Екіжақты жауапкершілік кеселге тосқауыл қояды

1120

0

Кеше ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Ералы Тоғжанов эпидемиологиялық жағдайдың тұрақталуын қадағалау үшін арнайы жұмыс сапарымен Қызылорда облысына келді.

Облыс әкімдігі ғимаратында өткен мәжілісте облыстың бас мемлекеттік санитарлық дәрігері Әлия Әбдіқайымова эпидемиологиялық ахуал мен вирустың алдын алу бойынша атқарылып жатқан шаралармен таныстырды.


Ол облыста 2541 адам инфекция жұқтырғанын, бү­гінде оның 1663-і емделіп шық­қанын айтты. Дәрі қорына қатысты қабылданған шаралар жайын тар­қатып, індеттің таралмауына қажетті дәрі-дәрмектердің уақы­тылы жетуі және бағасының негіз­сіз көтерілмеуін арнайы мони­торингтік топ бақылауда ұстай­тынын жеткізді.


– Облыс бойынша 328 дәрі­хана, дәріхана пункттері фарма­цев­тикалық қызметпен айналысады. Оның 178-і Қызылорда қаласында орналасқан. Шілде айынан жұмысын бастаған арнайы мо­ниторингтік топ қаладағы 9 емхана мен «СҚ-Фармация» ЖШС дәрілік қоймасына, 86 дәріханаға бақылау жүргізді. Соның нәтижесінде аймақта дәріханалардағы ұзын-сонар кезек азайды. Вирусқа қарсы ыстықты түсіретін, қызуды басатын қажетті дәрі-дәрмектің қоры күн сайын жаңартылып отыр. Дәріхана желілері күнделікті дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарға тапсырыс беріп, сұранысқа сәйкес қажеттіліктерді қамтамасыз етуде. Бүгінгі күні дәрілік заттар қоры – 354 262 дана. Меропенем, С витамині, дексаметазон, эуфиллин секілді препараттарға сұраныс көп, дәріханаларда оның аналогтары бар. Қалалық ем­ханалар да нозология бойынша МӘМС жүйесінде амбулаториялық деңгейде тегін қамтамасыз ету үшін дәрілік заттармен толық­тырылды. Өкінішке қарай, мони­торинг жүргізу барысында дәрілік заттарды заңсыз сатудың 26 дерегі анықталып отыр. Бұл әрекетке көбіне медицина саласының ма­мандары жол беруде. Заңсыз фар­мацевтикалық кәсіппен айналысқан тұлғаларға қатысты Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 424-бабының 1-бөлі­гімен әкімшілік жауапкер­шілік қаралуда, – деді ол.


Облыстың бас мемлекеттік са­нитарлық дәрігері дәрі-дәр­мек­тер­ді жоғары бағамен сатудың 12 дерегі анықталғанын айтты. Дә­рілік заттарды белгіленген шек­ті бағадан асырып сат­қан­­дарға қатысты Әкімшілік құ­қық бұзушылық кодексінде жа­уап­кершілік қаралған. Заңсыз дәрі-дәрмектерді сату деректері түп­кілікті процессуалдық ше­шім қа­былдау үшін облыс бойынша эко­но­микалық тергеу депар­тамен­тіне жолданды.


Жиында облыс әкімінің орын­басары Наурызбай Байқадамов өңірдегі жағдай мен қауіпсіздік шаралары туралы баяндама жасады. Жедел жәрдем шақырушылар саны азайғанын алға тартты. Мәселен, 7 шілдеде 1767 шақыру тіркелсе, қазірде бұл көрсеткіш 1057-ге төмендеген.


– Бүгінде инфекция жұқтырған және оған күдікті науқастарға 2390 төсек-орын ұйымдастырылған. Оның 600-і инфекциялық, 1790-ы провизорлық төсек-орын. Же­дел жәрдем шақыртушылар саны азайғанын баса айту керек. Осы жағдайға байланысты облыс­тық жұқпалы аурулар ауру­хана­сынан бөлек, Тасбөгет кен­тіндегі облыстық тубдиспансер инфек­циялық аурухана етіп жасақталды. Соңғы талдама нәтижелеріне сәйкес бірқатар науқас ауруханадан үйіне шығарылмақ. Алғашында науқастардың тыныс алуы қиындауына байланысты өкпені жасанды желдету аппараттарының жетіспейтіні белгілі болды. Бірақ, бұл мәселе облыс әкімінің қолдауымен, демеушілер көмегімен шешімін тауып келеді. Әлі де болса, 200-ден астам оттегі құрылғысы қажет. Мәліметке сүйенсек, тыныс алу жолдары аурулары 74 процентке, жедел-респираторлық вирусты инфекция 82,5 процентке, пневмония 60 процентке азайған, – деді Н.Байқадамов.


