Қоғамдық даму – мемлекет саясатының күретамыры

524

0

Ел тәуелсіздігінің алғашқы жылдарында мемлекеттің ішкі саясатын қалыптастыру, қоғамның тұрақтылығын нығайту маңызды міндеттің бірі болды. Осы орайда елдің ішкі ахуалын үйлестіріп, атқарушы билік пен азаматтық қоғам арасында байланыс орнатып, сапалы ақпарат алаңының қалыптасуын қамтамасыз ететін құзырлы мекеме құрылды.

Дәлірек айтсақ, облыс әкімдігінің 2002 жылғы 30 қазандағы №526 шешіміне сәйкес «Қызылорда облыстық ішкі саясат департаменті» мемлекеттік мекемесі құрылды. Мекеменің негізгі бағыты бойынша мониторинг және талдау бөлімі, қоғамдық ұйымдар және діни бірлестіктермен жұмыс, жұртшылықпен байланыс, ұйымдастыру-әдістемелік және құқықтық-қаржы бөлімі сияқты төрт сектор бойынша жұмыс жүргізілетін. Алғашқы құрылған кезде департаментте 12 адам қызмет етті. Ал 2004 жылы облыс әкімдігінің қаулысына сәйкес штаттық құрылым саны 18-ді құраса, тағы қосымша әкімшілік бөлім, жастармен жұмыс жасау, ақпараттық саясат және бұқаралық ақпарат құралдары мониторингі, саяси партиялар, үкіметтік емес ұйымдар және діни бірлестіктермен жұмыс, талдау және мониторинг бөлімдерімен толығып, жұмыс ауқымы кеңейе түсті. «Жергілікті мемлекеттік басқарудың кейбір мәселелері туралы» облыс әкімдігінің қаулысына сәйкес 2008 жылы аталған департамент «Қызылорда облыстық ішкі саясат басқармасы» мемлекеттік мекемесі болып өзгертілді.

ҚР Бәсекелестікті қорғау агенттігінің өңіраралық инспекциясының бұйрығына сәйкес Қызылорда облыстық ішкі саясат басқармасының келісім беруімен, «облыстық «Сыр бойы» газетінің редакциясы және «облыстық «Кызылординские вести» газетінің редакциясы» шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік коммуналдық кәсіпорындарын қосу арқылы облыстық ішкі саясат басқармасына қарайтын «Сыр медиа» шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік коммуналдық кәсіпорны құрылып, жарғысы бекітілді. Аталған кәсіпорын мемлекеттік тапсырыс бойынша елде, өңірде іске асырылып жатқан бағдарламалар, жобалар аясында қоғамдық-саяси және рухани, әлеуметтік бағытта тұрақты ақпараттық жұмыс жүргізеді.

Облыс әкімдігінің 2015 жылғы қаулысымен облыстық ішкі саясат басқармасына бұған дейін өз алдына дербес қызмет атқарып келген дін істері, жастар саясаты, тілдерді дамыту басқармалары біріктірілді. Ал 2016 жылы «Қызылорда облыстық ішкі саясат басқармасы» мемлекеттік мекемесінен жастар саясаты саласындағы функцияларды бере отырып, «Қызылорда облысының жастар саясаты мәселелері басқармасы» мемлекеттік мекемесі құрылды.

Басқарманың құрылымы, қызмет көрсету бағыты

Ішкі саясат басқармасы 2022 жылғы 22 сәуірде облыс әкімдігінің №543 қаулысына сәйкес «Қызылорда облысының қоғамдық даму басқармасы» коммуналдық мемлекеттік мекемесі болып қайта құрылды.

Осы қаулыға сәйкес «Қызылорда облысының дін істері басқармасы» коммуналдық мемлекеттік мекемесі біріктірілген болатын. Ал, «Жергілікті мемлекеттік басқарудың кейбір мәселелері туралы» облыс әкімінің 2023 жылғы 3 ақпандағы №20 қаулысымен «Қызылорда облысының дін істері басқармасы» коммуналдық мемлекеттік мекемесі өз алдына бөлініп, қайтадан құрылды.

Бүгінде басқармаға қарасты 5 орталық (коммуналдық мемлекеттік мекеме)жұмыс жасайды. Оларда 250-ге (242) жуық қызметкер облыстың қоғамдық-саяси өмірінде белсенді қызмет атқаруда.

Атап айтқанда, «Қызылорда облысының тілдерді оқыту орталығы»  КММ Қазақстан Республикасында тілдерді дамыту мен қолданудың  2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын іске асыру және мемлекеттік, бюджеттік сала қызметкерлеріне тілдерді оқыту курстарын ұйымдастыру, қолданыс аясын кеңейту бағытындағы жұмыстарды жүргізеді.

«Ақпараттық талдау орталығы» КММ күнделікті облыстағы қоғамдық-саяси ахуалды, елді мекендердегі, ұжымдардағы орын алуы ықтимал наразылықтарды анықтау және дер кезінде дұрыс шешім қабылдау жолдарын қарастырады.

«Өңірлік коммуникациялар қызметі» КММ облыс аумағында мемлекеттік ақпараттық-имидждік саясатты іске асырумен айналысады. Сондай-ақ, ҚР Президенті Жолдауынан туындаған мақсат-міндеттердің орындалуы мен мемлекеттік бағдарламалардың іске асуы, өзекті және проблемалық мәселелерді түсіндіру мақсатында БАҚ өкілдері үшін кездесулер, брифингтер, баспасөз конференцияларын, пресс турлар, сұхбаттар ұйымдастырады. Әр сала бойынша аймақта атқарылған жұмыстар туралы халықты кеңінен ақпараттандырады және қоғамда резонанс туғызған маңызды мәселелер жайлы жылдам әрі нақты хабарламаларды таратады.

«Қоғамдық келісім» КММ – облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының қызметін қамтамасыз етеді және оның іс-шараларын өткізу жөніндегі функцияларды атқарады. Этномәдени және басқа да қоғамдық бірлестіктер мен ұйымдардың ассамблеяның міндеттерін іске асыруға бағытталған жұмыстарына қолдау көрсетеді.

«Жастар ресурстық орталығы» КММ – жастардың бастамаларын ақпараттық-әдістемелік консультациялық сүйемелдеу мен қолдау, жастар ортасындағы ахуалға мониторинг пен талдауды жүзеге асырады. Сонымен қатар, жастардың әлеуметтік және жеке дамуына жәрдемдеседі, жастар ұйымдарының қызметін қолдайды.

Бүгінде облыстың медиа кеңістігінде қызмет ету үшін 148 (13 мемлекеттік, 135 тәуелсіз) бұқаралық ақпарат құралы тіркелген. Оның 120-сы баспа БАҚ, 26-сы интернет-сайттар мен ақпараттық агенттіктер, 2 телеарна бар. Қазір оның 61 пайызы тұрақты халыққа ақпарат таратады.

Азаматтық қоғам әлеуеті

Азаматтық қоғам институттарымен жұмыс жүргізу де басқарманың басты міндеттерінің бірі. Әділет департаментінде 1057 үкіметтік емес ұйым тіркелген. Оның 400-ге жуығы өңірдің рухани-мәдени, қоғамдық өміріне белсенді араласып, өз үлестерін қосуда.

Қызылорданың облыс болып құрылғанына 85 жыл, қалаға 205, бірқатар аудандарға 95 жыл толды. Облыстың 85 жылдығы жыл көлемінде түрлі салада кең көлемде аталып өтуде.

Облыстық, қалалық және аудандық әкімдіктер жанындағы кеңестер мен комиссиялар құрамына 100-ден аса үкіметтік емес ұйым өкілдері тартылған. Бүгінде өңірде азаматтық қоғам институттарының басын біріктіретін «Қызылорда облысының Үкіметтік емес ұйымдарының Альянсы Ассоциациясы» деп аталатын заңды тұлғалар бірлестігі бар. Сондай-ақ, ассоциацияның аудандарда өкілдіктері ашылып, жауапты жетекшілері бекітілген.

Облыста «AMANAT» партиясы, «Ақ жол» ҚДП, «Қазақстан Халық партиясы», «Ауыл» ХДПП, «Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы», «Baytaq» Жасылдар партиясы, «Respublika» партиясының облыстық филиалдары өз қызметін жүргізіп отыр.

Жыл сайын мемлекеттік тапсырыс арқылы азаматтық қоғам құрылымдарына қаржылай қолдау көрсету көлемі де ұлғайып келеді. Айталық, 2023 жылға облыс бойынша мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс арқылы 145 жобаға 1 млрд 159 млн 638 мың теңге қаржы қаралып, 19 салалық бағыт қамтылған.

