Жаңа қаулы күшіне енді

1059

0

Қаңтардың 6-сынан  бастап азық-түлік дүкендері, шағын маркеттер, сұлулық салон, шаштараз, супермаркет, гипермаркет, ашық базарлар, азық-түлік емес дүкендер, сауна, спа-орталық, монша, спорттық-сауықтыру, сауда-ойын-сауық, балалар мен ересектердің білім беру, бизнес орталықтары, кинотеатрлар өздерінің штаттық режимдегі уақыты бойынша жұмыс істеуге көшті. Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте жаңа қаулыны таныстырған  облыстың бас мемлекеттік санитариялық дәрігері Динара Жаңабергенова осылай деп мәлімдеді.

Сонымен бірге  қаулыға сәйкес кальян  пайдалануға, ойын-сауық, спорттық іс-шараларға, көрмелерге, форумдар мен конференцияларға,  отбасылық, салтанатты, естелік іс-шаралар, оның ішінде үйде және адамдар көп жиналатын өзге де іс-шараларға, букмекерлік кеңсе, балаларды сауықтыру лагерлерінің қызметіне, спортшылардың өзге елдегі жарысқа қатысуына шектеу шаралары сақталады. Ал жолаушылар поездарына, ашық ауадағы жаттығуға, ұлттық құрама,  клуб командаларының спорттық жаттығуларына, қаржы ұйымдарына, көрермендердің қатысуынсыз, бір мезгілде 100 адамнан асырмай республикалық жарыстарды өткізуге, бір мезгілде 30 адамнан асырмай, облыстық командаларды даярлау үшін оқу-жаттығу жиындарын өткізуге рұқсат беріледі.

  • Басты өзгеріс білім саласына қатысты болып отыр. Оқу жылының үшінші тоқсанынан бастап, контингенті 300 оқушыға дейінгі қалалық және ауылдық мектептерде сыныптағы бала саны 15-ке дейін етіп дәстүрлі форматта оқуға, сыныптарды 15 баладан асырмай, ата-аналардың өтініші бойынша жалпы білім беретін мектептерде 1-ден 5 сыныпқа дейін, халықаралық мектептерде 7 сыныпқа дейін  кезекші сыныптарда оқытуға, оқу бітіретін сыныптарды (9, 11 (12) сыныптар)  аптаның 6 күні ішінде аралас оқытуға, яғни, пәндердің 70%-ін штаттық режимде, 30%-ін қашықтан оқытуға, білім беру мекемесі әкімшілігінің шешімі бойынша сабақтан тыс уақытта 5 адамнан аспайтын топтарда оқушыларды жеке оқытуға рұқсат берілді, – деді облыстың бас санитариялық дәрігері.

Сондай-ақ, екінші семестрден бастап колледждер мен жоғары оқу орындарының I курс студенттері де штаттық оқуға көшеді.

«СБ» ақпарат

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<