Республикада алғаш бо­лып біздің өңірде 161 мо­бильді топ құрылды. Мұның барлығы – қауіпті індетпен күресте қабылданған негізгі шаралардың бір бөлігі.


– Жедел жәрдем қызметінен бөлек, емханалар жанынан құрылған мобильді топтар тұрғындарға көмек көрсетуде. Мамандар үй жағдайында емделіп жатқан сырқаттарды дәрігерлік бақылауға алған. Олар халықтың сұранысына сай қызмет атқарып келеді, – деді облыс әкімінің орынбасары.


Мәжілісте түсіндірме жұ­мыс­тарының арнайы медиа жоспары бекітілгені де айтылды. Қазір ел-жұртты кеңі­нен ақпараттандыру ісі жүйелі жолға қойылған. Дәрі-дәрмек бағасының ретсіз өсуі туралы дерек пен сауалдар бойынша 24/7 тәртібімен жұмыс жасайтын 109 бірыңғай диспетчерлік қызметі, рес­пуб­ликалық 1406 жедел желісі және өңірдегі эпидахуал ту­ралы 400-001 нөмірлері ар­қылы кері байланысқа шығуға болады. «QYZYLORDA» телеарнасында, «Facebook» әлеуметтік желісі мен «WhatsApp» мессенджері арқылы күнделікті тікелей эфирдегі «Дәрігер сағаты» бағ­дарламасында медицина саласының мамандарынан тол­ғандырған сауалға жауап алуға мүмкіндік бар.


Карантин кезінде волон­тер­­лар да ауқымды іске үлес қо­сып жатыр. Әлеуметтік аз қам­­тылған отбасылар мен қарттарға материалдық қолдау, авто­волонтерлардың көмегімен дәрі-дәрмек жеткізумен және рейдтік шараларға да атса­лысуда.
Дегенмен, облыста карантин талаптарына үстірт қарап, ес­кертпелерді елемейтіндер кез­деседі. Жа­қында облыстық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін ба­қылау департаменті карантин талаптарын бұзған 10 жеке тұлғаға әкімшілік айыппұл салған. 3 жағдай үйлену тойы мен отбасылық жиындарды ұйымдастыруға, 7 жағдай сани­тарлық-гигиеналық талаптарды орындамауға қатысты тіркелді. Қатаң шектелген шаралар мен карантин талаптарына қара­мастан той жасаған Арал, Қазалы және Жаңақорған ау­дан­дарының тұрғындарына, қор­ғаныш құралдарын кимей, халыққа қызмет көрсеткен қо­­ғамдық тамақтану мен дү­кен қызметкерлеріне 30 АЕК көлемінде айыппұл са­лынды. Бұл ретте Ералы Тоғжанов коронавирус інде­тінің одан әрі таралмауы және эпидемиологиялық ахуалдың жақсаруы жергілікті халықтың санитарлық нормаларды сақ­­тауына да байланысты екен­дігін атап өтті.


– Күні кеше облыстың кей аудандарында той мен жиын­дар өткізілгенінен хабар­дар­мыз. Дәрі-дәрмекпен, қажетті ме­дициналық көмекпен мем­ле­кет қамтамасыз етуде. Алайда, індеттің таралмауы мемлекеттің ғана қолында емес, бұл істе халықтың да жауапкершілігі мол екенін ескеру қажет, – деді ҚР Премьер-Министрінің орынбасары.


Сонымен қатар жиында «СҚ-Фармация» басшысына облыстағы медициналық меке­мелердің бір айлық қорын жасау ерекше тапсырылды. Облыс мекемелеріне бір апта ішінде тағы да қосымша өкпені жасанды желдету аппараттары жеткізіледі. Одан бөлек, 26 шілде күні қажетті 200 оттегі концентраторы әкелінеді. Бұл жалпы облыс қажеттілігін толықтай қамтитын болады.

ЖЕДЕЛ ЖӘРДЕМНІҢ ЖҮГІ ЖЕҢІЛДЕДІ

ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Ералы Тоғжанов облыстық жедел жәрдем станциясының жұмысымен танысты.

