Аспан әлемі талайды құшағына сыйдырып, талай сырды қолтығына қысып жатыр. Ал адам атаулы – осы дүниеге келіп-кетер пенде. Әр пенденің өз әлемі, тарихы, қасиетті орны бар. Солардың ішінде жұртшылықтың жүрегіне терең ұялап, сақталып та, сақталмай да қалғандары қаншама? Біреулер ғасырға татыр еңбегімен, талантымен танылып, тарих бетінде есімі алтын әріппен өшпестей жазылады. Осындай Сыр елінің біртуар азаматы, мемлекет және қоғам қайраткері, еңбек жолын қарапайым паровоз машинисінің көмекшісінен бастап комсомол, партия, совет қызметтерінде сатылап өсіп, облыстың басшысы дәрежесіне дейін көтерілген тарихи тұлға Ыдырыс Қалиев екенін айтсақ ақиқаттан алыстамаймыз. Қазақтың «Тектіден текті туады, тектілік тұқым қуады» дегеніндей, ағамыздың шыққан тегін, тарихи шежіресін төмендегідей өрбітуге болады.
Қазақ халқы еліміздің кең-байтақ жеріне ие болып, сонау Алтай, Тянь-Шань таулары мен Жоңғар ойпатын, Жетісу аймағы мен Сырдария алқабын және Дешті Қыпшақ даласын мекен еткен. Көне заманнан бастап, ғасырлар бойы айтып келе жатқан рухани мәдениетінің маңызды бір саласы қазақ шежіресі екені анық.
Халықтың шығу тегін, таралуын баяндайтын, рулар мен тайпалардың өрбуін ұрпақтан ұрпаққа жеткізетін қалыптасқан шежіре өркениетті елдердің бәрінде кездеседі. Сонымен ғасырлар бойы қалыптасқан қазақ рулары мен тайпаларының үш жүзге бірігуі этно-территориялық қана емес, ол әлеуметтік-саяси құбылыс болатын. Ол – негізгі табиғи-географиялық факторларға сай көшпелі қазақтың даласындағы үш аймаққа ту көтерген мемлекеттік дәстүр, қалыптасқан салт, жүз аралық байланыс.
Қазақтың жеті атасына дейін білуі осы аралық ішінде қан араластырмай, қыз алыспай ұрпақтың таза болуын қамтамасыз еткен. Ата-бабамыз балаларының дені сау, жаны таза, ақыл-ойының сергек болуын көздеген, қазақтың тілін, дінін, әдет-ғұрпын, мәдениеті мен өнерін сақтап қалуды басты міндет санаған.
Сыр елінде жинақталған шежіреге қарасақ, бұл аймақ – қазақ халқының үш жүзінің топтасқан жері. Сонау ақтабан шұбырынды, алакөл сұлама заманында Ұлы жүз бен Орта жүзге кіретін рулар мен тайпалар Сыр бойы мен Арал теңізі жағасын паналаған. Олардың көпшілігі жергілікті Кіші жүз тайпаларымен бірге осы аймақты тұрақты мекендейтін болған. Сондықтан «Сыр елі – қазақтың қарашаңырағы, алты Алаштың анасы» аталуы тегін болмаса керек.
«Қазақ совет энциклопедиясының» бірінші томында Қоғамұлы Алшын бастаған бөлікті Кіші жүз деп атаған. Ал осы Алшын бабамыздан тараған жүзге, руға бөлуге жатпайтын бүкіл алты Алашқа аты мәшһүр тұлғалардың бірегейі Ыдырыс ағамыздың бабалары Сейітқұл, Жалаңтөс баһадүр, Әйтеке би болатын. Олар туралы Әбіш Кекілбаев «Үркер» атты романының 81-бетінде былай деп жазған: «Ана жағы Бұқара мен Самарқан, мына жағы Елек пен Торғай арасын алып жатқан ұлан-ғайыр ұлыста, олардың бетіне қарсы келетін кісі жоқ-ты. Оларды көргенде көшпендісі түгілі отырықшысы да жайылып төсек, иіліп жастық болады. Мақұлы түгіл, тентегі мен терісі тілін қайырмас-ты. Оның себебі Төртқара түгілі Әлімнің, Әлім түгілі Алаштың атын шығарғандардың бірі Сейітқұл болатын».
