30 мыңнан астам үй кезегінде тұр

737

0

Қызылордада «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің» 7 мыңнан астам салымшысы бар. Бірақ белсенді депозит иелерінің саны 2 мыңға жетпейді. Өңірлік коммуникациялар қызметіндегі брифингте банк филиалының директоры Әділжан Сәулебаев мұның мардымсыз көрсеткіш екенін айтты.

– Себебі Президент тапсыр­ма­сымен қолға алынған «Шаңырақ» пилоттық жобасының басты мақсаты – кезек күткендерді баспанамен қамту. Мақсатқа жетуде халықтың белсенділігі өте маңызды, – деді ол.

Жылдық мөлшері 5 процентке тең жеңілдетілген заемды алу үшін бағдарлама қатысушылары әкімдік кезегінде тұруы тиіс. Сондай-ақ банктегі шоттарына заем мөлшерінің 10 проценттен кем емес соманы бастапқы жарна ретінде жинауы қажет. Несиелендіру мерзімі 20 жылға дейін.

Қанатқақты жоба аясында кезектегі 30 адам төлем қабілетін растап, 5 отбасы баспаналы болды. Жуырда облыс орталығындағы, сол жағалаудағы №35, №42, №43 үйлер бойынша өтініш қабылдау аяқталды. 7 қазан мен 8 қараша аралығында сондағы №44 үйге тікелей сатылым жарияланды. Бүгінде өтініш иелері baspana.kz сайты арқылы пәтер броньдап жатыр. Тікелей сатылымда айлық табысқа шектеу қойылмайды. Ел аумағында жеке меншігіңізде баспана тіркелмесе болды.

– Кезекте тұрғандардың кейбірі телефон нөмірін, мекен жайын ауыстырған. Бұған соңғы бір ай бойғы үй аралау кезінде көз жеткіздік. Осы орайда олардың жыл соңына дейін бізге келіп, шот ашып, бағдарлама шеңберінде үй алуға мүмкіндігі бар екенін қаперге саламын. Өтініш банктің ресми сайтында (www.hcsbk.kz) қабылданады, – деді Ә.Сәулебаев.

Одан бөлек, жыл басынан бері банк арқылы «Нұрлы жер», «Бақытты отбасы», «Әскери баспана» бағдарламаларына сәйкес несие беріліп келеді. Екінші реттік нарықтан үй, жер сатып алам немесе үй салам, жөндеймін деушілер үшін де банк есігі ашық.

Жергілікті баспана құрылысында өсім байқалады. Облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы барлық бағдарлама шеңберінде жыл соңына дейін 75 үйдегі 987 пәтер кілтін иелеріне табыстауды аяқтайды.

– «7-20-25» бағдарламасы бойынша екінші деңгейлі банктер арқылы 495 өтініш түсті. Оның 252-сі мақұлданып, несие берілді. «Бақытты отбасы» бағдарламасына сәйкес «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» арқылы жылдық мөлшері 2 процентке тең қарыз беру жоспарланған, – деді басқарма басшысының орынбасары Арнұр Әлібекұлы.

Бүгінде үй кезегіндегі қызылордалықтар саны 30 мыңнан асып отыр. Оның 25 мыңға жуығы – облыс орталығының тұрғындары. Қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің сектор меңгерушісі Гүлмира Пазылованың айтуынша, кезек реттілігі бұрын тоқсанына бір рет жаңартылып тұрса, қазір күн сайын жүргізілуде.

– Түгендеу кезінде басқа жаққа көшіп кеткен, үй сатып алған, жеңілдігінен айырылған адамдар кезектен шығарылады. Қайтыс болған жағдайда отбасының басқа мүшесі оның орнын басады, – деді ол.

Назерке Саниязова,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<