Эпидемиологиялық ахуал күрделенген уақытта жедел жәрдемге жүгінушілердің саны күрт артқаны белгілі. Шақыртулар саны әдеттегіден екі есеге артып, тәулігіне 2500-ден аса қоңырау қабылданған болатын. Қазір бұл көрсеткіш 1000-1100 шақыртуға тө­мендеді. Облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова жедел жәрдем шақыртуларының азаюы мо­бильді қызметтің жолға қойылғанының нәтижесінде екенін жеткізді.


Бүгінде ахуал тұрақталып, соңғы 2 аптада орындалған жалпы шақырту саны 39 процентке азайған. Оның ішінде тыныс алу жол­дары­ның аурулары 74, жедел- респираторлық вирусты ин­фекция жағдайлары 82,5, пневмония 60 процентке тө­мендеген. Пневмонияға байла­нысты шақырту көп кезінде науқастардың 85 проценті стационарға жатқызылса, қазір 45,3 проценті тасымалданып, көрсеткіш 79,3 процентті құрап отыр, яғни жағдайы ауыр науқастардың азайғаны байқалады.


Вице-премьер жедел жәрдем станциясының оперативті іс-қимыл жұмысын және шақыртуларды қабылдайтын диспетчерлік бөлімдегі Сall орталықтың жұмыс процесімен де арнайы танысты. Індет өршіген уақытта әр диспетчер күніне 150 қоңырау қабылдаса, қазір бұл көрсеткіш әлдеқайда төмен. Мұнда 8 қабылдаушы диспетчер, 3 бағыттаушы маман қызмет атқарады. Ауру өршіген кезде І-ІІІ санат бойынша 1 жедел жәрдем тобына 30-35 шақырту, қазір тәулігіне 16-18 шақырту, IV санатты жедел жәрдем тобына 20-22 шақыртудан келуде.


– Шақыртулардың тым көп болуына байланысты жедел жәрдем қызметінің тұрғындарға кешігіп барған уақыты да болды. Кейде 3-4 қоңыраудан кейін ғана шақырту қабылдай алдық. Қазір орташа есеппен 13 секундта қабылдаушы маман телефон тұтқасын көтереді. Шақыртудың азайғаны себепті осы сәтте 30 бригаданың 18-і бос тұр, – деді бас дәрігердің аудандар бойынша медицина қызметі жөніндегі орынбасары Закира Тасирова.


Қазір науқастарға уақы­тылы жедел жәрдем көрсетуге емханалар жанынан құрылған мобильді топтар да көмек беруде. Олардың саны да артты. Бұған дейін мұндай мобильді бригадалар 125 болса, бүгінгі күні облыс бойынша 161 бригада бар.

ДӘРІГЕРЛЕРДІ ҚОЛДАУ ЖАЛҒАСА БЕРЕДІ

ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Ералы Тоғжановтың сапары облыстық көпбейінді ауруханада жалғасты.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сәбит Пазылов аурухананың жұмысымен таныстырды. 1998 жылы пайдалануға берілген ғимаратта 525 төсек-орын бар. Мұнда 1335 қызметкер жұмыс істейді. Оның ішінде 200 дәрігер, 574 орта буын, 326 кіші медицина қызметкері және 235 басқа да маман бар.


– Көпбейінді облыстық ауру­хана бүгінде толық электронды құжат айналымына көшірілді. Ауруханада өкпені жасанды желдететін 17 ап­парат, 300 оттегі баллоны, 6 оттегі концентраторы бар. Бір тәулікте 60 оттегі бал­лоны пайдаланылады. Нау­қас­тарға арналған 30 төсек-орынды инфекциялық ста­­ционар, 70 фильтр бөлмесі ұйымдастырылған. Фильтр бөл­мелерінің 13 орны жан­сақтау бөліміне арналған. Бү­гінде стационарда – 7, фильтр бөлмелерінде 38 адам емделуде, – деді басқарма басшысы.


Қазір науқастарды емдеп жатқан медицина қыз­мет­керлері үйлеріне қайтпай, облыс­тық Ардагерлер үйінде оқшаулануда. Індетпен күресте тынымсыз еңбек етіп жүрген қызметкерлерге мемлекет тара­пынан қолдау көрсетіліп жа­тыр. Ел ішін кесел кеулеп кетпес үшін басын қатерге тігіп жүрген сырбойылық дәрігерлер үстемақыға қол жеткізген. Медицина мамандарының ви­русты пневмонияны жұқ­тырған жағдайда әлеуметтік өтемақы төлеу мәселесі де жолға қойылды. Ол Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау мен Денсаулық сақтау министрліктерінің 22 шілдедегі бірлескен бұйрығының ере­желеріне енгізілген өзгерістер мен толықтырулар арқылы реттеліп отыр.

