1941-1945 жылдары соғыс даласына аттанған майдангерлер қатарында аймақтың қауіпсіздік саласында қызмет атқарған батыр ағаларымыз да болды. Солардың бірі де бірегейі соғыс жылдарындағы аға лейтенант Пірмағанбет Үдербаев. Ол 1918 жылы 20 мамырда Сырдария ауданы Сұлутөбе ауылында дүниеге келген. 1936 жылы Сұлутөбе ауылдық мектебін бітіргеннен кейін Қызылорда теміржол техникумына түсіп, оны 1940 жылы бітірген. Екінші дүниежүзілік соғыс басталар алдында ағамыз небәрі 21 жаста еді. Ол әскер қатарына 1941 жылы қыркүйекте алынып, Прибалтика әскери округінің №2 армиясы №943-бөлек батальонының бөлімше командирі, одан кейін Калининград майданының, Прикарпатск әскери округі байланыс полкінің бөлімше командирі, Ленинградта телеграф-эксплуатация ротасының аға желілік механигі лауазымында болған. Ұлы Жеңіс күнін Ленинград қаласында қарсы алған.
Пірмағанбет Үдербаев ерен ерлігі үшін екі мәрте «Қызыл жұлдыз», екі мәрте 1, 2-дәрежелі «Ұлы Отан соғысы» ордендерімен, одан өзге 14 медальмен наградталған.
Майдангер 1947 жылы елге оралысымен еңбекке етене араласып, Сырдария аудандық кеңесінің төреағасы қызметін атқарды. 1949 жылдың маусым айында Қызылорда облыстық мемлекеттік қауіпсіздік саласына шақырылды. Арнаулы салада қызмет атқарған жылдары жедел уәкіл, тергеуші, бөлімше басшысына жүктелген міндеттерді абыроймен атқарды. 1959 жылы шекті жасына келуіне байланысты подполковник әскери шенінде зейнеткерлікке шықты. Жолдасы Күлпаш Сүлейменова екеуі екі ұл, үш қыз тәрбиелеген.
Мен мемлекеттік қауіпсіздік комитеті, кейін ұлттық қауіпсіздік комитеті саласына 1981 жылдың қаңтар айында жұмысқа шақырылып, Минск қаласындағы КСРО МКК жоғары мектебіне оқуға жіберілдім. Жоғары мектептегі оқуымды аяқтап, Қызылорда облыстық мемлекеттік қауіпсіздік комитеті басқармасына 1982 жылдың қаңтар айында қызметке жолдама алдым. Сол жылдары басқарма қабырғасында күнделікті жұмыстармен қатар даталы күндергеарналған салтанатты жиналыстар өткізіліп тұратын. Бұл жиналыстарға басқарманың жеке құрамымен бірге мен білетін соғыс ардагерлері, аға буын чекистер Ақай Әлменов, Николай Шастов, Төлеген Ідірісов, Алексей Кузменко, Пірмағанбет Үдербаев, Николай Прачкин, Сергей Галкин, Әбдібек Кәрібаевтар да шақырылатын. Сонымен қатар ардагерлер басқармада өтетін жас буын қызметкерлерді жеке құрамға қабылдау рәсіміне және оларға патриоттық тәрбие беру ісіне белсене араласып тұрды. Олар көпшілік алдында өздерін өте қарапайым, ізетті және мәдениетті ұстайтын. Соғыс туралы әңгіме қозғамайтын.
Осындай кезекті салтанатты іс-шара 1983 жылы 20 желтоқсанда Мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің құрылған күніне арналып, бір топ жасбуын офицер – бізге соғыс ардагерлері өз қолдарымен чекистік жолдама мен жеке табельді қару – «Макаров тапаншасын тапсырды. Маған ардагер – чекист Пірмағанбет Үдербаев ағамыз тапсырып, қызметіме сәттілік тіледі. Мен сенімді ақтап, еліміз бен жеріміздің біртұтастығы мен оның қауіпсіздігін сақтау ісіне аянбай қызмет ететінімді білдірдім. Мемлекеттік және ұлттық қауіпсіздік саласындағы отыз жылға жуық өмірімдегі жетістіктерім, оның ішіндегі басшылық қызметтерде абыройымның асып, мерейімнің үстем болуының негізі ағамыздың сол кездегі маған арнаған ақ тілегі мен ықылас-пейілінде болса керек деп ойлаймын.
От пен оқтың ортасынан аман-есен оралып, мемлекеттік қауіпсіздік қызметінде абырой биігінен табылып, өзінен кейінгі ұрпаққа үлгі боларлық із қалдырған аяулы азамат 1992 жылдың шілде айында дүниеден озды.
Соғыстың азапты ауыр сабақтарын халқымыз ешқашан да ұмытпайды және ол біздің санамызға ұялап, қазіргі жас ұрпақты ерлікке, қырағылыққа баулып, жарқын болашағымызды қорғауға әрдайым дайын тұруға шақырады.
Қалдыбек ЖАНӘЛІҰЛЫ,
ҚР ҰҚК құрметті ардагері
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<