Байқоңыр қаласын дамыту мәселелері талқыланды

613

0

Кеше облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова Байқоңыр қаласы әкімшілігінің басшысы Константин Бусыгинмен кездесті. Отырысқа облыс әкімінің орынбасары, Қазақстан Республикасы Президентінің «Байқоңыр» кешеніндегі арнаулы өкілі  Серік Сүлейменов, ҚР Президентінің «Байқоңыр» кешеніндегі арнаулы өкілінің қызметін қамтамасыз ету басқармасының басшысы Жасұлан Абатов қатысты.

Жиын барысында тарап­тар арасындағы ортақ жоспарлар сөз болып, оның ішінде Байқоңырдағы жылу-электр станциясын газға қосу арқылы тұрғындарға төлем құнын төмендету мәселесі талқыланды.

– Қазақстан мен Ресей Федерациясы мемлекеттік органдарының бірлескен нәтижелі жұмыстарының арқасында Байқоңыр қаласының және тұтастай кешеннің ұзақ мерзімде дамуын қамтамасыз ету мәселелері шешілуде.

Қазіргі таңда Байқоңырда 5 тұрғын үйдің құрылысы мен инженерлік инфрақұрылымды жаңарту бойынша жұмыс жүргізілуде. «Байқоңыр» кешенін газбен қамтамасыз ету бойынша келісім негізінде жұлдызды қаладағы көп­қабатты тұрғын үйлер, шағын және орта бизнес нысандар «көгілдір отынға» қосылды, – деді облыс әкімі.

Кездесу барысында Байқоңыр қаласы әкімшілігінің басшысы К.Бусыгин жылу-электр станциясын газға қосу мәселесіне қатысты бірлескен жұмыстардың маңыздылығын атап өтті. Бұл ретте «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ Қызылорда өндірістік филиалы директорының мін­детін атқарушы Ермек Қалдығұлов, облыстық экология департаментінің басшысы Нұржан Өмірсерікұлы негізгі мәселелер бойынша жасалған жұмыстарды тізбелеп берді. Сондай-ақ, Байқоңыр қаласы аумағын қоқыстан тазартудың 2021-2023 жылдарға арналған Жол картасын жүзеге асыру, қоқысты сұрыптау кешенін іске қосу жұмыстарына тоқталды.

Кездесуді қорытындылаған облыс әкімі алдағы уақытта бірлескен жобалардың нәтижелі орындалатынына сенім білдірді.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<