Сырбаз аға

106

0

Қаланың бір қиырындағы колхоз көшесінде Кәмекеңмен ағайынды Мақаш аға, одан соң Аралбай Маханбетовтер әулеті тұрды. Емберген ата мен Жібек әже жалғыз ұлы Хамитті аялап өсірді. Көрші-қолаң көп кіргіштейді. Дастарқаны жаюлы, қонақ үзілмейді. Бала Хамит қоңақтардың қолына су құйып, батасын алуға ықыласты. Жалғыз ұл тез ержетті. Қазіргі Қалтай Мұхамеджанов атындағы мектепті бітіріп, қаладағы Гоголь атындағы пединститутқа түсуге әзірленіп жүр. Тарихшы болсам деген арман бар. Емберген ата жалғыз ұлдың қызығын көруге отау кұрса деп Алладан тілеуін тілейді, намазын, оразасын қалт жібермейді.

– Хамитжан, сені тезірек үйлендірсем деген ойдамын. Мына «Қоғалыда» Еспенбет қажының қызы бар. Аты – Ләтипа, кұда түссем деп жүрмін.

– Ой, көке, институтқа түсуге әзірленіп жүрмін ғой. Институт бітірейін, содан соң отау құрғаным жөн емес пе?!

– Әңгімеңді қой, балам! Біз сенің қызығыңды тез көруіміз керек. Кемпір екеуміздің жасымыз ұлғайып қалды. Менің бұл ұсынысыма мына шешең де кетәрі емес. Екеуміз келісіп, қажының қызына құда түсуге шұғыл аттанбақпыз, бұл – баяғыдан бар дәстүр. Менімен бірге мына аталас туыс Махан­бет­жан­мен құдалыққа барамыз!

Бала Хамит аң-таң күй кеш­ті. Бетіне жел боп тимеген ата­сының сөзіне келіспеске ама­лы қалмады. Сонымен әулет үл­кен­дері бас болып, «Қоғалы» ауылы­на құдалыққа аттанды.

Ол кезде қазіргідей самса­ған көлік жоқ. Ат үстінде Махан­бет­жан аға бір түйені жетектеп, қаладан қырық шақырымдай «Қо­ғалыға» кешкілік жетті. Тү­­йелі құдаларды ауылдастар құ­шақ жая қарсы алды. Тәтен кем­пірдің ері Еспенбет қажы ерте­ректе дүние салған, бір ұл, екі қызын мәпелеп өсірген. Өзі намысшыл еді, Ләтипаның ұза­ту тойын дүркіретіп өткізді.

Әлі есімде бұл сонау 1948 жылдың тамылжыған жаз айы. Біз жетінші класты бітіріп, педучилищеге оқуға түсуге ат­тан­ғалы жүргенбіз. «Томар өт­келді» жаға­лай отырған ауыл жап­пай киіз үйді қатарласа тігуге бет бұрып, жұрт соғыстан соң еңсе көтерген кез болатын. Төрт түлік мал өсіріп, жаппай егін егуге бет бұрған кез.

Сонымен Тәтен кемпірдің той-думаны үш күнге созыл­ды. Түйе үстіне қоршау жаса­лып, оған Кә­ме­кең мен Ләти­па жайғасты. Кү­рең қасқа тұл­­пар­дың шылбырын ұста­ған Ма­хан­бетжан аға түйені же­тек­теп Қызылордаға тартты. Қалаға кеш­тетіп жетті. Көше жұрт­шы­лығы абыр-сабыр. Ләти­па мен Кәмекең қарақұрым жұрт­қа иіліп сәлем беріп, құтты қо­­ныстың босағасын аттады. Шашу шашылып жатыр. Ем­бер­ген ата мен Жібек әженің куа­ны­шында шек жоқ. Аталас туысы Мақаш аға тойды бастап кетті.

Сол Кәмекең, абыз аға Ха­мит Ембергенов 95 жас­та бақиға ат­танып кетті. Сү­йікті жа­ры, бұдан 20 жыл бұрын дү­ние салған еді. Шү­кір он бір ұл-қыз өсірді, 41 не­мере-шөбере сү­йіп, құда-жек­жатпен сыйласып ғұ­мыр кешті.

Ағаның пәтеріне бір барға­ным­да көңіл-күйі тәуір екен. Қуат­ты көрінді. Дүниеден өткен Абдулла, Нұрмақ, Тө­лек, Айт­бай, Нұрділда, Нәжіман, Кама­лад­динді еске түсіріп, кө­зіне жас алды. Қатарым сиреп қалды деп мұңайды.

– Ой, Кәмеке, 95-ке кел­генде қатарыңыздың сиреуі заң­­ды­­лық, сіз өмірге қанағат ет­пейсіз бе?

Аға қарқ-қарқ күлді.