Жылдық жоспарға сәйкес қоғамдық-саяси маңызды оқиғалар мен республика көлемінде өтетін атаулы даталар бойынша облыстан шыққан азаматтардың мерейтойларына арналған тағылымды жиындар, өңірдің тарихи-мәдени және идеологиялық мазмұнын айшықтайтын іс-шаралар кезең-кезеңімен өткізіліп келеді.

Түркі тілдес елдердің «Қорқыт және Ұлы дала сазы» атты халықаралық фольклорлық музыкалық өнер фестивалі, «Мерейлі отбасы – 2023» ұлттық конкурсының облыстық қорытынды кезеңі, Қазақстанның XI Азаматтық форумы қарсаңында «Азаматтық қоғам және мәдениет: Қазақстанның жаңаруы бағытындағы құндылықтар мен басым бағыттар» атты өңірлік форум және облыстық әкелер форумы ұйымдастырылды.

Ұлт қайраткері Мұстафа Шоқайдың есімін ұлықтауға, мемлекет және қоғам қайраткері Темірбек Жүргеновтің 125 жылдығына арналған халықаралық деңгейдегі іс-шаралар біздің өңірде ұйымдастырылды.

Облыстың дамуында ерекше орны бар Қонысбек Қазантаев, Исатай Әбдікәрімов және Тәкей Есетов секілді мемлекет және қоғам қайраткерлерінің 100 жылдық мерейтойлары кең көлемде, түрлі форматтағы іс-шаралармен атап өтілді.

Облыстың 85 жылдығына орай «Сыр елі» энциклопедиясын қайта әзірлеп шығару, аймақ тарихын айшықтайтын арнайы деректі фильм түсіру, облыс тарихына арналған кітап шығару және облыстың 85 жылдығына орай имидждік телесериал түсіру жұмыстары ұйымдастырылды.

Мемлекеттік тіл саясаты

Қазақстан Республикасындағы тіл саясатын дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасын іске асыру және «ҚР тіл туралы» Заңы талаптарының сақталуын қамтамасыз ету бағытында тұрақты жұмыс жүргізіліп келеді. 2023 жылы мемлекеттік тіл саясатын жүзеге асыруға облыстық бюджеттен 126 млн теңге бөлінді. Оның ішінде «Тілдерді оқыту орталығына» 107 млн, 4 жобаға 19 млн теңге қаралған. Айта кетейік, облыстағы тілдерді оқыту орталығы арқылы мемлекеттік мекеме, кәсіпорын, ұйым қызметкерлеріне, сондай-ақ жеке тұлғаларға мемлекеттік, орыс және ағылшын тілдерін оқыту курстары ұйымдастырылады.

Бүгінде тіл орталығының «Тыңда! Түсін! Тіл үйрен!», «Сөйлеу мәдениеті» және «Қазақ тілін кинофильмдер арқылы оқыту» атты әдістемелері республикалық деңгейде үздік деп танылып, қолданысқа енгізілді. Жалпы мемлекеттік тіл саясатын іске асыру бағытында 35  іс-шара өткізіліп, оған 3000-ға жуық адам қамтылған.

Орталықтағы жүйелі жұмыстардың бір көрінісі – тілдерді оқыту орталығының оқытушысы Гүлжанат Дүзенова А.Байтұрсынұлы атындағы мемлекеттік тіл оқытушыларының республикалық байқауында бас жүлдені, «Ең сауатты жарнама – тіл абыройы» атты республикалық байқауда облыс атынан Салтанат Байжанова жүлделі ІІІ орынды иеленді.

«Тарихи тұлғалар» есімін ұлықтау мәселесі бойынша 2 рет облыстық ономастика комиссиясының отырысы өткізіліп, тиісті ұсыныстар ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігіне жолданды.

Облыста қазір «Қоғамдық тамақтану орындарындағы ас мәзірінің лингвистикалық базасын қалыптастыру» және «Korneki» жобалары қолға алынған. Мысалы, «Korneki» әлеуметтік жобасы аясында қаладағы 30 көшенің бойында орналасқан кәсіпкерлік нысандардың көрнекі ақпараттарына мониторинг жұмыстары жүргізілді. Осының аясында 187 кемшілік анықталған нысандарға тиісті ұсыным хаттар беріліп, 124 кәсіпкерлік нысанның жарнама мәтіні мемлекеттік тілге аударылды.