XVI ғасырдың екінші жартысында Сыр бойында болған кездейсоқ оқиғаларға байланысты өзіне қарасты Алшын елін (кейбір деректерге қарағанда 40 мың түтін дейді) қасына ертіп, Сейітқұл Бұхар облысының Нұрата тауының кең-байтақ жеріне орналасып, жұртына қамқоршы болған көрінеді. Ол сол бір тайпа елдің әл-әуқатын жақсартуға мұрындық болып, халықтың мал-жанын аман сақтауға қорған болған. Бұхара ханының жарлығымен сол Нұрата өңіріне әмір болып, қазақ, қарақалпақ елдеріне билігін жүргізген. Өмірінің кейінгі кезінде Мекке, Мәдинаға үш рет барып, Қабатілләға түнеп, қажылық атағын алған. Содан кейінгі билікті балаларына беріп, қажылық жұмысқа кірісіп, медресе ашып, жеткіншектерді оқытқан.
Міне, Әйтекенің өз заманында әр жиында өте батыл, қасындағы екі биге қарағанда даусының тым ірі шығуы жуан тамырлы ұрпақтан өрбуіне байланысты дейтін. Оның бер жағында Тәуке ханның туған әкесі Жәңгір хан жоңғарлармен шайқаста жеңіліп, Жәңгір ханды өлімнен алып қалған Жалаңтөс болатын. Сондықтан Әйтекенің қазақ халқының ханы Әз Тәукеге батыл сөйлеуі тегін емес, тірегінің мықты болуынан. Әйтекенің әкесі Байбек Жалаңтөспен бір әкеден Сейітқұлдың баласы Ақшадан туған. Сонда Әйтеке Жалаңтөстің туған немере інісі болады. Кейінде Жалаңтөс баһадүр Самарқанның әмірі болып тұрған тұста бауыры Ақшаны Ходженттің әмірі етіп бекітеді. Сол Ақшадан туған Әйтеке осал бола ма?!
Тіпті Әйтекенің арғы атасы Ораз қажы (1299-1385 ж.ж.) жарты әлемді жаулаған Ақсақ Темірдің ақылшысы, тоғыз кеңесшісінің басшысы болып сайланды. Әмір Темірдің іскерлігін, тапқырлығы мен болжампаздығын байқап бата беріп, «көреген» деген қосымша атақ береді. Егде тартып қалған Ораздан ақыл-кеңес алып, жол-жоба сұрап тұрған Әмірдің бағы жанып, талабы жүреді.
Міне, осындай ұлылардың ұрпағы Сейітқұл қажының бел баласы Жалаңтөс баһадүр бабамыз дарынды тұлға, өз заманының патшасы, елін қорғаған қолбасшы батыр, халқына қолайлы жағдай жасаған көреген сәулетші, адал жолдан адаспаған кемеңгер билеуші екені өзімен-өзі түсінікті болады.
Осындай қазақ халқына емес, бүкіл алты Алашқа есімін алтын әріппен жазып кеткен Жалаңтөс баһадүрдің сегізінші ұрпағы Ыдырыс Қалиев ағамыз саналы ғұмырында текті ұрпақтың тұяғы екенін дәлелдеп кетті.
Қарапайым теміржолшыдан облысты басқару дәрежесіне көтеріліп, Сыр елінің ыстық-суығына көніп, талай істің жанашыр бастамашысы болып, халқын ізіне ертіп, қыруар жұмыстың бітуінің ұйытқысы болу нағыз нар тұлғалы азаматқа ғана тән.
Өндірістің қай саласында да ысылып, жауапты басшылық қызмет атқарып, экологиялық аймақтың мұң-мұқтажын табан аудармастан батыл шешіп, артында асқар таудай айшықтала көрінетін із тастау кім-кімнің де қолынан келе бермейді. Өз ісінің білгірі, елге сыйлы, халқына қалаулы, рухы биік, қашанда көпшіл, іске жан-тәнімен беріле кіріскен жан-жақты адам ғана осындай биіктен көрінеді.
