Құнды қазына іздесең…

400

0

Оқысаңыз балалар, шамнан шырақ жағылар,

Тілегенің алдыңнан іздемей-ақ табылар…

Қазақтың ұлы ағартушысы Ыбырай Алтынсариннің бұл сөзі ұрпақтың ұранына айналды. Бұл орайда қала тұрғындары үшін бір жақсы жаңалық – кітап дүкені ашылды. Күннің жексенбі екеніне қарамастан, дүкеннің ашылуына келген тұрғындардың белсенділігі жоғары. Кітап дүкенінің егесі Нұрбек  Серікбаев бұл жұмысты көптен бері ойланып, іске асырғанын айтты. Білуімізше, Нұр-Сұлтан, Алматы қалаларынан бастау алған бұл жоба Сыр өңірінде жалғасын тапқан.

Сөрелерде қазақ қалам­гер­лерінің туындыларынан бас­тап, шетел әдебиеттері және балаларға арналған шығар­малар толып тұр. Дүкенге келу­шілер де өз емін-еркін таңдауын жасап, қалаған кітаптарын сатып алып жатыр. Жаңа дүкеннің ашылуына қала әкімінің орынбасары Асқарбек Есжанов қатысып, бұл жаңалықтың аймақ тұр­ғын­дарына әсері айрықша екенін айтты.

– Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында қарапайым тұр­мыстың талабына қарай мате­риал­дық қажеттіліктер алға шығып, рухани құндылықтар қалыс қалғаны рас. Оны жа­сыруға болмас. Дегенмен, адамның ой-санасы, таным-талғамы ұдайы дамып отырмаса, біз қалаған өркениетті, зайырлы қоғам қалыптасуы қиын екенін уақыт көрсетті. Сондықтан соңғы кезде ел ішінде кітап оқитындар қатары көбейіп келеді. Әсіресе, бұл бастамаға жастардың бет­бұ­рысы қуантады. Әр отбасында өсіп келе жатқан бала ұлттық ұстанымға сай тәлім-тәрбиені әлеуметтік желідегі кейбір қажетсіз ақпараттардан емес, кітап оқу арқылы  бойына сіңірсе, қандай керемет?!

Кітап дүкенін ашқан кә­сіпкер азаматқа көптен-көп рахмет. Келешекте тұрақты оқыр­мандары қалыптасады деп ойлаймын, – деді А.Есжанов.

Шараға Қорқыт ата атындағы университет сту­­дент­тері қа­тысып, әдемі ән-жырларымен көпшілікке кө­ңілді әсер сыйлады.

Иә, орыс халқының ұлы жазу­шысы Максим Горький: «Өз бойымдағы барлық ең жақсы қасиеттерім үшін кітапқа қарыздармын» деген екен. Кемеңгердің бұл ойымен келіспеу мүмкін емес. Руха­ният әлеміне талпынған сайын кітап өміріміздің бір бөлшегіне айналды.

Дүкеннің ашылу рәсіміне мен де қатыстым. Себебі, бү­гінгі таңда кітабын шығарып, қалай өткізерін білмей жүрген шығармашылық адамдарына бұл жақсы қолдау болады деген ойдамын. Кітап сөрелеріндегі Абай, Мұхтар сынды әлем таныған ақын-жазушылардың шығармаларымен қатар ала­қандай кітабың сатылымда тұрғаны қандай керемет?! Ал өзім көп ойланбай ақын Т.Айбергеновтің «Бір тойым бар» кітабын сатып алдым.

Ғазиза ӘБІЛДА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<