Жүрегіңізді сақтаңыз!

1062

2

Адам ағзасындағы барлық мүше маңызды. Дегенмен, олардың екеуі өмірлік белсенділікті басқаруға арналған. Ми мен жүрек біздің өміріміздің мүмкіндігіне жауапты. Сондықтан  «табиғи мотор» саналатын жүрекке арналған айтулы күннің болуы түсінікті.   Нақтырақ айтқанда, 29 қыркүйек – Дүниежүзілік жүрек күні. Бұл күн 2011 жылдан бері Дүниежүзілік жүрек федерациясының бастамасымен аталып келеді. Мақсаты – жүрек-қан тамырлары жүйесінің ауруларына қоғам назарын аудару, олардың пайда болу себептері мен алдын алу жолдары туралы ақпараттандыру.

Дүниежүзілік жүрек федерациясы мен Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы ұсынған деректерге сәйкес, жүрек-қан тамырлары ауруы қазіргі уақытта бүкіл әлемдегі адамдар өлімінің негізгі себебі болуда. Жыл сайын 17 миллионнан астам адам жүрек-қан тамырлары ауруларынан көз жұмады. Соның ішінде елімізде де қан айналым жүйесінің ауруларынан өлім-жітім көрсеткіші алдыңғы орын алып келген. Мәселен, 2000 жылға дейін кардиохирургиялық оталар республика көлемінде тек Алматы қаласындағы А.Сызғанов атындағы ұлттық ғылыми-хирургиялық орталықта жасалған. Сол жылдары республика бойынша жүрекке жылына небәрі 700 ғана ашық операция жасалған. Бұл жасалуға тиіс хирургиялық емнің 4,7 процентін ғана құраған. Тұрғындар оны жасату үшін бірнеше жыл бойы кезекте тұрды.

Осыны ескерген Мемлекет басшысы кезекті Жолдауында кардиологиялық ауруларға медициналық көмекті дамыту, аурушаңдық деңгейін жақсарту бағытында нақты міндеттер қойды. Осы орайда 2007-2009 жылдарға арналған кардиологиялық және кардиохирургиялық көмекті дамыту жөніндегі мемлекеттік бағдарлама қабылданып, барлық облыста кардиохирургиялық орталықтар ашылды. 

Сыр елінде 2009 жылдың желтоқсанында ашылып, алғаш рет жүрекке ашық ота жасалды. Оны туабітті жүрек ақауы бар 13 жастағы науқасқа жасанды қан айналу аясында А.Сызғанов атындағы Ұлттық ғылыми хирургиялық орталықтың білікті балалар кардиохирургі К.Қуатбеков жасады. Алғашында ашық операция тек өзге қалалардан келген мамандардың қатысуымен жүргізілген. 2011 жылдан бастап өз дәрігерлеріміз қолға алды. Ол үшін бірқатар жас маман алыс-жақын шет елдерде біліктілік курстарынан өтті.

– Тарихқа көз жүгіртсек, облыстық ауруханада кардиологиялық қызметтің бастау алған уақытын 1999 жыл деп есептеуге болады. Алғашқыда кардиология бөлімшесінде 25 орын ашылса, 2003 жылы ол 60-қа дейін көбейтілді. Сол кезеңнің озық технологиялары енгізілді. Атап айтқанда, эхокардиография, өңеш арқылы электрокардиостимуляция және аортография жасаудың алғашқы әдістемелері. Қысқа уақыт ішінде бөлімше атына тұрғындар тарапынан жағымды пікірлер айтылып, оң бағаға ие болды. Ол кезде бөлімшеге белгілі кардиолог, білікті маман Ж.Рысбаев жетекшілік етті. Облыстық медицина орталығының келесі кәсіби дамуы 2009 жылы кардиологиялық орталықтың ашылуымен байланысты. Жұмысты жолға қоюда, білікті мамандар тартуда, жас мамандардың біліктілігін арттыруда сол кездегі облыстық медицина орталығының директоры Н.Табынбаевтың еңбегі зор болды, – дейді көпбейінді облыстық ауруханасы кардиологиялық орталығының меңгерушісі Берік Дәуітбаев.