Республика күні ұлттық мерекесіне орай Байқоңыр қаласындағы 4 көшеге қазақтың ұлы тұлғаларының есімі берілді. Айталық, «Авиационный» көшесі – әскери қолбасшы, жазушы Бауыржан Момышұлының, «Гостиничный проезд» көшесі – Кеңес Одағының батыры Әлия Молдағұлованың, «Внутриквартальный проезд» көшесі – Мәншүк Мәметова, «Набережная» – Қорқыт ата атындағы жағалау болып өзгерді. Жергілікті тұрғындар бұл жаңалықты қуанышпен қабылдағанын айта кеткеніміз жөн.

Өңірдегі Қазақстан халқы Ассамблеясының қызметі

Мемлекеттік этносаясатты жүзеге асыруда облыстық ҚХА құрамында 11 этномәдени бірлестіктер, аудандарда 5 этнобағытталған үкіметтік емес ұйымдар және 9 қоғамдық құрылым жұмыс атқарады. Сонымен қатар Қорқыт ата атындағы ҚУ-нің «Қазақстан халқы Ассамблеясы» орталығымен тығыз әріптестік байланыс орнатылған.

Облыстық Қазақстан халқы ассамблеясы арқылы жыл бойы «Сыр өңірі – бейбітшілік пен келісім мекені» жобасы аясында облыстық этномәдени бірлестіктердің ашық есік күндері, түрлі бағыттағы семинарлар, этностардың мәдени күндері және ұлттық мерекелері аталып өтеді. Есепті мерзімде жоспарлы түрде және жоспардан тыс онлайн-офлайн форматта барлығы 272 шара ұйымдастырылып, оған 18 мыңнан аса адам қамтылған.

 Нақтырақ айтқанда, жыл басынан бері ҚХА жанындағы этномәдени бірлестіктердің ұйымдастыруымен түрлі форматтағы 46 іс-шара ұйымдастырылып, оған 2500-ге жуық адам қатысты.

Қызылорда қаласында республикалық «Корё ильбо» газетінің 100 жылдығына арналған мемориалдық тақтаның салтанатты ашылу рәсімі ұйымдастырылды. Сонымен қатар, осы жылдың 3 қарашасында Корея Республикасы делегациясының қатысуымен қайта жаңғыртудан өткен халық қаһарманы Хон Бом Доның мемориалдық кешенінің салтанатты ашылуы болды.

Жыл аясында облыс әкімі, облыстық ассамблея төрағасы Н.Нәлібаевтың төрағалығымен «Әділетті Қазақстан – даму мен бірегейліктің негізі» тақырыбында Қызылорда облыстық Қазақстан халқы ассамблеясының ХХV сессиясы өткізілді.

Жастар саясатындағы жаңа жобалар

Әлеуметтік саланың негізгі бағыттарының бірі – мемлекеттік жастар саясаты. Бұл орайда елімізде, аймағымызда күн сайын жаңа жобалар іске асырылып, тың бастамалар қолға алынуда. Нақты мерзімде аймақ халқының 30 пайызға жуығын 14 пен 35 жас аралығындағы жастар құрайды.Облыс көлемінде Байқоңыр қаласының жастарын қоса есептегенде 14 пен 35 жас аралығындағы 244 865 жас есепке алынып, жалпы халықтың 29,3 пайызын құрады. (111 556 (45,5%) – қала жастары, 133 309 (54,5%) – ауыл жастары).

Ал жастар саясатына бөлінген қаржы өткен жылмен салыстырғанда 3 есеге артты.

Биыл алғаш рет аймақ басшысының бастамасымен «Сыр жастары» жеңілдетілген ипотекалық тұрғын үй бағдарламасы қабылданды. Бағдарлама аясында 100 пәтер табысталады.

Халықты жұмыспен қамту органдары арқылы 14 мыңға жуық жас (13 848) жұмыспен қамтудың белсенді шараларына тартылды.

Кәсіпкерлікті дамытудың ұлттық жобасы аясында жалпы несие портфелі 3,1 млрд теңгені құрайтын жас кәсіпкерлердің 65 жобасы субсидияланды. Жастардың кәсіпкерлік бастамасын қолдауға арналған 2,5 пайызбен жеңілдетілген несие беру арқылы 2,3 млрд теңгеге 504 жастың өтінімі мақұлданды.

Осындай қабылданған жұмыстардың нәтижесінде жастардың жұмыссыздық деңгейі өткен жылдың есепті кезеңімен салыстырғанда 4,1 пайыздан 3,5 пайызға төмендеді.

