Қолы жеңіл хирург

863

0

Қазақта «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» деген керемет сөз бар. Мен де көзбен көріп, көңілге түйгенімді шынайы құрметке лайық жандарға осы жазбам арқылы шексіз ризашылығымды білдіргім келеді.  Бір себептермен аудан орталығына барғанымда оң жақ бүйірім түйіліп, ауырып мазамды алды. Соқырішек дейін десем, осыдан бірнеше жыл бұрын соқырішекке ота жасатқанмын. Аудандық аурухананың хирургия бөлімінің меңгерушісі, мол тәжірибесі бар білікті маман, ауданымыздың құрметті азаматы Әмірхан Жүсіпов бірнеше тексеруден өткізіп, бүйрек бойында тастардың барын анықтап, жүрегімнің әлсіздігіне байланысты облыстық ауруханаға барып, емделуге кеңес беріп, жолдамасын жазып берді.

Қызметтің қызығы мен қиындығы да қатар жүреді емес пе?! Соларды көру арқылы адам баласы шыңдалады. Осы орайда барлығын байыппен қабылдап, жас та болса өз ісінің білгірі бірнеше шетелдерде тәжірибе жинақтаған облыстық көпбейінді аурухананың урология бөлімінде қызмет жасайтын Еркін Қонысұлы Ысқақовтың есімін атап өтуді жөн көрдім.

Емдеуші дәрігерім болғасын, оған емделушілердің пікірі, іс-тәжірибесі қалай деген ой туындайды. Әркімге көп сөзі жоқ, ойлы көзінен нұр шашып, жылы шырайланып адамға мейірлене қарағанда ауруыңнан сауыққан сияқтысың.   

«Аға, барлық тексеру қортындысын жасадық, бүйрек-қуық бойларында бірнешеленген тас жиналып қалған, ертең ота жасаймыз, еш нәрсе уайымдамаңыз» деп, көңілімді бірлеп қойды. Дәрігер дәрімен емес, жылы сөздерімен де науқастың еміне шипа болары хақ дегенді ойға түйдім. Отадан сәтті шықтым, бірнеше тастарды қолыма салып беріп тұрып, «Аға, уайымдамаңыз, мұндай науқас үлкендерде де, орта жастарда да жиі болып тұрады. Тек өзіңізге күтім жасаңыз» деген жылы шыраймен айтқан сөздері  ойда қалды. Мен де оны сөзге тарта бастадым. «Азанда ерте келіп, науқастардың хал-жағдайын білесіз. Жұмыс 8-де басталады, 8-де келмейсіз бе?» деп әдейілеп сұрағанымда:

«Хирург болу өте қиын. Адамның көңіліне қарау, онымен жұмыс істеу кез келген адамның қолынан келе бермейді, үлкен жауапкершілікті талап етеді. Адамның өміріне жауапты боласың. Операция жасамас бұрын қалай болар екен деп ойланып шықсақ, операциядан кейін де түнімен ұйықтай алмайтын кездеріміз болады.  Басқа салаларға қарағанда хирургияның салмағы өте ауыр. Азанда ерте келетінім де сондықтан» деп қысқа қайырды.

Еркін 1986 жылы 10 маусым күні Қызылорда қаласында дүниеге келген. П.Д.Осипенко атындағы №8 орта мектепті бітіріп, Ақтөбе қаласындағы Батыс Қазақстан Мемлекеттік медицина академиясының  емдеу факультетіне оқуға түсіп, 2010 жылы хирургия мамандығы бойынша бітіреді. 2011 жылы Алматыда уролог мамандығы бойынша қайта даярлау курсынан өтеді. 2015 жылы «Болашақ» стипендиясын ұтып, Израил мемлекетінде 6 ай оқиды. 2018 жылы Оңтүстік Корея, 2019 жылы Жапония мемлекеттерінде тәжірибе алмасады. Білімін шетелдерде тәжірибе алмасумен ұштастырып, бүгінгі таңда өмірде алған тәжірибесін халыққа көрсетіп, елдің алғысын алып жүр. Урология бөлімінің меңгерушісі  Исахмет Жаркенұлының айтуынша, Еркін ізденімпаз, ортаға сыйлы, келешегінен көп үміт күттіретін маман, біз осыған қуанамыз. Сондай-ақ Серікгүл Бердалиева, Айгерім Телғозиева сынды емделушілердің алғысын алып жүрген аяжандар да – өз кәсіптерінің  иелері.

Халыққа адал қызмет етіп, елдің алғысын алып, абыройға бөленген жандардың еңбегін оқырманға айту – міндетім деп санадым.

Сердалы ШАЛБАЕВ,

Жаңақұрылыс ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы.

Арал ауданы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<