Өмірінің саналы, қайратқа толы кезеңдерін сарқа жұмсап, Ұлы Отан соғысының отты жылдарынан да аман шығып, Сыр бойы үшін маңызды оқиғалардың бастамашысы да, атқарушысы да, куәгерлерінің бірі болды. Сол бір қиыншылық заманда қай істен де тайсалмай, қайраққа қайралып, шыңдалған болаттай суарылған алыптар тобының біріне айналды.
Оның жастық кезі аштық пен жоқшылыққа, қуғын-сүргін мен соғысқа тап келді. Бірақ мойымады, өмірден көргені мен түйгені оны шыңдап, адал еңбек етіп, білім қууға жетеледі. Ел басқарудың мектебінен өткізді, биліктің тұтқасын ұстатты, ұлт болашағы, оның келешегі қарапайым осы жандардың шынайы бейнесіндей күш қалыптасып, сомдалып, ақырында ата-баба аңсаған тәуелсіздікті құрысып, осы арманның шынайы куәгеріндей егемен ел шаңырағының уығын қадасуға жеткізгеніне де ағамыз өмірінің соңына дейін шүкіршілік етіп өтті.
Ыдекең облыс тізгінін ұстап, сапқа кірген тұста «Қызылорда» плотинасы, Қызылорда целлюлоза-картон зауыты, сәулетті, көпқабатты үйлер салынып, «Батыс», «Ақмешіт», «Мерей», «Оңтүстік» шағын аудандары бой көтерді. Алғашқы мұнай өндірісі орын теуіп, өнім шығара бастады. Тоқылмайтын маталар фабрикасы, силикат кірпіш зауыты, Қызылорда эксперименталды жөндеу және «Рисмаш» зауыты, оған қоса ондаған өндіріс пен мелиорация, құрылыс трестері мен бірлестіктері, «Түгіскен», «Сол жаға», «Оң жаға» «Қазалы» күріш массивтері инженерлік жүйеге келтіріліп, пайдалануға берілді.
Арал, Қазалы, Қызылорда қалаларында теледидар мұнаралары тұрғызылып, облыс халқы көгілдір экранды тамашалай бастады. А.Тоқмағанбетов атындағы мәдениет үйі, Н.Бекежанов атындағы драма театры халық игілігіне беріліп, «Шалқия» кен орны, Шиелідегі уранның игерілуі, күріштің жаңа сорттарының өмірге келіп, мол Сыр маржанын жинауға қол жеткізілді. Бұлардан басқа қаншама отандық өндірістер ашылғаны жұртшылыққа белгілі.
Ыдырыс Қалиев ағамыз зейнетке шықса да өзінің білімін, тәжірибесін, өмір жолындағы түйген ұтымды ойларын жас ұрпақты отансүйгіштікке, елінің, туған жерінің патриоты етіп тәрбиелеуге арнады.
Осы орайда, Жалаңтөс баһадүр қорын құрып, бүкіл Орта Азия мен жалпы Алаштың біртуар тұлғасы, әмір, батыр, әскери бас қолбасшы, мемлекет қайраткері, сәулет өнері жауһарларының жанашыры Жалаңтөс баһадүр бір қазақ ұлтына ғана емес дүйім түркі халықтарына үлгі әрі мақтаныш боларлық жан екенін өскелең ұрпаққа насихаттауға бар ынта-жігерін салды. Ыдекеңнің тікелей араласуымен батыр ерлігі мен еңбегін мәңгі есте қалдыруда ғылыми-теориялық конференциялар өткізіліп, облыс, аудан орталықтарында көшелерге атын белгілеп, облыстық спорт мектебіне, Қазалы ауданындағы «Қызыл Ту» елді мекеніне есімін беруге, Қызылорда қаласының орталығынан бабамыздың ат үстіндегі алып ескерткішінің ашылуына елеулі еңбек етті. Жас ұрпақты Жалаңтөстей қайратты, Әйтекедей айбатты болуға баулып, елжандылыққа тәрбиелеу жолында ұлағатты жұмыс жасады. Тоқсаннан асқаннан кейін құрылтайшылар келісімімен республикалық дәрежеге жеткізген Жалаңтөс баһадүр қорын басқаруды өкшелес інісі маған аманат еткені күні кеше сияқты еді. Енді міне Ыдырыс Қалиев ағамыздың 100 жылдығын облыс жұртшылығы кең көлемде атап өтуді қолға алып отыр.
