QazTrade: Нарық және ықпалдастық

10646

0

Кейінгі жылдары мемлекет кәсіпкерлерді қолдау ісіне ерекше көңіл бөлгені аян. Соның бірі ретінде «QazTrade» Сауда саясатын дамыту орталығы» АҚ-ны айтсақ болады. Экспортқа өнім шығаратын кәсіпорындарды қолдауға арналған мемлекеттік шаралардың операторы ретінде танылған. Орталық өңделген тауарлар мен қызметтердің қазақстандық экспортын дамытумен және ілгерілетумен айналысып келеді. Таяуда Сауда және интеграция министрі Серік Жұманғариннің тапсырмасы бойынша Qaztrade өз қызметін жүзеге асыру тәсілдерін біршама өзгертті.

Қолдау шаралары көбейді

Жаңа қағидат ең алдымен экспортқа өнім шығаратын өңірлердегі кәсіпорындардың жобаларын іске асыруды көздейді. Шағын және орта бизнес ел экономикасының негізгі тірегі, ал өңірлік компанияларды экспорттық процеске тарту – оның дамуына оң әсерін тигізбек. Осыған байланысты, Qaztrade орталығының міндеті – шағын кәсіпорындардың экспорттық әлеуетін арттыру, облыстар мен қалалардың әкімдіктерімен, сондай-ақ бизнес-қоғамдастықпен тиімді экономикалық ынтымақтастық орнату.

Экспорттаушыларды қолдау шараларының бірыңғай операторы ретінде аталып отырған QazTrade бірнеше қызметті жүзеге асырады. Мәселен, шағын және орта бизнес өкілдерінің өнімін сыртқы нарыққа шығаруына, шетелдік әріптестермен келіссөздер жүргізуге, тауарларды халықаралық электрондық сауда алаңдары арқылы сатуға қолдау көрсетеді. Солардың бірі – экспорттық акселерация бағдарламасы. Оның көмегі арқылы өңдеуші салалардағы қазақстандық компаниялар шетелдік нарықтарға көшіп, табысты болуда. Биыл Қытай, Ресей, БАӘ, Өзбекстан, Қырғызстан, Әзербайжан және Вьетнамның нарықтарына шығару үшін тамақ, жеңіл өнеркәсіп, химия өнеркәсібі, машина жасау және қызмет көрсету секторларынан 110 компания іріктеледі.

Бағдарлама аясында сарапшылар кәсіпорынға зерттеу жүргізіп, тауардың экспортқа дайындығын бағалайды. Әрбір кәсіпорын жеке Жол картасын иемденіп, өзінің мықты және әлсіз жақтарын көрсете отырып, сыртқы нарықтардағы бәсекеге қабілеттілігін шыңдайды. Сонымен қатар, кәсіпкерлерге бизнес-серіктестер табуға және олармен келіссөздер ұйымдастыруға көмектеседі. Мысалы, өткен жылы экспорттық акселератор шеңберіндегі қолдаудың арқасында шамамен құны 260 млн доллар болатын 38 экспорттық келісім-шартқа қол қойылған.

Экспорттаушыларды қолдау шаралары ретінде Qaztrade сауда-экономикалық миссияларға қатысуды ұйымдастырады. Қазақстандық кәсіпорындардың экспорттық әлеуетін халықаралық көрмелерде бірыңғай ұлттық стенд форматында таныстыруға септеседі. Делегация құрамындағы сауда миссиясына қатысушылар мемлекеттік органдардың, сауда желілерінің, қоймалар мен ұлттық компаниялардың әлеуетті серіктестерімен кездеседі. Іс-шаралардың негізгі мақсаты – қазақстандық кәсіпорындар мен әлеуетті импорттаушылар, трейдерлер мен дистрибьюторлар арасында тікелей байланыс орнатып, сауда қатынастарын жандандыру.

Қазір отандық компаниялар халықаралық маркетплейске өнімін шығару үшін жаңа нарықтарды игеріп жүр. Әлемге танымал Alibaba.com бағдарламасының тегін көмегіне жүгіне алады. Alibaba.com әлемнің түкпір-түкпірінен жеткізушілер мен сатып алушыларды тікелей байланыстыратын электрондық алаң екені белгілі. Маркетплейс тікелей өндірушілер мен дистрибьюторлардың миллиондаған тауарларын ұсынып, сатып алушылар жеткізушілерден көтерме бағаны алып, оны ірі өндірушілер мен компанияларға ұсына алады. Ең бастысы, Alibaba платформасы брендтер мен шағын бизнес үшін де бірдей жұмыс жасайды.

Экспорттаушыларды қолдау ретінде 70 отандық компанияға 1 жыл мерзімге «Алтын жеткізуші» мәртебесі бар аккаунт беріледі. Мәртебе жеткізушінің қызметі заңды және тіркелген екенін растайды. Бағдарлама шеңберінде компанияларға верификация рәсіміне және электрондық алаңда шағын сайт құруға қолдау көрсетіледі. Мәселе туындаса тұрақты түрде консультация алады. 2020 жылдан 2022 жылға дейін Alibaba маркетплейсіндегі аккаунттарды 220 отандық компания алып үлгерген. Былтыр Халықаралық электрондық платформада Қазақстанның Ұлттық павильоны ашылды. Оған «алтын жеткізуші» мәртебесіндегі 130 отандық компания кіріп, 7500-ден астам өнімді сатуға шығарған.