Кардиологиялық орталықта қанша жылдан бері кардио­хирургиялық, аритмологиялық, ангиохирургиялық, басқа да тәжірибелі мамандар жүйелі түрде мастер-кластар өткізіп тұрады. Мәселен, 2010 жылы екі апта көлемінде литвалық кардиохирург, медицина ғылымдарының докторы, профессор Римантас Бенитаспен бірге 20 ашық ота жасалып, 200-ден астам науқасқа кеңес берілген.  2012 жылы вьетнамдық кардиолог, профессор  Хью септальді ақауға эндоваскулярлы жабық түрде ота жасады. Ал 2013 жылы елімізге белгілі кардиохирург Ю.Пя бастаған дәрігерлер құрамы  жүрекке 5 ашық отаны сәтті өткізді. Біз бірнешеуін ғана айтып отырмыз. Тізе берсек мұндай мастер-кластар, сәтті жасалған оталар өте көп.

– Ел тәуелсіздігінің 30 жылдығына біздің ұжым лайықты нәтижелермен жеткенін мақтанышпен айтамыз. Облыстың кардиологиялық қызметінің 20 жылдан астам тарихында жүрек-қан тамырлары аурулары бар 54 мыңнан астам адам емде­ліп шықты. 17 мыңнан астам коронаграфия жасалып, оның 5260-на стент қойылды. Соны­мен бірге 1830 мыңнан астам кардиохирургиялық, 627 аритмологиялық ота жасалды. Бұл елдегі өлім-жітім көрсеткішінің төмендеуіне айтарлықтай үлес қосты. Мәселен, республика бойынша өлім-жітім 1996 жылы 100 мың тұрғынға шаққанда 484,2-ні құраса, 2018 жылы 181,67-ге дейін төмендеді, – дейді Берік Русланұлы.

Облыстық аурухананың кардиореабилитация бөлімшесінің меңгерушісі Әбдірахман Қадыр­баев  – өзінің 14 жылдан астам еңбек жолында көптеген респуб­ликалық жоғары клиникаларда білімін жетілдіріп, Литва республикасының Каунас қаласында кардиология бойынша кәсіби деңгейін шыңдаған маманның бірі. 2009 жылы облыстық медицина орталығында дәрігер-кардиолог болып жұмысқа қабылданған ол кардиологиялық орталық ашылғанда кардиореанимация бөлімшесіне ауыстырылады. 2018 жылдан бері осы бөлімнің мең­ге­рушісі.

– Қазіргі кезде жүрек аурулары саны бұрынғымен салыстырғанда көбеюде. Оған себеп – заманға сай жоғары медициналық технологиялардың пайда болуы. За­манауи құрылғылардың  арқасында жүрек ауруларын ерте анықтау мүмкіндігі, медициналық көмектің қолжетімділігі артуда. Сондай-ақ, халықтың өмір сүру салтының, тамақтану үрдісінің өзгеруі, стресс  жүрек ауруларының артуына себепші болуда. Соңғы кезде реабилитациялық емге көп көңіл бөлініп отыр. Бұрын жүрекке ота жасатқан немесе миокард инфарктісін алған науқастар тек 2 ай көлемінде оңалту емін алатын, қазір 3 жыл бойы ем қабылдайды. Оның мақсаты – науқастарды аз уақытта физикалық, психикалық тұрғыдан қалпына келтіру. Оңал­ту шарасының нәтижесінде қан­шама науқас қалыпты өмірге қайта оралуда, – дейді ол. 

Дүниежүзілік жүрек күніне орай өңірдегі кардиологиялық қызметті саралап, жеткен жетістіктерді жайып салдық. Медицина мамандары тарапынан көрсетілер көмектен кемшін жоғын байқадық. Ендігі кезекте бар мәселе өзімізде сыңайлы. Жүрекке салмақ салмай, дертке дер кезінде ден қойсақ, тіпті, салауатты өмір салтын ұстанып, аурудың алдын алсақ, ең дұрысы сол болмақ.

Айнұр БАТТАЛОВА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<