Кәсіптік білімнің көшбасшысы еді

193

0

 

 

Биылғы 2025 жылды Мемлекет басшысы «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жариялады. Бұл шешім елдің экономикалық жағынан дамуына үлкен үлес қосады, өйткені, жұмысшы мамандықтары – өндіріс, құрылыс, ауыл шаруашылығы сияқты салалардың негізі. Кеңес Одағы кезінде де, одан кейінгі Тәуелсіздік жылдарында да бұл салада қыруар жұмыс жасалды. Осы жұмыстарды жүзеге асыруда қажырлы еңбек еткен ардагер- ұстаздарымыздың есімін әрдайым еске аламыз. Өмір бойы осы салада еңбек етіп, кәсіптік білім берудің отымен кіріп, күлімен шыққан Жұмабай Маханов ағамыздың еңбек жолы баршамызға үлгі-өнеге.

Ол 1942 жылы 1 шілдеде Қармақшы ау­даны «Төрткөл» ауылында дүниеге келген. Ал­дымен ауылдағы мектепте, 7-сыныптан Жосалы қыста­ғын­дағы Молотов атын­дағы №26 мектеп-интернатта оқы­ған.

Еңбек жолын колхозда жұ­мысшы болып бастаған. Со­вет Армиясы қатарында әс­кери борышын атқарған соң, Н.Гоголь атындағы Қызыл­ор­да пединститутын оқып бі­тірген. Содан өмірінің со­ңы­на дейін №113 кәсіптік-тех­ни­калық училищесінде (ке­йін №6 кәсіптік лицей) дирек­тор­дың орынбасары қызметін 36 жыл бойы абыроймен ат­қарды. 1979-1981 жылдары Қы­зыл­орда теміржолына қа­рас­­ты №1 мектеп-интернат ди­рек­торы қызметінде болған.

Облыстағы кәсіптік-тех­ни­калық білім беру саласының өткен тарихына көз жібер­сек, №113 (№6 кәсіптік лицей) кә­сіптік-тех­никалық учили­щесі осы саладағы қарашаңы­рақтың бірі де бірегейі бол­ды. 1954 жылы №26 құры­лыс­шылар мектебі болып ашыл­ған бұл оқу орны өткен 58 жыл ішінде қаншама жұмысшы ма­ман даярлап, еліміздің түкпір-түкпіріне аттандырды.

Жұмабай Маханов соның 36 жылында директордың орын­басары қызметін атқар­ған екен. Оның басшылығымен учи­лище сапалы білім мен тәрбие беруде, білікті де ше­бер мамандар даярлауда үлкен жетістіктерге қол жеткі­зіп, «Әрбір пәнге – оқу каби­неті, әрбір мамандыққа – шебер­хана» деген қағидамен жұмыс жасады.

Ол облыстық кәсіптік-тех­никалық білім беру қыз­меткерлері мен ұжымы ара­сында аса беделді болды. «Ұс­таздық ету – өзгенің бақы­тын аялау, өзінің уақытын аямау» де­ген қағиданы ұстана жүріп, Жұмекең қан­шама жас ұстаздарды, өндіріс ше­бер­лерін тәрбиеледі, жұмыс­шы мамандарын даяр­лаудың, сапалы білім берудің қыр-сырын үйретті, оларға ба­ғыт-бағдар берді. Жаңадан еңбек жолын бастаған жас ма­ман-ұстаздарға өзінің іс-тә­жірибесін үйретуден, қам­қорлық танытудан жалық­пай­тын.

КСРО Халық мұғалімі Т.Қасымов, елі­мізге еңбегі сің­ген бапкер В.Пак, ұлағат­ты ұстаз-басшылар Д.Айтжанова, Қ.Мырзах­метов, С.Раханов, Н.Ерниязов, Б.Күзембаев, та­ғы басқалармен қоян-қол­тық жұмыс істеді. Еліміз­дің, қа­ла берді, Әлемнің бірне­ше дүркін жеңімпаздары бол­ған велошабандоздар М.Са­­­ты­балдиев, В.Капустин, үш мәрте рес­пуб­лика чемпио­ны атанған жеңіл атлет И.Сә­­­лім­ов, республика чемпион­дары, бокс­тан СССР спорт шеберлері Ә.Оргараев. Н.Кө­­беков және т.б. осы оқу орнының ке­шегі шәкірттерінің өсіп-жеті­луіне, адами-пат­риоттық қасиет­тер­ді бойға сіңіруіне көп ық­пал етті.

