Отандық медицинаның озаты

862

0

Қоғам, өмір және адам – бір-бірімен еш ажырағысыз ортақ мүдде, тоғысқан бірегей тұжырым. Қоғамсыз өмір жоқ, ал өмірсіз адамның да болмайтыны ақиқат. Қым-қуыт тірліктің сан тарау сүрлеулерінде атқа мініп, арман-мұратыңызды алдыңа салып, ағындап жүргенде талай адамдармен жолың бірігеді. Сондайда жүрегінің кірі жоқ жандармен туысасың, табанының бүрі жоқ пенделерден суысасың. Осы аралықта айналаңды танып-біліп, сабырмен салмақтанасың. Арқасы қорған ағаларды ардақтап, ізеті бөлек інілерге ардақталасың. Басың жерге жеткенше сыйласып өтуге лайықты аға-іні тапқаныңда тірліктің өзі жеңілденіп сала береді.

Алаштың анасы атанған Сыр топырағында дүниеге келіп, ғұмыр бойы  адам баласының басты байлығы – денсаулығын сақтауға күн-түн көз ілмей, шипагерлік шапағатын жасап жүрген алтын қолды азамат Болатбек Баймаханов інім десем, асыра айтқандығым болмас. Мен білерде алтынды тану оңай да, адамды тану қиын. Болатбектің өзіндік болмысы, елге сіңіріп жүрген ерен еңбегі, денсаулық сақтау саласындағы тынымсыз тіршілігі орасан зор.

Ежелгі грек философиясының шыңы Аристотель «Өмірдің мәні неде?» деген сұраққа «Қоғамға қызмет етуде, айналаңа жақсылық жасауда. Адамзатқа шапағат жасау – мейірімділік пен батырлықтың шыңы» деген екен. Мыңдаған адам баланың өміріне араша тұрып, жүздеген жанға өмір сыйлаған Болатбек – мейірімділік шыңына шығып, шапағатын шашқан алтын қолды дәрігер. Айтар ойым орнықты, сөзім салмақты болуы үшін Болатбектің өнегелі де өркенді өмірдерегіне сәл-пәл шегініс жасасақ.

1962 жылдың қыркүйек  айында Жалағашта Баймахановтар әулетінде Болатбек өмір есігін ашты. «Тектіден текті туады, ата жолын қуады» деп атам қазақ бекер айтпаған болар. Мен білерде осы әулеттің қай-қайсысы болмасын «сен тұр, мен айтайын» атанған азаматтар. Бірі менімен тонның ішкі бауындай аралас жүрген Қожахмет болса, енді бірі осы жазбаның кейіпкері – Болатбек інім.

Болатбек кезіндегі Жалағаш кентіндегі №3 мектептен білім алды. Айтқандай, оған менің Құдай қосқан қосағым Мәншүк Қонысбекқызы дәріс беріп, сынып жетекшісі де болған. Мәншүк те айтулы азаматқа тәлім бергенін мақтаныш етеді.

Алматыдағы медицина институтының емдеу факультетінен білім алып, облыстық ауруханада дәрігер-хирург болудан еңбек жолын бастады. 1990 жылы А.Сызғанов атындағы клиникалық және сынақтық ғылыми-зерттеу институтының ғылыми қызметкерлігіне барып, тәжірибе жинақтайды. Жыл өткен соң оған аға ғылыми қызметкер болу жүктелді.

Оңтүстік Қазақстан облысы денсаулық сақтау басқармасы басшысы, өзі тәжірибе жинақтаған А.Сызғанов атындағы хирургия ғылыми орталығының басшысы, Қызылорда облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы, «Республикалық шұғыл медициналық көмек көрсету орталығы» АҚ-ның директорлар кеңесінің төрағасы, №7 Алматы қалалық клиникалық ауруханасының бас дәрігері қызметін абыройлы атқарды. Қазір А.Сызғанов атындағы ұлттық хирургиялық ғылыми орталығы акционерлік қоғамының басқарма төрағасы қызметінде. Байқаймын, Болатбек қайсы қызметте жүрмесін, үнемі білімін шыңдап, біліктілігін арттырып, өз ісінің нағыз білгірі ретінде бағаланған. Жинаған тәжірибесін іс жүзіне асырып, ішкі органдарды трансплантациялауда күрделі оталар жасап, ажал аузындағы мыңдаған жанның дертінен айығуына маңдай терін төккен. Ота жасау ғана емес, отандық медицинаны жаңашыл бағытқа бұруда да ол шексіз еңбек сіңірген. Содан болар ол медицина ғылымының докторы, профессор мәртебесін иеленген.

Алтын қолды дәрігер Болатбек Баймахановтың есімі ел ішінде ғана емес, алыс-жақын шетелдерде де танымал. Өйткені, ол тәжірибе алып қана қоймай, өз тәжірибесінен де әріптестеріне тәлім берген. Шетелдіктер де оның кәсіби біліктілігін құрмет тұтады.

– Байлық та, билік те уақытша. Ең басты байлық – денсаулық. Адам өміріне араша түсіп, ажалдан аман алып қалудан асқан бақыт жоқ, – дейді Болатбек.

«Әке көрген оқ жонар, шеше көрген тон пішер» деген ғой атам қазақ. Айтса айтқандай, Болатбектің ұлы Жасұлан да әке жолымен  жүріп келеді. Хирург-дәрігер мамандығын иеленген ол Токиода магистратурада дәріс алып, бүгінде денсаулық сақтау саласының жауапты қызметін абыроймен атқарып жүр.

Шыны керек, Болатбек жайлы әңгіме қозғалса оның дәрігерлік біліктілігінен бөлек адами бітім-болмысы қоса айтылады. Қашанда қарапайым қалпынан айрылмайтын азаматтың адами қасиеті, бойындағы кісілік  пен кішілігін көргенде марқайып қаламыз. Жайсаң жандарды жақын тартып, жалғандықтан бойын әркез аулақ ұстайды.     

Болатбектің ел-халықтың алдындағы еңбегі де ескерусіз қалған емес. Бүгінде оның кеудесінен «Құрмет» ордені, «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне – 10 жыл», «Астанаға – 10 жыл», тағы басқа ондаған медаль  орын алса, «Денсаулық сақтау ісінің үздігі», «Алтын дәрігер» атақтарын иеленген. Жалағаш ауданының құрметті азаматы. «Қазақстанның 100 жаңа есімі» қатарына енген.

Жанынан шуақ таратқан, көпшіліктің батасы дарыған Болатбек дәрігерді асқаралы 60 жасымен құттықтаймыз.

Биғали Қаюпов,

мемлекет және қоғам қайраткері

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<