Қолайлы жағдай жасалған

323

0

Қыркүйек айынан жалпыұлттық халық санағы басталды. Еліміздегі әрбір тұрғын 1 қыркүйектен 15 қазанға дейінгі аралықта sanaq.gov.kz сайты арқылы онлайн режимде санақтан өте алады. Бүгінде облыс орталығындағы мекемелердің көпшілігінде тұрғындарға қолайлы бұрыштар жасақталған.

Қала тұрғындарының кейбірі «Достық үйінде» орналасқан «Қоғамдық келісім» мекемесіне арнайы келіп өтуде. Мұнда интернет желісіне қосылған компьютер дайындалып, тіркеуден өтуге көмектесетін арнайы маман бекітілген.

– Онлайн режимде халық санағына қатысу кез келген адамға ыңғайлы әрі қазіргідей эпидахуал күрделі тұста санитарлық талаптарға да сай келеді. Бұрын үй-үйді аралап, санақ жүргізгенде түрлі кедергілер кездесетін, бірі үйінде болса, бірі болмайтын. Ал қазір арнайы портал арқылы әр адам өзін ғана емес, отбасы мүшелерін де түгел тіркей алады. Біз еліміздегі әрбір оң бастамаға қолдау көрсетеміз. Ауқымды шараға әртүрлі  этнос өкілдері де өз үлестерін қосып, белсенді қатысып жатыр. Айта кету керек, халық санағына қатысу арқылы әр адам нақты статистиканың, қазақстандықтар туралы сапалы деректердің қалыптасуына үлес қоса алады, – деді «Қоғамдық келісім» мекемесі директорының орынбасары Фархад Әбдібағдатұлы.

Тәуелсіздік алғалы елімізде үшінші рет өткізіліп жатқан халық санағына Сыр жастары да белсенді атсалысуда. Оны облыстық жастар ресурстық орталығындағы «Өзіне-өзі қызмет көрсету» бөлмесіне келген жастардың легінен байқауға болады. Осы орайда, орталық қызметкерлері де жалпыұлттық халық санағынан онлайн режимде тіркеуден өтті.

Айдана Жұмадинова,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<