Дала еңбегінің дарабозы

450

0

Бала күнімізде ауылдың жиын-тойларында жиі шырқалатын «Тракторшы Гүлсара» деген ән болатын. Есейе келе білгеніміз,  өрімдей жас күнінде темір тұлпарды тізгіндеп, қайнаған қызу еңбектің бел ортасында жүрген ару біздің ауылдың қызы екен. Аула арасын аласа шарбақ қана бөліп тұратын көрші үйде Тәжі есімді қарт әжей тұратын. Сол кезде жасы жетпістің үстіне шыққан әжей қорақопсы, бау-бақшадағы тірліктің бәрін өзі атқарады. Жаз болса есік алдындағы шап-шағын бақшалығы жайқалып тұрады. Алғашқы шыққан түйнектерінен аулада ойнап жүрген бізге ауыз тигізетін.  

Тәжі әжей – кешегі соғыс жылдарында тылда табанды еңбек еткен, азаматтардың орнын басып ат үстінде жүрген адам. Содан болар, қабағы қату, көпке сөзі сыйлы кісі еді. Ер азаматы Қуандық «Еңбек» ауылдық советінің председателі қызметін атқарған. Ол кісі ертерек дүниеден озып, өмірге келген сегіз баланы Тәжі апамыз өсіріп жеткізеді. Кешегі соғыс жылдарында ол ХТЗ тракторын айдап, әйелдерден құралған егіншілер бригадасына жетекшілік еткен. Есімі ауыл орталығындағы «Құрмет тақтасында» жазылып тұратын. Біз әңгіме еткелі отырған Гүлсара Қуандықова осы үйдің қызы.  Жастайынан шаруаға бейім болып өскен балауса қыздың кіршіксіз көңілінде арман көп, өмірге деген құштарлығы да өзгеше болатын. Шындығында, ол жас күнінен еңбек майданына белсене араласып, ерекше басымдығымен алға озды. Кешегі кеңестік одақ тұсында ел намысын қорғап, ешкімге ұқсамайтын дара соқпағын салды.

Өмір жолына зер салсақ, ол Жалағаш кентіндегі №123 орта мектептің сегізінші класын бітіргеннен кейін №15 кәсіптік-техникалық училищеде алты айлық курста оқып, механизаторлық мамандық алып шығады. Сол 1962 жылы 15-16 жасында туған ауылы – «Еңбек» колхозында ең алғаш «Беларусь» тракторына отырып, шаруашылықтың сан-салалы жұмысына кірісіп кетеді. Әрине, жаны да, жаратылысы да нәзік қыз баласы үшін техниканың тілін табу оңай емес. Солай бола тұра, ол кездескен қиындықтардан тайсалмады, жолын тауып, жеңе білді. Осылайша жылдар өте келе жас механизатордың тәжірибесі толысып, өзіне берілген міндеттемені уақытынан бұрын орындайтын болды.

1965 жылдың көктемгі егін науқанында колхозға ауданнан «ДТ-75» жаңа тракторы берілген болатын. Басшылардың сенім артқаны болар, жаңа техниканың руліне  Гүлсара отырды. Сонымен қатар оған ең жауапты «Жақаевшылар участогы» бекітілді. Бұл жерге еңбек озаттары, осы ауылдың атақты күрішшілері – Қазақ ССР Жоғарғы Советінің депутаты Сәрсен Балқыбаеваның, «Еңбек Қызыл Ту» орденді Рысалды Сүлейменованың егіні орналасқан еді. Еселі еңбектің нәтижесі шығар, күзге қарай күріш бітік шығып, жоспарлаған межеден жоғары өнім алынды.

– Сол жылы КПСС мүшелігіне кандидат болып қабылдандым. Қарапайым еңбек адамы үшін бұл үлкен абырой болатын. Ал бір жылдан кейін, яғни, 1966 жылы Қазақстан ЛКСМ Орталық комитетінің XI съезіне делегат болып қатыстым. Ел алдында жүрген азаматтармен бір қатарда болып, олармен дидарласып, әңгімелесу менің ой-пайымымды толықтыра түсті. Сонымен қатар өзім қатарында жүрген комсомол-жастар ұйымының сенімі, қарапайым еңбекші қауымның қолдауы иығыма үлкен жауапкершілік жүгін артты. Қоғамдық бастамаларға араласып, жастар өміріне қажетті ұсыныстардың іске асырылуына қолымнан келгенше үлесімді қосуға тырыстым. Колхоздағы комсомол ұйымына жетекшілік жасадым. Жұмыс та жүріп жатыр, қызықты, думанды кештерге де уақыт табамыз. Ауыл өмірінің, тұрмыс-тіршілігінің ерекшелігі осында ғой, – дейді Гүлсара апа.

