Еңбекке шынайы бетбұрыс қажет

382

0

Мемлекет басшысы биылғы Жол­дауында пандемиядан кейінгі эконо­микалық даму мен денсаулық сақтау жүйесінің тиімділігін арттыру, сапалы білім беру сынды мәселелерге зер салып, маңыз беретін негізгі бағыттарды айқындады. Мақсатымыз айқын, бағытымыз белгілі, ендігі ретте аталған міндеттерді жүзеге асыру барысында нәтижелі жұмыс атқаруымыз қажет. Бұл туралы Өңір­лік коммуникациялар қызметінде өт­кен баспасөз конференциясында ҚР еңбек сіңірген қайраткері, қаржы сала­­сының үздігі Қалқазбек Әжібеков мәлімдеді.

«Жолдауда пандемиядан кейінгі халықтың табысын сақтап қалу және әлеуметтік жағдайын жақсарту үшін маңызды қадамдар жасалу керектігі баса айтылды. Былтырғы жылы бюджеттің тапшылығын жабу үшін ұлттық қордан көптеген қаржы жұмсалды. Біздегі қаржылық қор соншалықты шексіз емес. Бұл экономиканы көтеруге жұмыс жасауымыз керек дегенді білдіреді. Биыл да пандемияның әсері елімізге ауыр тиюде. Оған қарамастан, алдымызға үлкен міндеттеме қоюмыз керек. Сонымен қатар, 2025 жылға дейін шикізат өңдеу өнеркәсібін қазіргіден 1,5 есеге арттырып, еңбек өнімділігін 30 пайызға көбейту мәселесі күн тәртібіне қойылды. Отандық өнеркәсіптің дамуы үшін шикізат тауарларының бағасы қолжетімді болуы керек деген пікірдемін», – деді Қалқазбек Әжібеков.

Өз кезегінде коммуналдық сала ардагері Келдібай Бектұрғанов Президент Жолдауын негізге алып, ауылшаруа­шылық саласын дамытып, маман­дар даярлау ісін жандандыру керек деген пікір білдірді.

«Халықтың жағдайын жақсарту үшін елді мекендер жайлы болуы керек. Елді мекен жайлы болуы үшін Сырдарияны суға толтыру керек. Бұл ауылшаруашылық саласын көркейтіп, азық-түлік бағасын тұрақтандыруға ықпал етеді. Қазір ауылдағы жұмыссыз жастар қалаға ағылуда. Керісінше, қаладағы жұмыссыз жастарды ауылға тартып, жас мамандарды қажет ететін ауыл шаруашылығына серпін берген дұрыс. Игерілмеген жерді игеріп, елдің дамуын ауылдардан бастау керек», – деді ардагер Келдібай Бектұрғанов.

«СБ» ақпарат

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<