Күрделі кезеңнен шыңдалып шығамыз

741

0

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Жолдауында «Халықтың денсаулығын жақсарту мәселесі айрықша назар аударуды талап етеді» деп атап айтқан болатын.

Тұрғындар саулығын сақтауда ең алдымен олардың қауіпсіздігіне назар аударудың маңызы зор.


Облыстық тауарлар мен көрсе­тілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті қо­ғамдық ден­саулық сақтау, халықтың санитария­лық-эпидемиологиялық сала­маттылығы, ме­дициналық көр­се­тілетін қызметтердің сапасын қада­ғалайды. Оған қоса дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың айналысы, тамақ өнімінің қауіпсіздігі са­ласында техникалық регламенттер мен нормативтік құжаттарда белгі­ленген та­лаптардың сақталуын бақы­лау және қа­дағалау мәселелері бойынша реттеуші, іске асыру және бақылау-қадағалау функ­цияларын жүзеге асырушы мемлекеттік орган.

Құрылғанына бір жылдан аса уақыт болған бұл мекемеде бірнеше жыл­дық тәжірибесі бар фармацевттер, сани­тарлық және эпидемиолог дәрігерлер, гигиенист мамандар абыройлы қызмет ат­қаруда. Департамент маманда­ры­ның ерекше еңбегі қазіргі күрделі ахуал – коро­навирус инфекциясымен күресте айрықша көрінді.


Облыс аумағында коронавирустық инфекцияның таралуының алдын алу және халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында бір­қатар іс-шаралар жүр­гізілді. Коро­навирус инфекциясы бойынша қолайсыз елдерден келген барлық адам­­дарға күшейтілген бақылау жүр­гізіліп, күнделікті мониторинг жұмыстары жа­салуда. Олар бекітіл­ген алгоритмге сәйкес шұғыл меди­циналық бақылауға алынады. Ауру тіркелген жағдайда қарым-қатынаста болған адамдар шеңбері шұғыл анықталады.

Департаменттің ау­мақтық бас­қар­малары тарапынан бірнеше эпид­бри­гада құрылған. Олар инфекция анық­­талған кез­де жеке қорғаныш киім­дерін киіп, ауру ошағына барады. Күн-түнге қарамай, қыз­меттерін атқаруда. Себебі бекі­тілген алгоритмге сәйкес, 24 сағат ішінде аурудың жұғу жолын, қарым-қатынаста болғандар, індеттің алдын алу, таралуын болдырмау бойынша эпидемиологиялық зерттеу жұ­мыстары жүргізілуі керек. Қызмет бары­сында қиындықтар да кездеседі. Атап айтқанда, кей азаматтар мони­торинг жүр­гізуге қажетті сауал­намаларды дұрыс толтырмайды, онда көрсетілген сауалдарға толық жауап бермейді. Қолайсыз аумақ­тардан келгенін жасыратын азаматтар да жоқ емес. Бұл өз кезегінде ауру ошағында дер кезінде атқарылуы тиіс шара­лардың орындалуына кедергі келтіреді.


Өңірімізде коронавирус инфек­циясы бойынша эпидемиологиялық ахуалдың күр­деленуіне байланысты аурудың әрі қарай өршуіне жол бермей, шоғырландыру, тоқтату мақсатында облыстың, қала, ау­дандардың бас санитариялық дәрігерле­рінің қаулы­ларымен карантиндік режим­дегі шектеу шаралары қабылданды. Олар­­дың орындалуын мониторингтеу мақ­са­­тында біздің мамандарымыз әкімдік тара­пынан арнайы құрылған жедел штаб құрамында карантиндік режим та­лап­тарының сақталуын күн сайын рейд­терге шығып, бақылауда. Түсіндірме жұ­мыстары жүргізіліп, ескертулер мен хат­тамалар толтырылуда. Бұдан бөлек, маман­дарымыз дәріханалық ұйымдардағы жеке қорғаныш құралдарының бар-жо­ғына күн сайын мониторинг жүргізеді. Халық сұранысын қана­ғат­тандыру мақ­сатында жеке қор­ғаныш құралдарының бағасын рет­теу бойынша жергілікті ат­қа­рушы органдармен, жергілікті фар­ма­циялық қызмет көрсетуші ұйымдармен, кәсіп­керлермен бірлесе жұмыстар жасал­ды.