Жұмекең өзінің іскерлігі­нің, ұйымдасты­ру қабілетінің арқасында ұжым мүшелерін ұйымшылдыққа, ауызбірлікке жұмылдыра білді. Оқу-тәр­бие жұмыстарын ғылыми не­гізде үйлестіруі арқасында училище ұжымы оқу-тәрбие, әлеуметтік-мәдени, спорттық жұмыстарда жылда жоғары жетістіктерге жетіп жүрді. Оқу орнында 6 директормен қызметтес болды. Барлық бас­шы оған арқа сүйейтін, ең­бегіне риза болатын. Кез кел­ген уақытта қол ұшын беруге дайын тұратын. Ұстаздар мен өндірістік оқу шеберлерінің жоғары атақтарға ие болуына көмектескенін астын сызып айтқан жөн. Училищенің оқы­­тушысы Т.Қасымовтың СССР Халық мұ­ғалімі жоғары ата­ғын алуына Жұмекең ай­рық­ша еңбек сіңірді.

1970-1974 жылдары елде, облыста жал­пы кәсіптік ма­мандық берумен қатар орта білім беру реформасы жүргі­зілді. Осы жұ­мыстарды та­быс­ты жүзеге асыруға оқу ісі­нің меңгерушісі Жұмабай Ма­хановтың қосқан үлесі мол болды.

«Кәсіптік мамандықпен бір­ге жаппай орта білім бе­руді ұйымдастыру ерекшелік­тері мен тәжірибелері» тақы­рыбында озық тәжірибелік жұ­мыстары облыс көлеміне та­­ратылды. Оқу-тәрбие жұ­мыс­­тарына, қазақ тілі мен әде­биетін тереңдетіп оқытуға бай­­ланысты әдістемелік ең­бек­­тері газет беттерінде, кі­тап­­ша болып жарық көрді.

Жұмысшы мамандықтар­дың мемлекеттік стандартын қазақ тілінде әзiрлеуге қо­мақ­ты үлесін қосып, сол жыл­да­ры Қызылорда облысы респуб­ли­када бiрiншi орынға ие болды.

Ол жаны таза, жүрегі жұм­сақ, көңілі көк­тем, пе­йілі дарқан, досқа адал жан бо­ла­тын. Айналасынан адам үзілмейтін, ойын ашық айта­тын, шындық үшін басын бәй­геге тігетін, жағым­паз­дық­ты ұнатпайтын, талап­шыл әрі турашыл жан еді. Өте қа­рапайым, кішіпейiл, ізеттi, бi­лiмдi, парасатты Жұмабай Ма­ханұлының бойында мансап қуу, көзге түсу, бiреуге тәуелді болу се­кілді әдеттер жоқ болатын. Бірінші кезекте қа­рапайым халық пен балалар жайлы ойлайтын.

Жұмекең көпшіл еді, үл­кенді аға, кішіні іні деп кі­ші­пейілділікпен сыйласа­тын. Ол әзіл айтуға, қуақы сөз­­де­рімен адамның көңілін көте­руге шебер болатын. Ол жө­нінде қатар қызмет жаса­ған С.Раханов: «Бір жыл­дары об­лыстық партия комитеті жа­нын­дағы екі жылдық марк­сизм-ленинизм универ­сите­тінің бір оқу тобында С.Ра­ханов, Ж.Маханов, С.Дал­ханов, Д.Жақанов (бар­лығы­мыз да білім саласы­нанбыз) бірге оқыдық. Кейде жұ­мыстан кеш шығуы­мызға, жол­сапарға кетуімізге байла­нысты оқуға, кейде емти­хан­дарға бармай қалатын кез­­­деріміз болатын. Универ­си­тет ректоры, қарт ком­му­­нист А.Ко­ренченко сол кез­дегі қа­лалық партия коми­те­тінің идеологиялық жұмыс­тар жө­ніндегі хатшысы Абы­лайхан Айдосовқа біздің үстімізден шағым хат тү­сіріпті. Ол жерде «Универ­ситетте оқитын бі­рың­ғай ханның балалары са­бақтан жиі қалып, кейде ем­тиханға да қатыспайды» деп жазыпты.