Облыс көлемінде 10 Жастар ресурстық орталығы бар. Орталықтарда барлығы146 маман қызмет етеді.

Жастарға арналған инфрақұрылымдарды дамыту бағытында да кешенді жобалар жүзеге асырылуда. Президент қолдауымен «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында аймақта құны 98 млрд теңгені құрайтын 21 мектеп салынады.  «Білім беру инфрақұрылымын қолдау қоры» есебінен Қызылорда қаласында физика-математика бағытындағы 300 орындық мектеп-интернат пайдалануға беріледі. Сондай-ақ, қала орталығында бой көтерген Өнер орталығы жыл аяғына дейін жұмысын бастайды. Тағы бір жағымды жаңалық, өңірімізден шыққан жанашыр азаматтардың демеушілігімен сол жағалаудан 650 орындық музыкалық колледж ғимаратын салу жобасы қолға алынды. Ал осыған дейін үйірме ретінде жұмыс жасаған «Жастар театры» аймақ басшысының қолдауымен, өз алдына театр ретінде құрылды. «Сыр жастары» жеңілдетілген ипотекалық тұрғын үй бағдарламасының жүзеге асырылатыны жастарға қуаныш сыйлаған жаңалықтың бірі екенін және айту керек.

Аймақ жастарының қатысуымен «А.Жұмаділдаев атындағы жас математиктер арасындағы халықаралық байқау», «Жайдарман» турнирі, «Тәуелсіздік ұрпақтары» байқауы, ерекше жастарға арналған 3 күндік лагерь мен «Жастар балы»,  пробация есебіндегі жастар арасында өңірлік «Жастар спартакиадасы», жас мемлекеттік қызметшілер арасында облыстық интеллектуалдық ойын сияқты танымдық деңгейдегі іс-шаралар ұйымдастырылды. Сондай-ақ, 15 белсенді жасқа облыс әкімінің «Сыр үміті» жастар сыйлығы табысталды.

Діни ахуал деңгейі

Қызылорда облысы әкімдігінің «Жергілікті мемлекеттік басқарудың кейбір мәселелері туралы» 2023 жылғы 3 ақпандағы №20 қаулысымен «Қызылорда облысының қоғамдық даму басқармасы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінен дін саласындағы функцияларды бере отырып, «Қызылорда облысының дін істері басқармасы» коммуналдық мемлекеттік мекемесі құрылды. Есепті кезеңде аймақта діни ахуал тұрақты сипатталады.Бүгінде 7 конфессия өкілдері, олардың қатарында 182 мешіт, 15 шіркеу бар.

Дін істері басқармасы діни экстремизм және терроризм профилактикасы бойынша жалпы профилактика, оңалту жұмыстары, интернеттегі қарсы насихаттық шаралар секілді үш бағытта жұмыс жасайды. Қала және аудан әкімдіктері ақпараттық-түсіндіру тобының қатысуымен 200-ден астам  іс-шара ұйымдастырылған. Сондай-ақ, дін мәселелеріне байланысты материалдарды интернет кеңістігінде орналастыру бағытында қала және аудан әкімдіктерінің әлеуметтік желілердегі ресми парақшаларынан бөлек, Дін мәселелерін зерттеу орталығының парақшалары жұмыс жасайды.

Жастарды рухани-танымдық бағытта ақпараттандыру мақсатында Дін мәселелерін зерттеу орталығынан биыл «Onai» подкаст жобасы, қазан айында «Shyraq» каналында «БАҒА LIKE» бағдарламасы және «Кезекті сұхбат» рубрикасы іске қосылды. Әлеуметтік желілерге жүргізілген мониторинг нәтижесімен күмәнді деп танылған сілтемелер дінтану сараптамасына жолданып, нақты қорытынды берілді. 2020 жылдан бері облыс әкімінің білім грантымен «Нұр-Мүбарак» Египет Ислам мәдениеті университетінде «Дінтану», «Исламтану», «Теология» мамандықтарында қызылордалық 12 студент білім алуда. Дін мәселелерін зерттеу орталығы КММ жанынан құрылған «Ғылыми сарапшылық кеңестің» жыл басынан бері 2 кездесуі өткізілді. Сонымен қатар, «Діни бірлестіктер клубында» кездесулер, спорттық ойындар ұйымдастырылды.

Ғазиза ӘБІЛДА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<