Иә, жалындап тұрған жас ару жұмыстан бөлек, мәдени іс-шаралардың бел ортасында болды. Өнерге құштар жастарды ұйымдастырып, көркемөнерпаздар үйірмесін құрды. Өзі де өнерге жақын, арасында әуелетіп ән салатын. Осындай еңбегінің ақталғаны болар, жас ару, мықты маман Гүлсара Қуандықова «Еңбек Қызыл Ту» орденін кеудесіне тақты.

1967 жыл. Гүлсара Алматы қаласында өтіп жатқан механизаторлардың республикалық жарысына қатысты. Оның ойынша, бұл жарыста жеңіп шығу оңай болмайтын сияқты. Өйткені өзінен басқа қатысушылардың бәрі әр өңірдің мықты механизатор жігіттері. Әйел затынан тек өзі ғана, сондықтан көңілінде қобалжу басым. Әйтсе де сыр алдырмай, сынға түскен ол жарыста жеңімпаз атанып, биік тұғырдан көрінді. Енді бұған жүктелген міндет Мәскеуде өтетін механизаторлардың одақтық жарысына Қазақстанның атынан қатысуы керек. Сонда Гүлсара ауылдағы анасына хат жазып, өзіне артылған үлкен жауапкершіліктің жүгін арқалай тұрып, жеңіске жетуге барын салатынын айтқан еді. Шындығында, солай болды.

Мәскеудегі механизаторлар жарысына 22 адам қатысты, оның 20-сы – ер адам, екеуі – қыз. Бірі – Гүлсара Қуандықова болса, екіншісі – Украинадан келген Валентина Беспятая есімді қыз. Жарыстың өтетін мерзімі он күн деп белгіленген. Шарты бойынша әдеттегідей егін егуге жерді дайындау. Сонымен қатысушылардың бәріне жаңа «ДТ-75» тракторы берілді. Он күн ішінде олар өзіне бекітілген жер көлемін толық әзірлеп үлгеруі тиіс.

Еңбекпен әбден шыңдалған Гүлсара Қуандықова бұл жарыста да бас жүлдені жеңіп алып, абыройға бөленді. Бағалы сыйлықтарды иеленді. Атап айтсақ, ауыл шаруашылығы министрлігі «Құрмет грамотасын», «Урал» мотоциклін, «Комсомольская правда» газеті «Алтын дән» жүлделі сыйлығын, ал «Крестьянка» журналы «Орбита» транзистрін тарту етті.

Жас механизатор қыздың атағы аспандап, халықтың құрметі мен сүйіспеншілігіне бөленді. Оған еліктеп, техника руліне отырған қыздар да болды. Бір сөзбен айтқанда, адал еңбектің еш кетпейтіні, абыройдың өзі іздеп табатындығының дәлелі осы еді. Күндердің бір күні ару қыздың есімі әдемі әнге арқау болды. Сыр бойының шығармашылық өкілдері ақын Махмұтбай Әміреев пен сазгер Тәңірберген Қалауовтың туындысы «Тракторшы Гүлсара» әні өмірге келді.

– Жақсы үмітпен бір жарқ етіп жанары,

Дүбірлетіп жатқан байтақ даланы.

Таңнан тұрып темір тұлпар мінген қыз,

Қырқа жаққа қайта кетіп барады. – деп басталып, қайырмасы:

– Бақытыңды шың сана,

Өміріңді гүл сана.

Жарыстағы құрбыңды,

Жаныңда әркез бір сана.

Ер еңбекте жүлде алған,

Тракторшы Гүлсара, – деп келетін тамаша әнді сол дәуірдегі жастар талай кештерде талмай шырқайтын.

Иә, майталман механизатор, бүкілодақтың жарыстың жеңімпазы, Жалағаш ауданының Құрметті азаматы  Гүлсара Қуандықова апамыздың еткен еңбегі ерен.

Ғазиза ӘБІЛДА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<