Маусымда шахматтан жаһандық әйелдер фестивалі өтеді

344

0

11 маусым күні «The Queens’ Festival» шахматтан жаһандық әйелдер онлайн фестивалі басталады. Оның аясында шахматтан құрлықтық және жаһандық әйелдер онлайн-турнирлері мен үйретуге арналған іс-шаралар сериясы өтеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат Қазақстан шахмат федерациясының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

FIDE (Халықаралық шахмат федерациясы) Әйелдер шахмат комиссиясы мен FIDE іс-шаралар комиссиясымен бірлесіп, Азия шахмат федерациясы, Африка шахмат конфедерациясы, Еуропалық шахмат одағы және Америка шахмат конфедерациясының қолдауымен ұйымдастырылған бірегей, жан-жақты іс-шара, шахмат өмірінің барлық аспектілеріне әйелдерді қатыстыру және әлемде әйелдердің мықты шахмат қоғамдастығын дамытуды көздейді.

Netflix арнасында шыққан «Патшайымның гамбиті» (Queen’s Gambit) сериалының танымалдығы мен жетістігіне негізделген бұл шара дүниежүзіндегі әйел шахматшыларды, шахмат ойының ұйымдастырушыларды, төрешілерді, ықпал етушілерді, көшбасшыларды және түрлі деңгейлердегі шахматшыларды біріктіріп, көтермелейді.

Азия, Америка, Африка және Еуропа шахматшылары «Queens Finals» жеке және командалық финалға өту мүмкіндігі үшін алдымен онлайн блиц квалификациялық турнирде бақ сынайды.

Барлық қатысқысы келетіндер Қазақстан шахмат федерациясының office@kazchess.kz электронды поштасына 2021 жылдың 5 маусымына дейін өтінім тастай алады.

Қатысу жарнасы – 10 доллар.

Фестиваль аясында FIDE басқарушы директоры Дана Рейзниеце-Озала мен қазақстандық гроссмейстер Динара Сәдуақасова және басқа да арнайы қонақтардың қатысуымен семинарлар мен түрлі іс-шаралар өтеді.




 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<