Диқанның еңбегін таразылайтын кез келді

398

0

Қызылорда қаласының Қарауылтөбе ауылында күрішке орақ түсті. Қала әкімі Ғанибек Қазантаев орақ түсу науқанына қатысып, ауылшаруашылық саласының биылғы көрсеткіштері мен Ы.Жақаев атындағы «Қазақ күріш шаруашылығы» ҒЗИ ЖШС-ның жұмысымен танысты.

– Қырман астыққа толсын. Орақ науқанын нәтижелі аяқтап, ел ризығын төкпей- шашпай жинап алудағы еселі еңбектеріңіз жемісті болсын, – деді қала әкімі.

Биыл қалаға қарасты шаруашылықтар  бойынша 8905 гектар жерге ауыл шаруашылығы дақылдары егілді. Оның ішінде күріш 4113, бидай 419, арпа 87, сорго 40, сұлы 5, мал азықтық дақылдары 1278, бақша  дақылдары 2818 және майлы дақыл 40 гектарды құрап отыр.

Ақ егісті жинау шілде айының ортасында аяқталды. Гектар түсімі бойынша жаздық бидайдан 7, арпадан 5, сұлыдан 0,5 центнерден өнім алынды. Шаруашылық құрылымдары 1033 гектарға ескі жоңышқа және 245 гектарға жаңа жоңышқа егіп, 3196 тонна шөп жиналды. Сондай-ақ егілген картоптың әр гектарынан 128, көкөністен 131, бақшадан 128 центнерден өнім алынуда. Егін жинау жұмыстары әлі де жалғасуда.

Ал  Ы.Жақаев атындағы Қазақ күріш ғылыми-зерттеу институты биыл 1413 гектар жерге ауыл шаруашылығы дақылдарын еккен. Оның ішінде 655 гектар күріш, 30 гектар күздік бидай, 130 гектар жаздық бидай, 10 гектар арпа, 5 гектар сұлы, 40 гектар сорго, 40 гектар мақсары, 215 гектар жаңа жоңышқа, 4 гектар көкөніс дақылдары бар.

Қазіргі таңда шаруашылық құрылымдары негізгі дақыл – күріш жинау жұмыстарына дайын. Белгіленген кестеге сәйкес күріштің суын байлау жүргізілді. Күріш жинау жұмыстары 1 қыркүйектен бастап саралап ору, 7-30 қыркүйекке дейін жаппай ору жұмыстарын аяқтап, диқандар жоғарғы өнім алуды жоспарлап отыр.

***

Қазалылық диқандардың да  ерте көктемнен еткен еңбектерінің, төккен терінің өтеуін безбенге салар сәті басталды. Облыстық мәслихат депутаты Мнажадин Өтеев басқаратын «Сыр маржаны» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің Ақтан батыр ауылындағы күріш алқаптарында егінге алғашқы орақ түсті.

Салтанатты шараға Қазалы ауданының әкімі Мұхтар Оразбаев, облыстық мәслихат депутаты Ібайдулла Тілеп, аудандық мәслихат депутаттары, мекеме-кәсіпорын мен шаруашылық басшылары, еңбек ардагерлері қатысып, дала перзенттерінің қуаныштарына  ортақтасты.

Егіндік алқап басында аудандық ауыл шаруашы­­лы­ғы бөлімінің басшысы Нұрлан Аманбай мен серіктестік директоры Мнажадин Өтеев биылғы жылғы егіннің жай-күйіне, астықты белгіленген мерзімде төкпей-шашпай жинап алудың маңыздылығына тоқталды.

Шарада ел ағалары алғашқы егін орағының лентасын қиып, Ақтан батыр ауылы ардагерлер кеңесінің төрағасы Әнуар Оқас бата берді. Рәсім соңы еңбек дүбіріне ұласты.

Биыл Қазалы ауданында 17090 гектар жерге ауыл шаруашылығы дақылдары орналастырылды. Негізгі дақыл – күріштің көлемі 6587 гектар. Бүгінгі таңда аудан бойынша күріш орағына қатысатын 42 комбайн, 29 жатка, 115 трактор, 40 жүк көлігі және 59 трактор тіркемесі толықтай жөндеуден өткізіліп, егін алқаптарында жұмыс атқаруда.

«СБ» ақпарат

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<