Бағдарламаға тек тауар өндірушілер ғана емес, сауда компаниялары да қатыса алады. Ісін жаңадан бастаған экспорттаушыларға, әзірге сыртқы нарыққа шығып көрмеген компаниялар үшін Qaztrade academy білім беру платформасы жұмыс істейді. Бұл жерде сыртқы экономикалық қызметтің негіздерін біліп, курстан өту туралы тиісті сертификат алуға мүмкіндік бар. Qaztrade academy сайтында ұсынылған курстар тауарларды экспортқа жіберетін немесе осы істі жоспарлап жүрген кәсіпкерлер үшін сауданың барлық бағыттары мен мәселелерін қамтиды.

Жұмыстың маңызды бағыты – экспорттаушы компанияларға тауарлар мен қызметтерді жарнама және маркетинг арқылы шетелге шығарып, тасымалдау шығындарының бір бөлігін өтеу. Атап айтқанда, өнімді жылжыту, филиалдарды, сауда алаңдарын, қойма мен сауда сөрелерін жалға алу, елден тыс жерде тауар белгілерін тіркеу, индустриялық-инновациялық қызмет субъектілерін шетелдік сертификаттау мен аккредиттеу, тауарларды жеткізу, автокөлік пен теміржол, ұшақ пен кемелер, басқа да шығындар өтеледі.

Тауарларды теміржол көлігімен жеткізу отандық экспорттаушылардың ең үлкен сұранысына ие. Экспорттық шығындарды өтеуге өтінімдер беру кезінде салалар бойынша азық-түлік өндірушілері жыл сайын белсенді екенін көрсетеді. Бүгінде Қазақстанда 650 белсенді экспорттаушы бар. Оның 80 пайызы – шағын және орта бизнес өкілдері, ал 48 пайызы – тамақ өнімдерін экспорттаушылар.

Төрт жыл ішінде Qaztrade желісі бойынша мемлекеттік бағдарламаларға 500-ге жуық қазақстандық компания қатысты. Олардың жиынтық сатылымы өткен жылы 800 миллион доллардан асты. Бағдарламаға қатысушылар өнімдерді Ресейге, Қытайға, Орталық Азия және Таяу Шығыс елдеріне экспорттап, басқа да жаңа нарықтарды игеруде.

Өңір кәсіпкерлерінің белсенділігі артты                     

 Өткен айда «QazTrade» Сауда саясатын дамыту орталығы» АҚ өкілдері облысқа іссапармен келген болатын. Іссапар аясында облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының басшысы Исатай Аңсаттың төрағалығымен «Қызылорда облысының экспортын дамыту және ілгерілету мәселелері» жөнінде кеңес отырысы өткізілді. Аталған жиынға «Атамекен» өңірлік кәсіпкерлер палатасы, «Байқоңыр» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы, «Қызылорда облысының даму орталығы», «ҚазақИнвест» АҚ, қала және аудан әкімдіктері мен жергілікті экспорттаушы және тауар өндіруші кәсіпорын басшылары қатысты.

Сол отырыста «QazTrade» Cауда саясатын дамыту орталығы» АҚ Бас директорының орынбасары Н.Құлбатыров өңдеу өнеркәсібі саласындағы экспорттаушыларға арналған мемлекеттік қолдау шаралары, оның ішінде отандық өңделген тауарларды сыртқы нарықтарға ілгерілету кезіндегі шығындардың бір бөлігін өтеу, экспорттаушыларды сервистік қолдау және экспорттаушыларды оқыту бағдарламалары жөнінде баяндама жасады.

Сонымен қатар, аталған ұйым жүзеге асыратын экспорттық акселерация бағдарламасына қатысу және өнімдерді Alibaba, JD, Ozon, Amazon секілді халықаралық сауда алаңдарына шығару мәселелері түсіндірілді. Сондай-ақ, орталықтың қызметкерлері отандық өңделген тауарлар мен ақпараттық-коммуникациялық қызметтерді сыртқы нарықтағы ілгерілету бойынша 21 шілдеге дейін шығындардың бір бөлігін өтеуге өтінімдерді қабылдау жүргізіліп жатқанын атап өтті. Сондықтан жергілікті кәсіпорындарды осы қолдау шараларын кеңінен пайдалануға шақырды. Мәжіліс соңында жергілікті экспорттаушы және тауар өндіруші кәсіпорын басшылары өз сұрақтарын қойып, орталық өкілдерінен толыққанды жауап алды.

Былтыр «Асыл дән» ЖШС экспорттық акселерация бағдарламасына қатысып, 2021 жылы «Абзал и К» БС, «Абай Дәулет» ЖШС, «Эль Панда» ЖШС өнімдерін халықаралық Alibaba.com сауда платформасына шығарып, сауда экономикалық миссияға атсалысып, аталған бағдарламалар арқылы қолдау шараларын алды. Одан бөлек, облыстың жергілікті «Аралтұз» АҚ, «Абай Дәулет» ЖШС, «Сервисно-заготовительный центр «Арал» ЖШС, «Эль Панда» ЖШС секілді кәсіпорындары өз өтінімдерін QazTrade Cауда саясатын дамыту орталығына тапсыру арқылы өз шығындарын өтеп келеді.

Осындай мемлекеттік қолдау шаралары кәсіпорындардың дамуына, бәсекеге қабілетті болуына, тауарлар мен қызметтердің сапасын жақсартуға септесері анық. Отандық кәсіпорындардың пайдасын арттыруға мүмкіндік береді. Бұның бәрі экономиканы дамытуға және жаңа жұмыс орындарын ашуға ықпал ететіні даусыз.

Мадияр ТӨЛЕУ,

«Сыр бойы»

*Сурет ашық дереккөзден алынды

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<