Мүгедектер мәселесі қатаң бақылауда

636

0

Облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықованың төрағалығымен мүгедектігі бар азаматтарға әлеуметтік қорғау шараларын үйлестіру кеңесінің отырысы өтті.

Жиынға облыс әкімінің орынбасары Балжан Шәменова, облыс әкімінің мүгедектер істері жөніндегі кеңесшісі Нұрмұрат Ерманов, облыстық мүгедектер қоғамы қоғамдық бірлестігінің төрағасы Мұрат Жұмаділдаев, «Самұрық» инновациялық идеяларды дамыту орталығы» қоғамдық қорының директоры Жандос Тұсмағамбетов, «Қызылорда қалалық мүгедектер қоғамы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Сәкен Алдашбаев және І топ мүгедегі, белсенді азаматтар Сағатбек Сиюов пен Александр Ульяновский қатысты. Сондай-ақ, тиісті салалық басқарма мен департамент басшылары және онлайн режимде қала, аудан әкімдері ортақ мәселелерді талқылады.

Облыс әкімі мүгедектігі бар азаматтар үшін қолайлы орта құру, оларды әлеуметтік қолдау және оңалту бағдарламаларының орындалуы бойынша саралап, жауапты сала басшыларының есебін тыңдады.

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев мүгедектігі бар адамдар мен жүріп-тұруы шектеулі басқа да азаматтар үшін «есіктен есікке дейін қағидаты» бойынша кедергісіз қолжетімділікті қамтамасыз ету шараларын қабылдау міндеттерін қойды. Бұл бағытта мемлекеттік органдар мен меншік нысанына қарамастан, барлық мекемелер тиісті жұмыстарды атқарса да, кемшіліктер бар. Мәселен, өзім қаладағы мемлекеттік және мемлекеттік емес бірнеше нысандарды аралап көрдім, пандустардың өзі нормативтерге сәйкес келмейді, – деді облыс әкімі.

Аймақ басшысы атап өткендей, мүгедектігі бар жандарға арналған пандустардың орнатылуы көп жағдайда сын көтермейді. Мұндай келеңсіздіктерге жол бермес үшін нысандарды қабылдауда үкіметтік емес ұйымдар мен ерекше күтімді қажет ететін адамдарды қатыстыру керек.

Басқарма басшысы Гаухар Қалмақова мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік оңалту мәселелері және өткен жылы әзірленген мүгедектігі бар адамдардың құқықтарын қамтамасыз ету, тұрмыс сапасын жақсарту жөніндегі 2025 жылға дейінгі Жол картасының орындалу барысына тоқталды.

Ал Қызылорда қаласының әкімі Ғанибек Қазантаевтың айтуынша, облыс орталығында 2021 жылға жоспарланған 34 нысан толығымен ұлттық стандарттарға сәйкестендірілген және мүгедектігі бар азаматтарды жұмыспен қамту мақсатында тізімдік санына қарай 2-ден 4 процентке дейінгі мөлшерде квота бекітілген.

Өңірде қараша айынан бастап мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс шеңберінде «Ten Qogam» әлеуметтік жобасы жүзеге асырылатын болады. Жоба аясында мүмкіндігі шектеулі азаматтарға әлеуметтік, құқықтық, психологиялық көмек көрсету, жұмыспен қамтуға жәрдемдесу, өз ісін бастауда кәсіпкерлікке баулу, әлеуметтік дағдыларды үйрету шараларын іске асыру жоспарланған.

Жиын барысында басқарма басшылары мен аудан әкімдері облыс аумағында әлеуметтік маңызды нысандардың мүмкіндігі шектеулі азаматтарға қолжетімділігін бейімдеу жұмыстарын да баяндады.

Ортақ мәселелер талқыланған жиында Сағатбек Сиюов пен Александр Ульяновский мүгедек жандардың қала ішіндегі әлеуметтік нысандарда жүріп-тұру қозғалысы, пандустардың ыңғайлылығы, нысандарды пайдалануға беру ісіндегі комиссияға мүгедектігі бар адамдарды қосу мәселелерін көтерді.

Кеңес отырысын қорытындылаған облыс әкімі жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасына Қызылорда қаласы және аудан әкімдерімен бірлесіп, мүгедектігі бар адамдарды оңалту бағытындағы жұмыстарды үйлестіруді және әлеуметтік қызметтер порталын қолдану бойынша мүгедектігі бар азаматтарға түсіндірме жұмыстарын күшейтуді міндеттеді. Сондай-ақ, облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасына мүгедектігі бар адамдар мен жүріп-тұруы шектеулі басқа да азаматтар үшін қолданыстағы және жаңадан салынатын тұрғын үйлерді, қоғамдық ғимараттарды бейімдеу жұмыстарын жүргізу, қала және аудан әкімдеріне мүмкіндігі шектеулі азаматтарды арнайы көлікпен қамту және жұмысқа жарамды мүгедектігі бар адамдарды тұрақты жұмыс орнымен қамтылуына жағдай жасауды тапсырды.

Бұл тапсырмалардың орындалуын бақылау облыс әкімінің орынбасары Балжан Шәменоваға жүктелді.

Айта кетейік, өткен айда облыс әкімі белсенді жас Сағатбек Сиюовпен Қызылорда қаласында бірқатар нысанды аралап, олардың мүгедектігі бар азаматтар үшін қолжетімділігін тексерген болатын. Облыс көлемінде 30 мыңнан астам ерекше күтімді қажет ететін адам бар болса, оларға қолайлы орта қалыптастыру мен тең мүмкіндік тудыру басты назарда болатынын айтқан еді.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<