Түрлене түскен теңізді өлке

1447

0

Бұған дейін хабардар еткеніміздей, Қармақшы мен Қазалыдағы сапар Арал өңірінде жалғасты. Егер сіз аудан орталығына күре жолдан кірген болсаңыз, алдымен ең ұзын Абай атындағы көшемен жүресіз. Жергілікті халық бұл маңды «Жаңа ауыл» деп атайды.  Ал осы үлкен көшеден қаз қатар өзек алып жатқан көп көше бар.  Бұларға бұрын асфальт түспеген. Қазір бәрі басқа.

«Жол картасы» бағдарла­масы биыл ел тұрмысына елеу­лі өзгеріс әкелді. Соның шарапаты еді бұның бәрі. Жұмыспен қамтудың тамаша үлгісі болған бағдарламаның арқасында Арал қаласында 33 көше жөнделіп жатыр екен. Жоғарыда айтқан «Жаңа ауылдың» көп көшесі осы цифр ішінде. Қазірдің өзінде 12 көше асфальтталған. Қалған көшелер де жақын арада дәл осылай теп-тегіс болмақ.

Айтпақшы аралдық кішкен­тайлар үлкендердің мазасын алып жүргенге ұқсайды. Не сұрайды дерсіз?! Не сұрасын?! Скутер сұрайды-дағы. Айнадай асфальтта скутермен сырғанақ ойнамақшы. Жол салынғалы бала біткеннің қуанышы үл­кендерден асып тұр. Бүгінгінің боямасыз тіршілігін блакнотқа осылай түрттік де, аудан тіршілігін асықпай қарауға жә­не жұмылып кеттік.

Биыл

600 мың

тонна

Жақсықылыш. Осы ауылға жақын қалсаңыз, бозғылттана тау көрінер. Тау деймін ау, тау емес еді ол. Тұз ғой. Кәдімгі қара тұз. Ал тұздың орнын ешнәрсе алмастыра алмас еді. Анау «погрузчик» деп аталар техника таудай үйілген ас атасын бері қарай тасиды. Өң­дейтін цехқа. Иә, құрметті оқырман, әлгі республикадан бөлек, ТМД елдеріне тұз да­йындайтын «Аралтұз» АҚ осында орналасқан.

Есіт­кеніміздей, мұнда 1925 жылы «Тұз» деп аталған шағын артель құрылған. Жақсықылыш қазір кент қой. Кенттің іргеқазығы осы байлықтың арқасында қағылыпты. Енді есептей бері­ңіз. Қанша жыл?! Ғасырға жуық ғұмыр кешіп келе жатқан өндіріс пен ел-жұрт бар мұнда. Дұрысы, 95 жылдық тарихы бар Жақсықылыштың.

5 мыңнан астам халқы бар кенттің басым көпшілігі тұз өндірісінде. «Аралтұзда» 1200 адам жұмыс істейді. Енді бір сүйіншілейтін жаңалық, жа­қында тағы бір тұз өңдейтін цех ашылмақ. Ол ашылса, үш жүзге жуық адам тағы жұ­мысқа тұрады. Ал кешегі індет қысқанда аудан ауруханасына қыруар қаржы жұмсаған кә­сіпорынның мемлекет үшін маңызды екені айтпаса да тү­сінікті шығар.

– Пандемия кезінде 50 млн теңге қаржыны аудандық ау­ру­ханаға аудардық. Каран­тин кезінде де жұмыс жүріп, қыз­меткерлерімізді қысқарт­падық. Биыл тұз өндіруде тамаша көр­сеткіш көрсетеміз деген сенім бар. Құрылғыларының шыққан жеріне байланысты екі испан және бір украин цехы деп аталатын тұз өңдейтін 3 цех бар еді. Енді бұған қосымша тағы бір испандық үлгідегі цех тұрғызылуда. Жұмысшыларға жатақхана да салынады, – дей­ді кәсіпорынның әлеуметтік мә­селелер жөніндегі вице-пре­зиденті Нағашыбай Әуесханов.

Жыл басталғалы 450 мың тоннадан әрі өнім шығарып, оның жартысынан астамын сырт елдерге экспорттаған өн­діріс орны жыл соңына дейін 600 мың тонна тұз шығара ала ма?! Сенуге болатын сияқты. Әлі үш ай уақыт бар емес пе?! Солай.

Тұздың арқасында тіршілік түтіні түзу ұшқан кентке биыл газ тартылды. Былтыр рес­пуб­ликалық бюджеттен 700 млн теңгеге жуық қаржы бө­лініп, Аралдан бері он шақы­рымнан аса құбыр жүргізілген. Кент ішіндегі 32 көше, барлығы 855 үйге газ трубалары келді. Шілде айының ортасынан бастап көгілдір отынды пайдаланған тұрғындар бек қуанышты.

– «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында кенттегі №19 орта мектепке жапсарлас 100 орын­дық оқу ғимараты салынуда. Осы жоба аясында спорт кешенінің құрылысы басталып, бұрын жол түспеген 17 көше дұрысталып жатыр. Алты көшеге жарықтандыру жұмысы да биыл басталады. Ауызсу  барлық үйге тартылған. Емхана қызметі, балабақша, жаңа поч­та, интернет жұмысы толық өз қызметін атқарып тұр, – дейді кент әкімі Пазылбек Берсүгіров.

Айтпақшы, бір кездері Арал­­дың тұзы нашар деген әң­гіме әр жерден шығып жүрді. Әлем­желіде шулағандар болды ғой. Қайдам, тұзды қолданып, дертті болған адам көрмедік әлі. Осындайда әлгі «ішің күйсе тұз жала» дейтін мәтелдің еске еріксіз түсетіні-ай…

Темір

жолдың

қара шаңырағы

Сексеуілге бардық. Аралдан әрірек Тербенбес тауының етегінде жатқан ел бұл. Ел дей­мін-ау, 13 мың халқы бар кент статусын иеленген жұрт. Бы­лайынша, мына облыс орта­лығы­на жақын Тереңөзекпен бірдей.

Сексеуіл тіршілігі темір жолмен тығыздас. Ақ пат­ша­ның заманында қолға алын­ған Батыстан Оңтүстік Қазақстанға дейінгі темір жол жобасы тарихтан белгілі ғой. Алаш зиялысы Мұхамеджан Тынышбаевтың бұған тер төккенін әркім білуі тиіс.

Ол кезде Сексеуілдің аты басқа еді. Құмсай деп аталыпты. Неге Сексеуіл десеңіз, те­мір жол түскенде барлық паровоз көмірмен жүрді. Көмір болма­са, теңіз маңындағы томарлы сексеуілді жақты. Арнайы сек­сеуіл қабылдайтын база да болған мұнда. Арал маңы туралы жазылған көркем шығар­маларда мұндай дерек бар.

Сексеуіл базасының атына осылай станциясы таңылған. 1905 жылы осы жерден құ­рыл­ған Құмсай шеберханасы бүгінде үлкен тепловоз жөн­дейтін депоға айналған. Арада ғасыр асқан уақытта халық саны осылай өсіпті.

– Халықтың 60-70 проценті осында. Алғаш темір жол келгелі жұмысқа тартыл­ған ата­ла­рымыздың немере-шө­бе­­релері бұл кәсіптен қол үзбеді. Сонда жұмыс істей­ді. Сонда дегеніміз қазір Сек­сеуілде темір жол қызметіне байланысты 14 мекеме бар. Біздің негізгі міндетіміз – вагон қозғалысын тоқтатпау.  Мысалы, жүк таситын вагондарды Қарағандыдағы Қоскөл бекетіне, сондай-ақ Қазалыға дейін жеткізсек, жолаушылар пойызын Қандыағаш, Шалқарға дейін тасымалдаймыз. Сонау Шиеліден келген теп­ловоз осында ағытылып ауы­сып, жанармаймен жабдықталады. 146 машинист, оның 146 көмекшісі бар. Тасымал жұмысы үздіксіз жүріп отырады. Барлығы 418 адам табыс тауып отыр, – дейді Сексеуіл пайдалану локомотив депосының бастығы Жанкелді Төрединов.

Тағы бір қызықты дерек, Ұлы Отан соғысында еркек біт­кен қару алып, жауды құр­там деп аттанғанда, паровоз біт­кен тоқтап қалмапты. Әйел­дер жүргізген. Сенесіз бе, Сек­сеуілдің келіншектері пойызды тоқтатпай, тіршілік қалпын бұзбаған. Жергілікті халық өт­кен жылдарды солай еске алады.

