Адал еңбек абыройға бөлейді

302

0

Ол бозбала шағынан шаруашылық жұмысында. Осы аралықта майталман механизатор ретінде көпшілікке танылды. Техника ақауын дауысынан танып, аңғаратын кәнігі жүргізуші. Ала жаздай дала төсін дүбірге бөлеп, аптап ыстыққа қарамастан егістік басынан табылады.

Төлеубек Әбілдаев Сырдария ауданына қарасты «Бесарық» шаруашылығында 35 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Егін өсіріп, оны күзде жинау деген жауапкершілігі зор жұмыстың басы-қасында. Көктемде алқапқа күріш сеуіп, содан күзде шашау шығармай жинап алғанша дамылсыз күндерді далада өткізеді.

Жұбайы Күлсара Көрпебаева да – осы шаруашылықта аспаз. Ауыл шаруашылығында ұзақ жыл еңбек етіп келе жатқан әйелдердің жұмысы оңай емес. 

– Отағасы екеуміз шаруашылық жұмысына бірге барып, бірге қайтамыз. Аспаз болғаныма көп жылдар өтті. Жалпы далада әзірленген астың дәмі ерекше. Жай күндері 30-40 адамға тамақ пісірсем, егін науқаны кезінде одан екі есе көбейеді, – дейді ол.

Осы аралықта түрлі мерекелерде басшылық тарапынан марапатталып, бағалы сыйлықтарға ие болды. Бұл – адал еңбекке елдің ықыласы.

Төлеубектің айтуынша, қазір шаруашылық алдағы маусымға дайындық үстінде. Иә, «бір жылдығын ойлаған дән егеді, он жылдығын ойлаған тал егеді, мың жылдығын ойлаған ұрпағына білім нәрін егеді» деген даналық сөз бекер айтылмаса керек-ті. Еңбек адамы – қашанда елдің құты. Кез келген істе төккен тер өтеусіз қалмайды. Өйткені адал еңбек ешқашан құндылығын жоймайды.

Ел ырысын еселеуде ауыл еңбеккерлері қарап қалмайды. Төлеубек пен Күлсара сөзімен де, ісімен де өскелең ұрпаққа үлгі болып келеді. 

Тұрар БЕКМЫРЗАЕВ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<