Пандемия санитарлық-эпидемио­логия­лық қызметтің айрықша рөлін көрсетті. Мамандар жетіспеушілігі де сезілді. Мә­селеге мемлекеттік деңгейде мән беріліп, алдағы уақытта саланы реформалау жос­парлануда. Қазақстан Республика­сы­ның Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев са­ни­­тариялық-эпидемиологиялық қыз­мет­ті күшейту, жаңа комитет құру, бас мем­лекеттік санитарлық дәрігердің мәртебесі мен беделін арттыру қажеттілігін атап өтті. Бұл дер кезінде қабылданған шешім деп ойлаймын.


Департаменттің тағы маңызды бағыт­тарының бірі ол – медициналық көрсетіле­тін қызметтерді бақылау, яғни денсаулық сақтау субъектілерінің қызметін, оның ішінде денсаулық сақтау саласындағы стандарттардың, медициналық қызметпен айналысу жөніндегі лицензиялау ереже­лері­нің сақталуын бақылауды жүзеге асы­рады. Халық арасында пациент­тің құ­қықтары мәселелері бойынша түсіндіру жұмыстарын ұйымдастырумен, ана мен бала өлімін, науқастардың өлім жағдай­ларына тәуелсіз сарапшылар тарта отырып, медициналық тексерістер жүргізеді. Ме­дициналық көрсетілетін қызметтердің са­пасына шағымданған азаматтардың арыз-өтініштері бойын­ша қадағалау жұ­мыстарын жүргізіп, бірқатар арыз-шағым­дар шешім табуда.
Маңызы кем емес бағыттардың тағы бірі – фармацевтика. Бұл мін­деттерді жүзеге асыру үшін фарма­цевтикалық қызметті бақылау, фарма­цевтикалық инспекторат бө­лімдері қызмет атқарады. Дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың айналысы саласында, сондай-ақ, ден­саулық сақтау саласындағы есірт­кі, психотроптық зат­тар мен пре­курсорлардың айналымын мем­лекеттік бақылауда заңнамаларға сәйкес фармацевтикалық қызметке лицензия беру, лицензияларды және лицензияға қосым­шаларды қайта ресімдеуді жүзеге асырады.


Осындай жедел жұмыстардың арқа­сында ауру ерте анықталып, барлығы толық және уақытылы ем алуда. Бұл тұрғыда COVID-19 індетінің алдын алу және таралу қаупін бәсеңдету мақсатында күрестің алғы шебінде жүрген біздің ма­мандарымыздың үлесі зор.


Індеттің қаупі әлі де сейілген жоқ. Халық сақтық шараларына салғырттық танытып, тиісті органдар талаптарына, кеңестеріне құлақ аспауы облыста эпидемиологиялық ахуалдың күрделенуіне себеп болып отыр. Сондықтан әрбір тұрғын мамандар кеңесіне құлақ асып, карантин талаптарын орындаса, инфекцияның да таралуын тез тоқтатуға болады. Жауапкершілік – ортақ, қауіпсіздік те – ортақ.


Өңірімізде осы індетпен күн-түн демей күресіп, қиындыққа, қауіп-қатерге қарамастан, кәсіби борышын абыроймен атқарып жат­қан барлық медицина сала­сының қызметкерлеріне алғыс айтқым келеді. Бүгінгідей сын сағатта аянбай еңбек ету арқылы ғана елді қауіпті індеттен сақтап қалуға болады. Дәрігерлердің шұғыл әркеті мен ізденістерінің нәтижесі қазір халыққа үлкен үміт сыйлап отыр. Ел үміті ақталады деп сенемін.

Ғалия БАЙМЕНОВА,

облыстық тауарлар
мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің
басшысы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<