Ашықтық жемқорлыққа жол бермейді

992

0

Жемқорлықпен күрес – қоғам дамуына үлес. Елімізде жең ұшынан жалғасқан кеселді ауыздықтауда жүйелі жұмыстар қолға алынып келеді. Бұл ретте Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі жанындағы республикалық ақпараттық-ағартушылық штаб мүшелері шалғай елді мекендерді аралап, жергілікті халықпен кездесулер ұйымдастыруда. Қоғамдық өзгерістердің ақиқатын бүкпесіз айта білетін азаматтар кеше Сыр өңіріне арнайы сапармен келді.

Облыс әкімінің орынбасары Серік Ахметтің жетек­шілігімен өткен жиында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі жанындағы республикалық ақпараттық-ағар­тушылық штаб жетекшісі Ырза Тұрсынзада мен агент­тіктің парасаттылық депар­та­­менті директоры Ғанижан Асанұлы салаға қатысты жаңа­шылдықтармен бөлісіп, ұсы­ныстарын ортаға салды. Сонымен қатар қоғамды жемқорлыққа қарсы іс-қимылға кеңінен тарту, бақылау саласындағы өзекті мәселелерді талқылады.

Серік Әбжәліұлы қоғам алдында сыбайлас жемқор­лық­қа қарсы мәдениетті қа­лып­тастыруда ақпараттық үгіт-насихат жұмыстарының ма­ңызы зор екенін айта келе, өңір­де жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бағы­тындағы бірқатар жоба тиімділігін көрсеткенін баяндады. Мәліметке сүйенсек, 47 мемлекеттік органның каби­неттері «Open space» форма­тында қайта құрылып, 319 мем­лекеттік мекеменің бі­рінші басшылары 1-қабатқа көші­рілген. Бұдан бөлек, 148 мемлекеттік қызмет автоматтандырылып, өзіне-өзі қызмет көрсету бұрыштарының тұрғындар игілігін көруде. Басқосуда агенттіктің департамент директоры Ғанижан Асанұлы аймақта оң нәтижелер барын атап өтті. Бірақ, шаруаны ширата түсу керектігін айтты.

– Біздің мақсат – сыбайлас жемқорлық фактілерінің алдын алуға жұмыс істеу. Соңғы 9 ай көлемінде елімізде 1589 жемқорлық сипатындағы қылмыс тіркелген, оның 62-сі – Қызылордада, бұл өзге өңірлермен салыстырмалы түр­де 2 процентті көрсетіп отыр. Мұның өзі нәтиже барын байқатады. «Ақмешіт – адалдық алаңы» жобалық кеңсесі де тұрмыстық жемқорлықты жою мен оның алдын алу бағы­тындағы шараларды жүйелеуге жол ашты. Өңірдегі 9 әкімдіктің 7-еуі сервистік қызмет көрсетеді, енді Сырдария мен Жаңақорған ауданында да осы істі біріздендіруді жоспарлау қажет. Сонымен қатар ішкі талдау мен сыртқы талдаудың рөлі де зор. Мәселен, біз «Болашақ» ХБО сыртқы талдау жүргізудің нәтижесінде 1 миллиардтан астам қаржыны үнемдеуге мүмкіндік алдық. Осы қарқындағы жұмыстар жалғасса, бүгінгі қоғам дертінің тамырына  балта шаба  аламыз, – деді Ғанижан Асанұлы.

Штаб жетекшісі Ырза Тұр­сынзада да бірлескен іске атсалысу міндетіміз екенін алға тартты. Кездесуде агенттіктің бюджет қаражатының шығы­сы бойынша ақпаратқа қол жет­кізуді жеңілдету, азамат­тар­дың мемлекетке деген се­німін арттыру, сондай-ақ тиім­ді диалог платформасын құру мақсатында «Ашық бюд­жет­­тердің интерактивті кар­тасы» – publicbudget.kz жобасын жүргізіп жатқаны айтылды. Бүгінгі күні карта қоғамдық бақылау мен Мемлекет басшысының «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын құру жө­ніндегі тапсырмасын іске асырудың пәрменді тетігіне айналды. Айта кету қажет, карта іске қосылғаннан бері ел бойынша 8,3 трлн теңге көлемінде 17 мыңнан аса мемлекеттік мекеменің бюджет қаражаты жарияланған. Ал, облыс бойынша картада 1883 бюджет жарияланып, 706 ұйым тіркелді және 3 өтініш келіп түсті. Олардың барлығын мемлекеттік органдар дер кезінде қарады. Қоғамдық бақылауды жүзеге асыруда атқарылған жұмыстар мен бөлінген қаражат арасында сәйкессіздіктер туындаған жағдайда азаматтар осы картада пікірлерін қалдыра алады.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<