Хатшы Абылай Хангерей­ұлы қатты ұрыспағанымен, кінәмізді бетімізге басып, ұял­тып жатты. Сонда ортамызда тұрған Жұмекең: «Әбеке, кілең ханның балалары алдыңызға келіп тұрмыз. Сіз де ханның баласысыз ғой, енді сабақтан қалмауға тырысамыз, бізге ке­шіріммен қарауыңызды сұ­раймын» дегенде ол кісі күліп жіберіп: «Сендерге де дауа жоқ екен, жарайды, енді қай­та­ламаңдар» деді. Ол кісінің өз әкесінің аты «Хан» сөзінен бастау алатынын ойға алса керек. Осыдан кейін біздер «Ханның балалары» атанып кетіп едік» деп еске алады.

№113 кәсіптік училищеге директордың орынбасары бо­ларда облыстық кәсіптік бі­лім бас­қар­масының бастығы, соғыс және ең­бек ардагері Смағұл Ысқақов «Әй, Маханның ба­ласы, сен де қармақшылық екен­сің, мені­мен жерлес болып шықтың ғой. Сол жағы­нан әң­гімеге ілікпейміз бе, ойла­найықшы. Байқауымша сен жас мамансың, өзің партия мү­шесісің. Іскерлігіңді көрсет, кәсіптік білім саласының қы­зығы да қиындығы мол. Ынта-жігеріңмен беріліп істесең, бұл саладан басқа жұмысқа ауысуың да қиын болар. Іске сәт, інім» деген еді деп Жұ­ме­кең өткенді жиі еске алатын.

«Смекеңнен бата алып, еңбек жолымды бастаған кие­лі қарашаңырақ мен үшін қа­сиетті орын, сондықтан да осы қызметімді басқа жұ­мыс­қа айырбастамаймын» дей­тін жарықтық. Солай бол­ды да. Өмірінің соңғы кү­ні­­не дейін қызмет орнында бол­ды. Дүниеден өте­рін біл­гендей-ақ, сенбі, жек­сенбі күн­дері жұмыста болды. Со­нан кейін ертесіне ауру­ханада көз жұмды. Кейін әріп­тес­терімізден естігендей, өмірінің соңғы күндерінде оқу жылының соңы мен алдағы жаңа оқу жылына қажетті құ­жаттарды дайындап кеткен екен. Осылайша асыл аза­мат 25 мамыр күні, зейнетке шы­ғуға 1 ай уақыт қалғанда өмір­ден озды.

Ұзақ жылдар бойғы адал еңбегі ла­йықты бағаланып, «КСРО және Қазақ ССР кә­сіптік-техникалық білім сала­сының үздігі», «Қазақ ССР халық ағарту ісінің үздігі» төс­белгілерімен, бірнеше мәр­те министр­ліктің және білім басқармасының Құрмет гра­­мо­­таларымен және Алғыс хат­тармен марапатталды.

Жұмекеңнің зайыбы Қати­ра Махатаева ұзақ жылдар бойы қаладағы №171 орта мек­тепте бастауыш сынып мұ­ғалімі болып табысты еңбек етіп, 2022 жылы дүниеден өт­ті. Адамның ең басты бай­лығы – артында қалған ұр­па­ғы, өшпейтін ісі, ел игі­лі­гіне жасаған жақсылығы. Құ­дайға шүкір, Жұмекең ар­тында ұрпақ қалдырды, 3 ұл мен 1 қыз тәрбиелеп өсірді. Үлкені Қалдыбек байланыс саласында, Нұрланы – запас­та­ғы подполковник, қызы Сәуле – ұстаз, кенже ұлы Ержан – жеке кәсіпкер.

Биыл Жұмабай ағамыздың дүниеден озғанына 20 жыл то­лып отыр. Осыған байла­нысты артында қалған ұрпақтары Жұмекең мен Қатира апайға арнап ас беріп, «Жан едің, жайсаң мінез, жылы жүрек» атты естелік жинақ шығарып, тоғызқұмалақтан облыстық турнир ұйымдастыруда.

Дана халқымызда «Ұлы адамдар өз ескерткіштерiнiң тұғырын өздері орнатады, ал мүсінін болашақ соғады» деген қанатты сөз бар. Артыңызда қалған ұрпақтарыңыз аман болсын! Жастарға өшпес мұ­ра, із қал­дырған Жұмабай Ма­ханов ағамыз әрдайым ел жа­дында.

Бауыржан ЕЛЕУСІНОВ,

Қармақшы ауданының құрметті азаматы, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі