Қадірлі жерлестер!

308

0

Бүгін Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың  Жарлығымен халқымызға қасірет әкелген Семей ядролық сынақ полигонының жабылғанына 30 жыл толып отыр.

Тарихқа көз салсақ, Семей полигоны Кеңестер Одағының аса маңызды стратегиялық объектісі болғаны белгілі. 18 млн гектар жерге орналасқан полигонда жасалған сынақтардың жалпы саны 456 ядролық және термоядролық жарылыстың  116-сы жер бетінде немесе әуе кеңістігінде жасалды. Ғалымдардың есебі бойынша, полигонда әуеде және жер бетінде сынақтан өткізілген ядролық зарядтардың жалпы қуаты 1945 жылы Хиросимаға тасталған атом бомбасынан 2,5 мың есеге көп екен. Ядролық сынақтардың салдарынан барлығы 1,3 миллион адам зардап шекті деп есептеледі.

Семей полигонындағы Дегелең тауының жер астындағы шахталарында жыл сайын 14-18 жарылыс өтіп, ұзын саны 340-ты құрады. Аяусыз жасалған жарылыстардың салдарынан тау қиыршық тас үйіндісіне айналды. Ал радиация халықтың генетикалық кодына зиян келтіріп, сырқаттардың тұқым қуалайтындығы ғылыми негізде дәлелденді. Қазақ даласының табиғаты да, адамдары да жарылыстың құрбандығы болды.

Халықтың басына түскен нәубетке азаматтарымыз бей-жай қарай алмай, ақын, қоғам қайраткері Олжас Сүлейменовтің бастауымен 1989 жылы «Невада-Семей» қозғалысы аясында  бірікті. Осылайша, көп жыл азап шеккен халқымыз ядролық қарудың жойылуын қалап, өз позицияларын айқын білдірді.

Бүгінгі күні тәуелсіздігіне 30 жыл толған Қазақстан әлемде ядролық қарудан бас тартқан және халықаралық саясатта сенімнің жаңа моральдық үлгісін жасаған ел ретінде тарихта алтын әріппен жазылып қалды.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев айтқандай,  Тәуелсіздікті ядролық қарусыздану және жойқын қаруды таратпау жөніндегі бейбіт ұстаныммен қарсы алуымыз Тұңғыш Президентіміз саяси ерік-жігері мен салиқалы саясатының арқасында жүзеге асқаны анық.

Сынақ өткен қырық жыл ішінде біздің облысымыздан он мыңдай адам шақырылды. Қазіргі күні оның мыңдайы ғана арамызда жүр.

Осы қасіреттен қаза болған бауырларымызды әрдайым ұмытпаймыз, еске алып, тағзым етеміз.  

Енді жерімізде сынақ алаңы болмасын, балаларымыз жыламасын, аналар мұңаймасын деп тілейміз! 

Еліміз еңселі, халқымыз аман, Тәуелсіздігіміз тұғырлы болсын!

Құрметпен Гүлшара ӘБДІҚАЛЫҚОВА,

облыс әкімі

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<