыстағы эпидемиялық ахуалдың тұрақсыздығына орай ата-аналардың балаларға үй жағдайында ерекше күтім жасау керектігін де ескертті.

Одан әрі көпбейінді қалалық аурханаға аялдадық. Аурухана алды қызыл жолақпен қоршаулы. Арнайы антисептик шашатын дәліз қо­йылған. Ауруханаға кіріп-шығу қатаңдатылғаны байқалады. Айнала тып-тыныш. Десек те, іште талай адам өмір мен өлім арасында арпалысып жатқаны белгілі.  Дем жетпей, тынысы тарылып, індеттің құрығынан тезірек құтылуға тырысуда. Сырттағылар қалыпты өмір сүріп жатқанымызбен, мұндағы науқастарда  үрей мен қорқыныш басым. Дәрігерлердің қамқорлығы арқасында кеудеде үміт оты маздайды.

Бас дәрігердің сөзінен ұққанымыз,  көпбейінді қалалық арухана облыстық денсаулық сақтау басқармасының бұйрығымен осы жылдың 14 шілдесінен бастап инфекциялық аурухана ретінде жұмысын жалғастыруда. Эпидемиологиялық ахуалға байланысты аурухана есебінде 30 инфекциялық төсек-орын болған. Науқастардың көптеп түсуі, ахуалдың күрделенуіне байланысты  60 төсек-орынға артқан. Қазір 180 орынға дейін кеңейтілген.

Қазір ауруханада 185 нау­қас ем қабылдауда. Оның 12-сі реанимация бөлімінде. Эпидахуал күрделенген сайын түсіп жатқан науқастардың жас ерекшеліктері әртүрлі. Оның ішінде жүкті әйелдер де  аз емес. Науқастар мұнда мұрын бітелуі, тамақ ауруының белгілері, дене қызуы көтеріліп түскен. Сонымен қатар келушілердің көпшілігі вакцина алмаған. Көпбейінді қалалық аурухананың бас дәрігері Бауыржан Төлеген  жағдайдың ауыр екенін жеткізді. Күннен күнге науқастар саны артып, ауыр және аса ауыр жағдайдағы түсушілер көбейген. Осыған байланысты ауруханаішілік жедел іс-шаралар қолданылып,  ем алушыларға сапалы медициналық көмек көрсетілуде.

Бас дәрігерге «түсіп жат­қан науқастардың арасында коро­навирусқа қарсы вакцина сал­дырғандар бар ма?» деген сауал қойдық. Бар екен. Бірақ көп емес. Дегенмен, оларда ауру жеңіл өтіп жатқанын айтты.

–  Әлем бойынша белең алған індеттің алдын алу үшін санитарлық талаптарды қатаң сақтау, вакцина алу, аурудың белгілері байқалған жағдайда тез арада аймақтық емханаға көріну немесе жедел жәрдем шақырту керек. Бастысы, карантин талаптарын ұстанып, қоғамдық тәртіпке бағыну маңызды екенін еске салғым келеді, – деді Бауыржан Төлегенұлы.

Түйгеніміз – дәрігерлердің бәрі де індеттің кең таралуына алаңдаушылық білдіріп отыр. Білген кеңестерін айтып, халықты сақтандырудан аянып қалып жатқан жоқ. Сондықтан әрбір адам вакцина алып, карантин талаптарын ұстану керек.

Бейқамдықтың басқа тиіп жатқанын ешкім жасыра алмайды.

Сара АДАЙБАЕВА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<