Ардагерін ардақтаған ел озады

423

0

Кеше облыстық ардагерлер ұйымының кезекті VIII конференциясы өтті. Жиынға облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова, облыс әкімінің орынбасары Серік Ахмет, бірқатар басқарма басшылары, сала ардагерлері және онлайн платформа арқылы қала, аудан әкімдері мен аймақтардан сайланған делегация мүшелері қатысты. Күн тәртібінде бірқатар мәселе қаралып, атқарылған жұмыс сараланды, алдағы міндеттер межеленді. Аймақ басшысы алдымен аға ұрпақ алдындағы парыз, жастарға үлкендер өнегесін ұлықтау туралы тағылымды ой қозғап, ардагерлер ұйымының маңызы қашанда жоғары екенін жеткізді.

– Конференцияның ел Тәуел­сіздігінің 30 жылдық мерейтойы аясында өтуінің үлкен символикалық мәні бар. Егемендігіміздің бас­тауында тұрған Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевпен бірге өздеріңіздей ел ағалары, ардагерлеріміз мемлекетіміздің, Сыр өңірінің аяқтан тұрып, нығаюына зор үлес қосты. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты жаңа Жолдауында 7 мә­се­леге негізгі басымдық бе­ріл­генін білесіздер. Бұл ба­ғыттардың барлығы маңызды. Соның ішінде сапалы білім беру, өңірлік саясатты жетілдіру, саяси жаңғыру және адам құқығын қорғау, ұлтты ұйыстырудағы іргелі істерде ардагерлеріміз, ақ­са­­қалдарымыз белсенділік көр­сетуі қажет, – деді облыс әкімі.

Қазір облыстық ардагерлер ұйымының қатарында 75 мыңға жуық мүше бар. Олардың қоғамдық өмірдегі белсенділігі жоғары, әсіресе жас буынға жол сілтеп, ұлттық болмыс пен құндылықты бойына сіңіруде үлесі зор. Қоғамдық-мәдени, спорттық бағыттағы түрлі бастамаларды жүзеге асыруда да қолтаңбасы бар. Тарихи шаралардан тыс қалған емес. Мәселен, бұған дейін Қазақстанның Өзбекстандағы жылы аясында Сыр өңірінің бір топ ардагері туристік сапармен көрші елге саяхат жасап, рухани сусындауға мүмкіндік алды. Атырау облысындағы Бекет баба, Түркістан қаласындағы Қожа Ахмет Яссауи кесенесі секілді киелі мекендерде тәу етті. Бұдан бөлек ардагерлерді қолдауды көздейтін бастамалар жеткілікті. Бұл ретте облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Серік Дүйсенбаев бүгінде өңірлерде 728 бастауыш ұйым тіркелгенін және олардың жұмысы қана­ғаттанарлық деңгейде екенін баяндады.

– Облыстық ардагерлер кеңесінің маңызды бас­қосу­ларында өзекті мәселелер қаралып, ортақ шешім қабыл­данып келеді. Қарттарға құрмет көрсету – қай кезде де жүргізіле беретін жұмыс. Олардың бос уақытын тиімді өткізуі, қайырымдылық шара­ларынан қалыс қалмауы назарда. Ардаргерлердің отбасы үлгісіндегі «Атамекен» бала­лар ауылында мейірімділік шараларын өткізуі оған дәлел. Спорттық сайыстарда да аймақ ардагерлері ширақтығын көр­сетіп келеді. Шығармашылық сайыстар да өткізілуде. Батагөй ақсақалдар сайысы, ардагер ақындар кеші, айтыс пен жазба ақындар мүшәйрасы көптің көңілінен шықты дей аламыз. Коронавирус індеті – күллі әлемнің иығына түскен салмақ. Бұл ретте ардагерлер, елге есімі белгілі азаматтар карантин кезеңінде бірлікке шақырып, талапты сақтауға, той-құдайыны шағын көлемде, жақындарымен ғана атқаруға үндеді. Бастысы, ардагерлер көрсетіліп жатқан демеуге риза. Облыс басшылығының қолдауымен бұған дейін ақсақалдарымыз Өзбекстан астанасы – Ташкент шаһарын аралап, көреген бабамыз Төле бидің кесенесін өзбек ағайындар Қарлығаш би деп дәріптеп, ерекше ілтипатпен күтім жасағанын көрді, ерекше сезімге бөленді. Ардагерлер Қожа Ахмет Яссауи, Арыстанбаб, Укаша ата, Қорқыт ата секілді әулиелі жерлерде де мінәжат жасауға мүмкіндік алды, – деді Серік Дүйсенбаев.

Алқалы жиында ардагерлер Мемлекет басшысының жаңа Жолдауында көзделген басым бағыттарға қолдау білдіруге, ортақ іске бірігуге шақырды. Қатысушылар Биғали Қаюповтың ұсынысымен қоғам қайраткері, абыз ақсақал Сейілбек Шау­хамановтың еңбегіне ерекше құрмет білдіру мақсатында бір минут үнсіздік жариялап, ел ағасын еске алды. Сондай-ақ, конференцияда облыстық ардагерлер ұйымы мен тексеру комиссиясының мүшелері және республикалық VIII съезге қатысатын делегаттар сайланды.  Делегаттарға облыстық арда­герлер кеңесі төрағасын сайлау мүмкіндігі беріліп, арда­герлер бірауыздан Серік Дүйсенбаевтың кандидатурасын қолдады. Басқосуды қорытын­дылаған аймақ басшысы қо­ғамдық жұмыстарда бел­сен­ділік танытып, өңірдің дамуына үлес қосқан бірқатар ар­дагерді марапаттады. Олардың қатарында Қазалы аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Оразғали Бекпанов, ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Күлай Ермағамбетова, еңбек ардагерлері Әбдіғаппар Әмір­­ғалиев пен Нұрлыбай Ұлық­панұлы, Шиелі аудандық әйелдер қоғамының төрайымы Нәйля Палымбет бар.

Мөлдір ҚАЛЫМБЕТ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<