Ынтымақтастық нығая түспек

399

0

Кеше облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова Америка Құрама Штаттарының Қазақстан Республикасындағы бас консулы Эрик Майермен кездесті.

Аймақ басшысы алдымен Қазақстан мен АҚШ арасындағы дипло­матиялық қатынастарды ны­ғайтудың ерекше ма­ңыздылығын, келесі жылы екі ел ара­сындағы ынтымақтастық байланыс ор­нағанына отыз жыл болатынын айтты.

– Біз екі ел арасындағы 29 жыл бойы дипломатиялық қатынастардың қар­қынды дамып келе жатқанын мақтан тұтамыз. Осы жылдар ішін­де екі мемлекет басшылары тиімді әріптестік және халықаралық қоғам­дастықтың сенімді мүшелері қағи­даттары негізінде кезең-кезеңімен жақсы қарым-қатынас құра алды. Осының арқасында бүгінде Қазақстан мен АҚШ әскери-саяси, сауда-экономикалық, энергетикалық және басқа да екіжақты ынтымақтастықтың көптеген салаларында ашық және сенімді стратегиялық әріптестер болып табылады. Әлемде қалыптасқан күрделі саяси және экономикалық жағдайда екі елдің өзара іс-қимылы аса маңызды,  – деді облыс әкімі.

Осы уақытқа дейін екі ел көптеген салада сенімді ынтымақтастық байланыс орнатты. Іскерлік және сауда-эко­номикалық ынтымақтастықты да­мыту бағытында биыл қаңтар-қыр­күйек айларында Қызылорда облысының ҚР мен АҚШ арасындағы тауар айналымындағы үлесі 660,7 мың АҚШ долларын құрады. Айта кету керек, Америка Құрама Штаттары Сырдария өзенінің арнасын рет­теу және Арал теңізінің солтүстік бө­лігін сақтау жобасына қаржылық қолдау көрсеткен Дүниежүзілік Банк­­тің ірі инвесторы болып табылады.

Кездесуде облыстың әлеуметтік-экономикалық даму мәселелері талқыланды.

АҚШ-тың Бас консулы шағын және орта бизнес саласында жүзеге асырылып жатқан жобаларға қызы­ғушылық танытып, Арал теңізі бассейніндегі экологиялық жағдайды жақсарту және Арал тұрғындарының денсаулығы туралы сөз қозғады. Сонымен қатар, Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетімен ты­ғыз ын­ты­мақтастық байланыс ор­на­тылғанын, оқушылар мен сту­­дент­тердің ағылшын тілін үйре­ну бағдар­ламалары жүзе­ге асы­рыл­ғанын баса айтты. Эко­но­микалық ынты­мақ­тастықты нығайту, өңірге инвестиция тарту жұмыстары туралы да атап өтті.

Аймақ басшысы өңірдің әлеу­меттік-экономикалық дамуы, Арал теңізінің солтүстік бөлігін қал­пына келтіру жобасының жүзеге асырылуы, индустрияландыру бағы­тындағы ауқымды жобалар мен өн­діріс орындары туралы айтып, эко­номикалық тиімді бастамаларды қарастыруға да­йын екенін жеткізді. Бүгінде күрделі кезеңге қарамастан облыстың экономикасын дамытуға бағытталған жұмыстар жалғасқанын, шағын және орта бизнесті дамытуға басымдық берілгенін атап өтті. Сондай-ақ, облыста күріш өсіру бойынша жоғары көрсеткіштерге қол жеткізіліп, ауыл­шаруашылық саласында қайта өңдеу жобаларына баса мән берілуде.

Облыс әкімі коронавирустық ин­фек­­­­цияға байланысты жағдай бақы­лау­да екенін, пандемияның болжам­ды екінші толқынына дайындық ба­­­ры­­­­сында дәрі-дәрмек қоры толық­ты­­­ры­лып, керекті медициналық құ­рал-жабдықтар көлемі артқанын да жеткізді.

Өз кезегінде Эрик Майер көрсе­тілген құрметке алғысын білдіріп,  аймақтың экономикалық және әлеу­меттік даму мәселелерін шешуде одан әрі бірлескен ынтымақтастыққа дайын екендігін айтты.

Айдана ЖҰМАДИНОВА,

«Сыр бойы»

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз