Қызылорда – Ножан-сюр-Марн бауырластық беки түсті

571

0

Алаш қозғалысының көрнекті қайраткері Мұстафа Шоқайдың ел Тәуелсіздігі жолындағы күрескерлік идеялары, өшпес рухы халқымен табысқалы бері Қазақстан мен Франция арасы жақындай түсті.

Мәдени-рухани байланыс артып, Мұстафа Шоқай салған сара жол жалғасын тапты. Оның ішінде Ножан-сюр-Марн қаласындағы қазақ қауымдастығы атақты жерлесімізге құрмет көрсетіп келеді. Бейсенбіде онлайн-режимде Қызылорда мен Францияның Ножан-сюр-Марн қаласы арасында бауырластық туралы келісімге қол қойылды.


Облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова Қазақстан мен Франция арасында саяси, іскерлік, экономикалық және мәдени салаларда өзара қарым-қатынастар қалып­тасқанын атап өтті.


– Екі ел арасындағы жоғары деңгейдегі тұрақты байланыстар, сауда-экономикалық қатынастар және бірлескен ғылыми-мәдени іс-шаралар қарқынды дамып келеді. Қазақстанды Француз Рес­публикасымен, оның ішінде Ножан-сюр-Марн қаласымен ерекше ортақ тарихи байланыстар біріктіреді. Оның айқын дәлелі Франция мемлекеті Сыр өңірінен шыққан жерлесіміз, Алаш қайраткері Мұстафа Шоқайға ерекше назар аударып, құрмет көрсетіп келеді. ХХ ғасырдың басында Мұстафа Шоқайға Франция біраз жыл пана болды. Францияны өзінің екінші отаны санаған Мұстафа Шоқайдың құрметіне саябақ және Ножан-сюр-Марн қаласында мүсіні қойылғанын ерекше атап өткен жөн, – деді аймақ басшысы.


Облыс әкімі дипломатиялық және зиялы қауым өкілдеріне, Ножан-сюр-Марн қаласынның мэрі Жак Мартэн мен Мұстафа Шоқай атындағы француз-қазақ достығы қауымдастығының президенті Яшар Динчке Сыр елінің атынан алғысын білдіріп, Ножан-сюр-Марн басшысына Қызылорда облысына арнайы келу туралы ұсыныс білдірді.


Өз кезегінде Жак Мартэн облыс әкіміне алғыс айтып, екі аймақ арасын­дағы бірқатар әлеуетті ынтымақтастық бағыттарын атап өтті. Қос тарап мәдени, экономикалық, спорт салаларында серіктестік орнатуға ниет білдірді.


Онлайн кездесуде Мұстафа Шоқай атындағы француз-қазақ достығы қауымдастығының президенті Яшар Динч ізгі тілегін жеткізді.


Кездесу соңында Қызылорда және Ножан-сюр-Марн қалаларының бас­шылары бауырластық туралы келісімге қол қойды.

Өз кезегінде Қызылорда қаласының әкімі Ғанибек Қазантаев Жак Мартэнге алғыс білдіріп, облыс орталығының бір көшесіне Францияның айтулы тұлғасының есімін беру жоспарланғанын жеткізді.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<