«Біз – бақытты ұрпақпыз»

3389

0

Тәуелсіздікке қол жеткізген тұста өмірге келген бүлдіршіндер бүгінде ат жалын тартып мінген азаматтарға айналды. Олар баянды болашаққа бағыт алып, келешекке нық қадам басқан елін мақтан етіп, өніп-өсуде. Тәуелсіздіктің қадір-қасиетін жете ұғынып, өз елінің дамуына, өрлеу жолында табысты еңбек етуде.

Ғалымжан Кеңшілікті көзі қарақты көрермен жақсы таниды. Ұлттық арнада түрлі бағ­дар­ламаларды тізгіндеп жүрген әріптесіміз бала жасынан білімге құштар болды.

– Біз еліміз тәуелсіздігін жария еткен тұста өмірге келдік және осыны мақтан етеміз. Бала кезімде мереке қарсаңында Елбасы Тәуелсіздік құрдастарын арнайы құттықтап, оларға сый-сияпат көрсететін. Еліміздің болашағы  жас ұрпақпен байланысты екенін еске салып, зор сеніммен қарайтын. Біздің білім алуымызға, жан-жақты дамуымызға барлық жағдай жасалды, – дейді ол.

Ғалымжан Кеңшілік  Қы­зыл­ордадағы №12 орта мектепте білім алды, М.Мәметова атындағы педагогикалық кол­леджді бітірді. Одан әрі жоғары оқу орнын тәмамдады, жергілікті телеарналарда жұмыс істеді, болашағын тележурналистикамен байланыстырды.

– Оқушы кезімде жан-жақты болу үшін барлық үйірмелерге қатыстым. Спорттық ойындардан да қалыс қалған жоқпын. Абай оқуларының жүлдегері атандым. Облыстық деңгейдегі «Жас ұрпақ» ұйымының жұмысын жүргіздік. «Оқушылар сарайы» екінші үйім болатын. Мектеп бітіргенге дейін үйірмелерден қол үзген жоқпын. Жайдармен ойындарында өнер көрсеттім. Бұл баспалдақтар менің тұлға ретінде қалыптасуыма үлесін қосты, – дейді Ғалымжан.

Ол – отбасында тұңғыш немере. Ата-әжесінің бауырында өсті. Үлкендердің тәрбиесін алды. Ғалымжан мектеп табалдырығын аттамай тұрып, «Әліппені» таныды. Атасы немересіне жыр-дастандарды оқып,  азаттық жолында күрескен батырлардың ерлігі жайындағы әңгімелерді,  «Тәуелсіздік» ұғымын, мәні мен мағынасын түсіндіретін.

Болашағын бас қаламен байланыстырған ол 2013 жылы Елордаға көшіп, түрлі салада қызмет атқарды. Ал, телевизия саласындағы еңбек жолы «Жетінші арнадағы» «Күнбастар»  бағ­дар­ламасында басталды. Одан кейін Ұлттық арнада жұмыс істеді. Ең алғашқы тікелей эфирі «Бүгін жексенбі» бағдарламасы болды. Мұнан кейін өзге де арналарда түрлі бағдарламалардың жүргізушісі атанды. Қазақ елін әуезді әнімен, тағылымды әңгімесімен ұйқысынан оятатын «Таңшолпан» бағ­дар­ламасын жүргізді.  Бағдарлама – қуанышты, жағымды жаңа­лықтардың жаршысы. Былтырдан бері «Екі жұлдыз» музыкалық реалити шоуының жүргізушісі ретінде танылды. Биыл «Егіз лебіз» музыкалық бағдарламасын тізгіндеді. Теле­жүргізуші жеткен жетіс­тігінің бәрін тәуелсіздіктің жемісі деп біледі.

– Біз бодандық дегеннің не екенін білмесек те, үлкендерден естіп өстік, кітаптардан оқыдық. Жұбан атамыз айтқандай, «мың өліп, мың тірілген» қазақтың қалың тарихына үңілсең, талай қиын сәттерді бастан өткергені белгілі. Тағдырдың тезіне қайсарлықпен төтеп берді. Ұшқан құстың қанаты, шапқан аттың тұяғы талатын дархан даламызды білектің күшімен, найзаның ұшымен қорғады. Сондықтан тәуелсіздік  – қастерлі, қасиетті ұғым, – деді ол.

Жерлесіміз егемен еліміздің ертеңіне қалтқысыз қызмет етіп, перзенттік парызын адал атқаруға әркез дайын.

Сара АДАЙБАЕВА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<