Сағыныш сезімі атамекенге жетеледі

1651

0

Әйгерім Ержанат Моңғолияның Баян-Өлгей аймағында дүниеге келген. Әкесі Ержанат Төлеубай – жүк көлігінің жүргізушісі. Анасы Бақыткүл Ахмет үй шаруасында, 4 бауыры бар. Бала күнінен Абай, Мұқағали шығармашылығымен сусындап, жыр-дастандарды жаттап өсті.  Мектеп қабырғасында түрлі іс-шараларға қатысып, белсенді оқушы болды. Жазба ақындар мүшәйраларының жүлдегері атанды.

Ол қазақ елінде болып жатқан жаңалықты қалт жібермей бақылайтын. Өзі­нің қазақ екенін мақтан тұтатын. Әсіресе, көгілдір экран­дағы теле­жүргізушілерге қызы­ға­тын. Бауырларына жа­ңа­лық оқып беретін. Бала арманы өсе келе қазақ еліне деген сүйіспеншілігін арттырды. Жоғары сыныпта оқып жүріп, Қазақстандағы жоғары оқу орындары жайында зерттей бастады. Ата-анасы да қызына қолдау көрсетті. Өткен жылы елге оралды. Павлодар қаласында дайындық курсынан өтті.  Қазір Қызылорда қаласындағы Қорқыт ата атын­дағы Қызылорда универ­ситетінің  сту­денті.

– Бала күнімде атам «туған жерін аңсамайтын жан болмайды» деп отырушы еді. Тарихтан көп сыр шертетін. Балалықпен түсіне қоймадық. Кейін өсе келе әкем ата-бабамыз қиын кезеңдерде атамекенін тастап кетуге мәжбүр болғанын айтты. Қазақ елі байырғы мекеніміз екенін білдік. Содан бері кеу­демде сағыныш пайда болды. Бұл сезім мені атамекенге жетеледі. Қай елде жүрсем де өзімді қазақ баласы екенімді ұмытқан емеспін, – дейді ол.

Ол Абайдың «Көзімнің қарасы», «Желсіз түнде жарық ай» әндерін нақышына келтіріп орындайды. Қолөнерге де әуестігі бар. Тоқыма тоқып, құрақ құрайды. Бұл өнер оған анасынан дарыған. Қызына қазақтың ұлттық ою-өрнектерін қолдану әдісін, мағынасы мен мәнін ұғындырып, санасына сіңірген. Кітап оқығанды жақсы көреді. Әсіресе, рухани мұраларымыз – ежелгі жыр-аңыздар, сал-серілік дәстүр, саят құстары, археология мен қазақ қолөнері жайлы зерттеу еңбектерді қарағанды ұнатады.

– Елге келгенде бір нәр­сеге көзім жетті. Жастарға қолдау бар. Тегін білім алуға, жұмысқа орналасуға, бас­панаға қол жеткізуге жағдай қарастырылған. Мұның бәрі Тәуелсіздіктің арқасы.  Тәуел­сіз­дікпен бірге түлеген жас­тар білімге құштар, талантты.  Мақсаттары айқын, ойлары жүйрік, – дейді ол.

Жас өрен қатарластарынан қалмауға тырысады. Қосымша ағылшын тілін үйреніп жүр. Жоғары оқу орнында түрлі пікірсайыстарға қатысып, өткір ойларымен, сауатты сөз саптауымен белсенді студенттер қатарына  ілікті.

– Байқағаным қалада іргелі істер, әдемі, көрікті, зәулім ғимараттар көп. Көшеде, қоғамдық орындарда ұлт­тық нақыштағы дүниелер орна­тылған. Қалаға алғаш кел­генімде бір күнімді арнап, толық танысып шықтым.  Мұның бәрі де тәуелсіздіктің жемісі деп білемін, – дейді ол.

Сара АДАЙБАЕВА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<