Мүмкіндік бар, қарекет керек

474

0

Қызылорда қаласының тұр­ғыны Назым Анарбекқызы бірер жыл бұрын «Брусчатка өндіру» жобасын ұсынып, «Нәтижелі жұ­мыспен қамту жаппай кәсіп­кер­лікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы бо­йынша «Қызылорда» өңірлік инвес­­тициялық орталығы» ар­қылы 10 млн теңге қаражат алып, отбасылық кәсіпті жандандырды.

– Қай істі болмасын бастау үшін ықылас жеткіліксіз, алған білімге қоса қарым-қабілет керек. Алайда, мемлекет кәсіп бастаймын дегендерге мол мүмкіндік сыйлады. Бізге кәсіпкер атану үшін психологиялық әзірліктен бастап, бизнес-идеяны таңдау оңайға түспес еді. Қазір ісіміз жүйелі, жұмыс ойдағыдай жүруде. Бастысы, тапсырыс көлемі жеткілікті, – дейді ол.

Өнімділікті арттыруды мақсат еткен жас кәсіпкер қаражатты жүк көлігі, басқа да техникаларды алуға бағыттағанын айтады. «Брусчатка KZO» ЖК қазір 10 адамды жұмыспен қамтып отыр. Өндіріс орнында күніне 60-тан 100 шаршы метрге дейінгі аралықта өнім шығарылады. Кәсіпкердің әкесі Анарбек Күнтуаров жеке мекемелер мен білім ордаларынан сұраныс жоғары екенін алға тартты. Еңбектің көзін тапса, пайда табуға болатынын осы еңбек адамдарының тірлігі аңғартып тұр. Олар ісін дөңгелентіп, берекесін арттырды. Алдағы күндердің еншісіне белгілеген жоспарлары көп. Орайы келсе, кәсіптің көкжиегін кеңейтуді ойлайды.

Иә, шағын және орта бизнес өркендесе, халық кәсіпкерлікпен шұғылдануға бейімделсе, мем­ле­кеттің экономикалық мүм­кіндігі арта бермек. Ол жаппай кәсіпкерлікке серпін береді.

Бұл орайда сандарды сөй­летсек, шаһарда биыл­дың өзінде «Еңбек» мемле­кеттік бағдарламасы ­бо­­йын­ша «Қы­зыл­орда» өңірлік инвес­ти­ция­лық орталығы арқы­лы жал­пы құны 207 млн 540 мың теңгені құрайтын 23 жоба қар­жыландырылған. Бұдан бөлек, «Бизнестің жол картасы – 2025» бизнесті қолдау мен дамытудың бірыңғай бағдарламасы аясында жалпы құны 6,2 млрд теңгені құрайтын 357 жоба қолдау тапты. «Қарапайым заттар экономикасын дамыту» бағдарламасы бойынша басымдық берілген жобаларды жеңілдікпен несиелеу бағдарламасы іске асырылған мерзімнен бері қала бойынша жоба құны 17 млн теңгені құрайтын 1 жоба қаржыландырылса, екінші деңгейлі банктерде 640 млн теңгені құрайтын 3 жобаның құжаттары әзірлену үстінде.

Мөлдір ҚАЛЫМБЕТ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<