Тігіншіні инесі асырайды

369

0

Қызылордалық Назерке Кенжетаева – кәсіби тігінші. Ол бала күнінен жанына жақын ісін уақыт өте келе кәсіпке айналдырды.  Жеке цех ашып,  шаруасын дөңгелентіп отыр.

– Бала күнімнен тігін тігуге қызығушылық болды. Бірақ өзге мамандықты таңдадым. Жоғары білім алдым, жұмыс істедім. Сонда да тігін тігуді көңілім қалап тұратын. Көп ойланып бір шешімге келіп, Текей батыр Қарпықұлы атындағы жоғары колледжіне түсіп, тігінші мамандығын бітірдім. Соңғы курста шәкіртақымды жинап, ескі тігін машинасын сатып алдым. Бірге оқитын қыздармен бірігіп, шеберхана аштым. Алғашқы жұмысымды мектеп формасын тігуден бастадым. Студент болғандықтан білмегенімді ұстаздарымнан үйрендім. Тәжірибе жинай жүріп, шыңдалдым. Шағын бөлмеде отырып-ақ көптеген тапсырыс орындадым. Келушілер алғыс айтқан сайын жұмысыма деген шабытым еселене түсті. Тапқан табысымды жинап, тағы да тігін машинасын сатып алдым. Жұмыс ауқымы кеңейіп, өзге де тапсырыстарды қабылдап, екі адамды тұрақты жұмысқа қабылдадым, –дейді ол.

Еңбекқор қыз қаладағы бірнеше той салонымен келісімге келіп, қыз ұзату көйлектерін де тігеді. Қазақы үлгідегі камзол, сәнді көйлектің ою-өрнектермен көмкерілуі, сапалы мата қолдануы оның жұмысының жоғары деңгейін байқатып тұрады. Бұдан бөлек, қалпына келтіру, ескі киімді заманауи үлгіде келістіру сынды шаруаға да икемді. Құрал-жабдықтарын түгендеп, соңғы үлгісіне  қол жеткізді.

– Еңбек етемін дегенге мүмкіндік көп. Осы кезге дейін кәсібіме тек жеке қаражатымды жұмсадым. Енді жұмыс ауқымын кеңейту үшін мемлекеттік бағдарламаларға қатыссам деймін. Көпшілікте  тігін тігуде мол табыс болмайды деген түсінік қалыптасқан. Бірақ бұл – қате пікір. Көзге көрінбейтін шаруа секілді шығар.  Алайда, келушілердің қарасы көп. Кейде бір киімді қысқартып немесе өзгертіп беру үшін екі-үш апта керек. Себебі, үлгере алмаймыз,  демалыссыз жұмыс істейтін кездер де болады.

Бұрын бала күнімізде әрбір үйде тігін машинасы болатын. Киім, төсек жабдықтары сынды керекті заттарды анамыз өзі тігетін. Қыз жасауын, көрпе-төсегін асарлатып бітіретін. Қазір тігіншіге беріп, аз уақыттың ішінде көздің жауын алатын мүлікті дайын етеді. Сондықтан болар тігін шеберханасы көп. Үйден жұмыс істейтіндері қаншама. Қарапайым мысал, баласының жейдесіне түйме тақтыруға келетін ата-аналар көп. Бұл біздің жұмысымызға деген сұраныстың жоғары екенін білдіреді, – дейді ол.

Шебер көп ізденіп, жаңа технологияның мүмкіндігін кәдеге жаратады. Қайырымдылық іс-шараларынан да қалыс қалмайды, демеушілік білдіріп, игі іске атсалысып келеді.  Биыл екінші тігін цехын ашуды көздеп отыр. Тиісті құжаттарын әзірлеп, мемлекеттік бағдарламаға қатысып көрмек.

– Тігін тігу үшін адамға ептілік, шеберлік, шыдам керек. Сонда ғана жасаған дүниең үйлесім тауып, әдемі болады. Еңбек өсіреді, қанаттандырады, жетістікке жетелейді. Тапсырысты орындау үшін көз майымызды тауысып, қолды ойып жұмыс істеген кездер болды. Есесіне, жемісін көрдік. Бірден жетістікке жете аламын, бәрі бола қалады деген ой қате. Үлкен не болмаса шағын кәсіп болсын, өсу, кедергілерден өту сатысынан тұрады. Соған шыдамдылық танытып, сүрінген кезде қайта тұруды үйренсең, түбі жақсы болады. Мысалы, шағын бөлмеде, ескі тігін машинамен бастаған  ісім  нәтижесін берді. Тек күндіз-түні еңбек ете бердім,–дейді ол.

Рас, кейіпкер сөзінің жаны бар. «Еңбек етсең, емерсің, ерінбесең жеңерсің» деп бекер айтылмаған.

Сара АДАЙБАЕВА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<