Жасөспірімнің жан әлеміне үңілсек…

986

0

Жасөспірім шақта адамның бойында физиологиялық өзгерістермен бірге психологиялық жетілу процесі жүреді. Соның әсерінен жасөспірімдер ата-анасынан тәуелсіз болуға, ересектер секілді өз алдына еркін шешім қабылдауға ұмтылады. Осы кезеңде мінез-құлқында үлкен өзгерістер байқалмаған әрі ересектермен қарым-қатынасы дұрыс болған жасөспірімдер балалық шақтан ересек өмірге кедергісіз өтеді.

Ал кейбірлеулері ата-анасымен немесе айналасындағы ересектермен тіл табыса алмай, жиі сөзге келіп қалады. Өмірдегі ең жақын адамдарымен коммуникациясы дұрыс болмаған жасөспірім, өкінішке қарай, рухани қолдауды достарының арасынан немесе көшеден іздейді. Одан қалса есірткі заттары мен ішімдікке әуестенеді. Нәтижесінде ересек өмірге бейімделуі қиындайды. Шалыс қадамдардың соңы қайғылы жағдайларға, тіпті суицидке дейін апарып соғуы мүмкін.

Кез келген адам өмір сүргісі келеді. Ешкім өз өмірін оңай қиғысы келмейді. Суицидке баратын кез келген жан сырттан көмек күтеді. Басқа аурулар сияқты суицидтің де өз белгілері болады. Белгілерді білмегендіктен, ол адамдардан айырылып қалып жатамыз. Мысалы, «мен өмірден шаршадым», «маған өмір қызық емес», «мен осы өмірде артық сияқтымын», т.б. сөздерді шынайы немесе әзілдеп айтуы мүмкін. Осы сөздерді өздерінің әлеуметтік желілеріне, «WhatsApp»-тағы статустарына салуы мүмкін. Немесе іс-әрекеті, мінез-құлқындағы өзгерістер арқылы белгі береді. Атап айтсақ, сабаққа, жұмысқа барғысы келмеу, қызығушылықтардың төмендеуі, ашық адамның тұйықталып кетуі, тым көп ұйқы немесе тым аз ұйқы, тәбеттің жоғалуы немесе шамадан тыс тамақ ішу, оқшаулану, мұңлы әуендер тыңдау.

Сондықтан да бала мен жасөспірімдердің психикалық саулығын арттыруға мүдделі мемлекеттік ұйымдар мен үкіметтік емес ұйымдар өздерінің күнделікті жұмысы барысында осы мәселеге ерекше мән береді. Мәселен, облыстық білім және денсаулық басқармалары Bilim Foundation қоғамдық қорымен бірлесіп жүзеге асырып жатқан «Жасөспірімдердің денсаулық пен өмірлік дағдыларын қалыптастыру және суицидтің алдын алу» бағдарламасы жасөспірім кезеңде ата-ана мен баланың арасындағы ашық әрі сенімді қарым-қатынас орнатудың маңызына тоқталады.

Америкалық психологиялық қауымдастық (APA) мамандарының пікірінше, баламен әңгімелесу кезінде әрбір ата-ана келесі жайттарды есте сақтауы керек. Олар:

Балаңыз сізбен не үшін ашық сөйлескісі келетінін түсінуге ұмтылыңыз, яғни, бала ата-анасымен бекерден-бекер сөз қозғамайды. Әңгіменің соңында ол сізден ақыл-кеңес немесе мәселенің шешімін күтеді. Кейде бала ата-анасының оның уайымына құлақ асып, жай ғана тыңдағанын қалайды. Ашық әңгімелесіңіз. Үнемі ақыл айтып, қатты сынап немесе көңіліне тиетін ауыр сөздер айтудан, қорқытудан аулақ болыңыз.

Бала өз таңдауын жасап, нәтижесінен сабақ алу арқылы өмірге бейімделеді. Егер оның таңдауы өміріне үлкен қауіп-қатер туғызбайтынына көзіңіз жетіп тұрса, балаңыздың өміріне араласып, шешім қабылдауға асықпаңыз. Кейде өзін мазалайтын дүниелердің тек оннан бір бөлігі жайлы сыр шертуі, яғни, сіздің реакцияңызды тексеріп көруі мүмкін. Сондықтан балаңызбен әңгіме барысында өте мұқият тыңдаңыз, өз ойын еркін жеткізуіне жағдай жасаңыз. Қандай күрделі мәселе болмасын сіз оны шешуге міндетті түрде көмектесетініңізді айтыңыз.

Жасөспірім шақта баламен дұрыс байланыс орната білуді әрбір ата-ана басты назарда ұстауы тиіс. Қажет болса, психологтың көмегіне жүгіну мәселенің оң шешілуіне септігін тигізетінін есте ұстаған абзал.

Облыстық білім басқармасының қолдауымен жасөспірімдерге психологиялық қолдау көрсету орталығы ашылған. Ор­талық Қызылорда қаласы, Әйтеке би 28 мекен-жайында орналасқан. Онда кәмелетке толмаған жасөспірімдерге тегін психологиялық қолдау көрсетеді. Психолог, психиатр мамандар жұмыс жасайды. Телефон арқылы да жасөспірімдер, олардың ата-аналары анонимді түрде де тегін психологиялық кеңес ала алады. Сенім телефоны нөмері: 87710854957, 261402.

А.САҒАТБЕКҚЫЗЫ.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<