Марал бабаның кереметі

1543

0

Осы оқиғаны біреу айтса өз басым сенбес едім. Өз басымнан өткен соң баяндап отырмын. Осыдан 14-15 жыл бұрын Қармақшы ауданынан терістікке қарай он сегіз шықырым жерде үш жүздің пірі болған Марал ишанның зиратына тәу етіп баратын болдық. Атақ-даңқы Сыр мен Қырға бірдей тараған, есімі Алты Алашқа танымал атақты әулие, ислам дінінің ғұламасы атанған Марал ишанды қазақта білмейтін адам жоқ шығар.

Жол жүрер алдында көлігімізді тексеріп, оны-мұны шаруаларымызды бітіреміз дегенше кеш болды. Ниеттеніп қойған соң баруымыз керек. Сонымен, кеш те болса жолға шықтық. Рульде – жолдасым, апайым екеуіміз артқы жағында отырмыз. Мезгіл қыркүйек айы болатын. Демде айналаны қою қараңғылық басты.

Бір кезде жолдасым: «Адасып кеткен жоқпыз ба?» – деді. Сол-ақ екен, анадайдан самаладай боп прожектордың жарығы көрінді. «О, бабаның басына жарық қондырған екен ғой» деп, қуанып қалдым. Қасымдағы апайым «қане?» деп алдыңғы жаққа қарады да, ешқандай жарық көрмей тұрғанын айтты.

Біз лезде жаңағы жарыққа жетіп келдік. Машинадан түсе сап жан-жағымызға қарадық. Ғажап, жаңағы жарық жоқ. Зират басында  шырақшының үйі бар. Ішке кірсек, екі-үш жерге май шам жағып қойыпты. Біз таңғалдық. Шырақшы апа, шалы, тағы бір-екі әйел шай ішіп отыр екен.

Амандық-саулықтан соң біз де дастархан басына жайғасып, жаңа жолда көргенімізді айттық. Сол кезде шырақшы апа әлі күнге дейін баба басына жарықтың қосылмағанын айтты. Шырақшының айтуынша, жан дүниесі таза адамдарға Марал баба бағдар көрсетіп, өзі көмектеседі екен. Әулиелерге Алланың берген үлкен нығметі, яғни сыйы оларды осындай керемет қасиеттің иесі еткен. «Ерекше қасиет дарыған әулиелер – Жаратушы иемізге ішкі жан дүниесінің тазалығымен, көркем мінезімен ұнаған адамдар» дегенді айтты.

Бұрындары ата-әжелеріміз айтып отырғанда қиял-ғажайып ертегі сияқты көрінетін. Өзің көргеннен кейін сенбеу мүмкін емес екен.

         Бибісара ОМАРОВА.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<