– Шүкір, шүкір. Аз жасаған жоқ­пын, – дей берді.

Үй телефоны шылдыр етті. Кө­тер­дім. Кәмекең екен. Әзіл-қал­жыңды төге сөйлеп тұр.

– Қайреке, біздің отбасы ме­нің 95 жылдығымды атап өту­ге әзірленіп жатыр. Мерейтой ал­дағы мамырдың бірінде мына «Орда» дәмханасында өтпек. Өзің бас­қа­расың. Айтайын деге­нім осы еді, Қайреке!

Сырбаз ағаның өтінішін қуа­на қарсы алдым. Мерейтойға әзірлік басталды. Сөйлер сөзді қағазға тү­сіріп, қонақтарды ша­қыру билеті таратылды.

О Құдірет! Сырбаз аға тойдың басталуына бірер апта қалғанда дүниеден озды. Әл­­бетте, Алланың бұйрығына көн­бес­ке амал қалмады. Ард­гер ағаны қарақұрым жұрт ақ жуып, ару­лап шығарып салдық. Көз­­көр­гендердің сөздері көз­ден еріксіз жас ағызды.

Уақыт шіркін, жүйрік қой. Жаны жомарт ағаның дүниеден өткеніне лезде жыл толды. Тағы да аға жа­йында естелік айтудың, өткен күн­дерді ойға оралтудың сәті түсіп отыр.

Бір күні Кәмекеңнің үйіне барсам, аға жоқ екен.

– Аға қайда, Ләтипа?

– Әлгі әзірде бір пальто­сының етегін қысқартуға ше­берханаға кетті.

– Неге?

– Пальтосының етегін қыр­қып, содан шәпкі тіктірем дей­ді.

– Неткен талғампаз адам, – деп таңдандым. Ол жылдың әр мез­гіліне сай киімді талғап ки­ді. Галстук, жейде әр түстен бо­латын.

Ғұмырында сан алуан қыз­мет­тің тізгінін ұстады. Комсо­молда, облыстық партия коми­тетінде, «Бі­лім» қоғамында ең­­бек етті. Табан аудармай 16 жыл Сырдария ау­дандық пар­тия комитетінің үгіт-на­сихат бө­лі­мін басқарды. «Боз­дақтар» ре­дак­циясында ұзақ жыл еңбек етіп, хабарсыз кет­кен май­дан­герлердің есімін жаңғыртып, отбасына оралтты. Құрметпен зей­нетке шықты. Меккеге са­пар шегіп, қажылық парызын орын­дады.

Сырдария аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Еламан Жүнісбаев екі сөзінің бірінде:

– Хамит мінезге бай азамат, өз ісін жетік білетін іскер қызметкер болды. Қызылорда қа­ла­сынан Тас­бөгетке сыр бермей қатынап, жұмысқа деген борышын адал ат­қарды. Тап­сырылған іске деген жа­уап­кер­шілікті Ембергеновтен үй­рену керек, – дейтін.

Аға жайында сыйлас, сырлас болған Ибрагим Әбибуллаев, Жансары Адыранова, Камал Рүстемов, Мұқан Әмірғалиев әркез төгілте әңгімелеуден жалықпайды. Сүйсіне тыңдаймыз.

Ол кезінде талай марапатқа ие болды. Сырдария ауданының құрметті азаматы атанды, бірнеше орден-медальді омырауына тақты, «Қызылорда облысының құрметті ар­дагері» төс­бел­гісімен марапат­тал­ды. Алғыс хаттар шексіз.

Кәмекең – құда-жегжатпен сыйласып, сырласып өткен азамат. Ұл-қыздары белгілі заңгер Пазыл­бек Әбдірахманов, полковник Қыпшақбай Жүсіпов, артист Оралбай Әбдімомынов, еңбек ардагері Жарылқасын Әбдірайымов, Кеңес Маханбетов, тағы басқа азаматтармен құдандалыжегжаттығы, сыйластығы туралы әңгіме таусылмайды.

Ағаның жылдық еске алу сәтінде біраз әңгіменің басын шалғандай болып отырмын. Ғайбат сөзге жоқ, кіршіксіз азамат болып дүниеден өтті. Ай­тылар әңгіме жалғаса берері ақиқат. Артында өшпес із қалдырған аға бейнесі әр жүректе сақтала бермек.

Хамит ағаның қыздары Күлшара, Мағрипа, Ұлжан, ұлда­ры Ма­рат, Ғайнеддин, Жанабадин – бірі заңгер, бірі экономист, бірі инженер, бірі дәрігер, әр саланың құрметті мамандығын игергендер. Иә, өсер ұрпақ тұрғанда Хамит Ембергенов есімі ұмытылмай жалғаса берері ақиқат.

Қайырбек МЫРЗАХМЕТҰЛЫ,

Қазақстанның құрметті журналисі

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<