ДӘРІ-ДӘРМЕК ҚОРЫ ЖЕТКІЛІКТІ

Ералы Тоғжанов мұнан кейін аймақтағы дәріханалар қорын толықтыруға қатысты қабылданған шараларымен танысып, «Зерде» дәріханасын аралап, тұрғындармен тілдесті.

Бұған дейін қалада «Зерде» ЖШС-на қарасты бір ғана дәріхана болса, жуырда дәрі тапшылығын азайту мақсатында тағы екеуі ашылды. Қаладағы басқа дәріханалар секілді қазір мұнда да келушілер саны төмендеген.


Вице-премьер сала ма­ман­­дарына дәріханаларға мо­ниторинг жұмыстарының жиі жүргізілуі керегін айтып, бір айлық қоры жоқ дәрі­ханаларды анықтауды тап­сырды.
Қазіргі уақытта 14 шілде күні ашылған «Зерде» ЖШС-ның үшінші дәріханасында дәрі-дәрмектің бір айлық қоры жинақталған әрі қажетті препараттар күнделікті Шым­кент қаласынан жеткізілуде.


– Осы кезге дейін Бело­руссия, Үндістан, Ресей және Украинадан дәрілік пре­параттар тасымалданса, Қы­зыл­ордаға апта сайын 3 жүк көлігімен аса қажетті ан­ти­био­тиктер, қызу түсіретін, тромбоздың алдын алуға арнал­ған дәрі-дәрмектер, дәру­мендер әкелінуде, – деді дәрі­хана желісінің менеджері Салтанат Ешниязова.


Айта кету керек, облыста қазір 328 дәріхана, дәріхана пункттері фармацевтикалық қызметпен айналысады. Оның 178-і Қызылорда қаласында. Бүгінде аса қажетті дәрі-дәр­мектердің уақытылы жетуі және бағасының негіз­сіз көтерілмеуін арнайы мони­торингтік топ бақылауда ұс­тайды. Осы уақытқа дейін мониторингтік топ қаладағы 9 емхана мен «СҚ-Фармация» ЖШС дәрілік қоймасына, 86 дәріханаға мониторинг жүргізді. Соның нәтижесінде дәріханалардағы ұзын-сонар кезек азайды. Вирусқа қарсы, ыстықты түсіретін, қызуды басатын дәрілер қоры күн сайын жаңартылып отыр. Дәріхана желілері дәрі-дәрмекке, меди­ци­налық бұйымдарға күн­делікті тапсырыс береді. Пре­параттардың жеткілікті болуы ұдайы назарда, қазір вирусқа қарсы ыстықты, микробты түсіретін дәрілік заттар қоры 354 262 дананы құрайды.


«Зердеден» қазір халық арасында үлкен сұранысқа ие парацетамол, ибупрофен, ацетилсалицил қышқылы, С витамині мен өкпе қабынуына арналған дәрілер және олар­дың аналогтарын табуға бола­тынына көз жеткіздік.

Тұрғындардың бірқатары дәрігер рецептісінен бөлек, қауіп­сіздік үшін алдын ала дәрілік препараттарды сатып алатыны да байқалды. Айталық, Махамбет ауылының тұрғыны Фарида Шахаева жаңа дәріханаға арнайы келген.


– Ауылда да біз іздеген дә­рі­лер табылады. Бірақ қа­ла­ға келгенде «Зердені» көре кетуді жөн санадым. Омепразол, сондай-ақ, алдын ала сақтанып, ацетилсалицил қышқылы, парацетамол, бір реттік медициналық қол­ғаптар мен маска алдым. Өйткені, қорғаныш құралдары күнделікті керек, – деді тұрғын.


Облыс әкімінің тапсыр­масына сәйкес дәріханаларға қажетті қорды қалыптастыру үшін бүгінгі күні дистрибью­торлармен өзара келісім жолға қойылды. Облыс аумағындағы ірі және кіші дәріханалар желісіне қажеттіліктеріне қарай дәрілік препараттар ұдайы жеткізілуде.

Мөлдір ҚАЛЫМБЕТ,

Айдана ЖҰМАДИНОВА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<