Айтпақшы, теңіздің балы­ғын паровоз пешіне де жаққан-мыс. Кәдімгі балық. Бұрын біз ес­тімеген бұл оқиға Ресейге артқан балықтар күн райынан бұзылғанда паровоз пешіне жа­ғып құртқан деседі. Ілгеріде ба­лықшылар мұз үстінде ау салып жүріп, түйесіне де осы майда шабақты берген көрінеді. Ауыр жылымды тарту үшін түйе алға қозғалуы тиіс қой. Арал балықшылары жылым тартар алдында түйе алдына осындай майда балықты тастай беретін көрінеді. Оны жеймін деп төрт түліктің төресі алға ұмтылған. Әдіс осылай жүзеге асқан. Түйе жарықтық та мұз үстіне шөп шықпайтынын білсе керек. Құ­дай берген түйсік қой. Сораң мен жантақтан тарылғанда артына жеккен шанасын сүйрете, одан қалды, жылымды тартып, алдына түскен балықты шетінен кертіп жей беріпті.

Қазақ еліндегі теміржол­шы­лар тарихында қара шаңырақ са­налатын Сексеуіл жайлы біз­дің дерек осындағы локомо­тив жөндеу депосымен толыға тү­седі. 250 адамнан астам жұ­мысшысы бар депо тепловоз­дарға жөндеу қызметін көр­сетеді.

– Былтыр депоға біраз жөн­деу өткіздік. Ал мынау «Эвалюшн» деген тепловозың. Былайынша маркасы ТЭ33А-0209 деп аталады, – деді депо ішін таныстырып жүрген техникалық директор Нұрлан Бөлеков. Жа­ңа үлгідегі тепловоздың іші-сыртын айналып жүрген біз жұ­мырына 7 тонна дизель кететін бүгінгі отарбаның сұлбасына сүйсіне қараймыз.

– Жөндеу сапасы жылма-жыл жақсарып келеді. Бұрынғы жіберілген кемшілік пен қате­ліктер – өзімізге сабақ. Өйткені, темір жолда тәртіп болмаса өзі­ңе де, өзгенің де өміріне қауіп төндіресің. Былтырғы жылмен салыстырғанда мұндай шы­ғын­дар 50 процентке азайған, – дейді ол.

«Қамқор Локомотив» ЖШС филиалы болып санала­тын жөндеу депосы жылда қайы­рым­дылық шараларынан тыс қал­майды. Мектеп пен ем­ханаға көмек беріп, аз қам­тылған отбасыларға демеушілік жасауда алда тұр. Қызметкер­лердің айлық жалақысы жыл­да өсіп тұр, одан бөлек, түрлі сыйақы марапаттар жиі ұйым­дастырылады. 

Сондай-ақ Сексеуіл кентінде Мемлекет басшысының тапсырмасымен  300 орындық мектеп салынуда. Одан бөлек, 40 төсектік аурухана құрылысы да жүріп жатыр.

– Қазір жұмыс істеп тұр­ған үш орта мектеп, 280 орындық мем­лекеттік балабақша бар. Жеке балабақшадан тағы үшеуі бар. Мәдениет үйі мен ем­хана ха­лыққа қызмет етіп тұр. Алдағы жылы кентке газ кіргізу ойымызда бар. Сондай-ақ кентішілік көшелерде жөн­деу кезегі келіп тұр. Бірақ газ кіргізіп болған соң ғана ол көшелер жөнделеді. Олай етпесек, газ жүргізу ке­зінде кейбір жерлерді қайта қазуға тура келеді, – дейді кент әкімі Сексен Төрешов.

Айта кету керек, 300 орын­дық мектеп темір жолдың ке­лесі бетіндегі тұрғындар үшін тұрғызылып жатыр. Темір жол өткелінен өтуде қиын­дыққа ұшыраған халыққа бұл сүйін­шілейтіндей жаңалық болғаны рас. Ал ауыл жігіттері асарлатып, өз күштерімен қаржы жинап, жаңа мешіт тұрғызуды қолға алған. Бүгінде бірінші қабаты бітіп, екінші қабатының кірпішін өріп жатқан сексеуіл­діктер күн қабағы түспей тұрып, мешіт еңсесін тіктеп алмақ.

Ал біздің аудандардағы сапарымыз әрі қарай жалғасатын болады.

Қуат ШАРАБИДИНОВ,

Ержан ҚОЖАС,

«Сыр бойы».

Арал ауданы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<