Сыр елінің өсіп-өркендеуіне сүбелі үлес қосқан, туған жерінің, халқының жағдайының жақсаруы жолында өзінің перзенттік парызын адал атқарған біртуар тұлға дүниеден өткеннен кейін облыс, қала әкімдерінің қолдауымен қала орталығынан ескерткіші ашылды.
Бүгінде республикалық Жалаңтөс баһадүр қоры Ыдекең бастаған жұмысты жандандырып, жалғастыруды басты назарда ұстап келеді. «Самарқанды салдырған, Қырық жыл бойы хан болған, Жалаңтөс батыр баhадүр, Алаштың бағын жандырған» деп ақындар жырлағандай, бабамызды исі қазақ мақтан етуіміз керек. Ғұлама жазушы, қазақ тарихының білгірі Әбіш Кекілбаев Жалаңтөс жөнінде «Қазақ хандығына ойсырағанда одақтас, жалғызсырағанда жақтас болған тарихи тұлға болды» деуі де Жалаңтөстің орнын айшықтап тұрғандай. Келер ұрпақты ұлы бабамыз сияқты халқын, ұлтын сүюге тәрбиелеу үшін ескерткіші Қазалы ауданында бой көтеруіне қор ерекше жұмыс атқарды. Кейінгі жылдары қор ұсынысымен, белгілі заңгер, меценат Бекет Тұрғараев ағамыздың демеушілігімен Орбұлақ шайқасының 445 жылдығына орай «Шымкент-Ташкент» автожолының бойынан Сарапхана елді мекенінде Салқам Жәңгір мен Жалаңтөс баһадүрдің алып ескерткіші ашылды. Сонымен қатар, Ақтөбе қаласындағы орталық автовокзал алаңында белгілі кәсіпкер Бақытжан Ержанов бауырымыздың демеушілігімен ескерткіш ашылып, белгілі жырау Сардарбек Қожағұловтың «Жалаңтөс баһадүр» дастаны және белгілі жазушы Бегімбай Ұзақбаевтың «Жалаңтөс баһадүр» романы екі кітап болып басылып, оқырмандарға таратылды. Өткен жылы Ақтөбе облыстық драма театры тағы да Бақытжан Ержанов және ақтөбелік ағайындардың демеушілігімен «Жалаңтөс баһадүр» драмасын дайындап, «Өнер орталығында» мыңнан аса көрерменнің қатысуымен өнер туындысының тұсаукесерін өткізді. Қор Өзбекстан Республикасының Президентіне бабаның өзі қырық жыл әмірі болған Самарқан қаласында Шығыстың жауһарына айналған «Тіллә Кәри», «Шердор» медреселерін салып, «Регистан» алаңының толық архетиктуралық ансамблін ел игілігіне берген Жалаңтөс баһадүрге арнап ескерткіш салуға ұсыныс жасады. Алдағы кезеңде бабамыздың қазақ тарихындағы рөлін кеңінен насихаттауды жалғастыра береді. 100 жылдығы аталып өткелі тұрған Ыдырыс Қалиев ағамыздың рухы өзі жанындай сүйіп өткен қазақ халқын, өсіп-өнген туған елін, ұрпақтарын қолдап-қорғап, желеп-жебеп жүргей!
Н.МҰСАБАЕВ,
мемлекет және қоғам қайраткері,
республикалық Жалаңтөс баһадүр қорының президенті,
Қазақстанның құрметті құрылысшысы