Қызылорда – Шымкент – «Набат» операциясы

1697

0

Тәуелсіздіктің  іргесін бекітіп, тамырын тереңдетуге қылмысқа қарсы күрес пен қоғамдық тәртіпті қамтмасыз ету саласының сіңірген еңбегі айрықша. Азат мемлекеттің құқық қорғау органдары алғаш құрылымдалған кезеңнен бері еңбек еткен аға ұрпақтың ерлігі мен кәсіби біліктілігі – бүгінгі буынға үлгі.

Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай  ҚР Ішкі істер органдарының құрметті қызметкері, отставкадағы полиция полковнигі Әмірбек Шаймағамбетовтың идеясымен және жетекшілігімен жұмыс тобы құрылып, «Тәуелсіздік сақшылары» – «Стражы Независимости» атты патриоттық-тәлімдік бағдарлама дайындау жоспарланған.  Осы уақыт ішінде облыста болған, қоғамдық резонанс тудырған қылмыстық істер бойынша архив мағлұматтары, фото, видеоматериалдар жинақталды. Әмірбек Шаймағамбетов пен журналист Нұрлыбек Саматұлының авторлығымен детектив жанрындағы деректі кітап шығару көзделіп отыр.

Оқырман назарына Тәуелсіздік алғаннан кейін небәрі 68 күн өткенде болған оқиға туралы деректі әңгімені ұсынамыз.

Сақыр-сұқыр қозғала бер­ген ва­гоннан көзді жұмып бір-ақ ырғыды. Алды-артына қа­рауға мұрша қайда? Жерге ыңқ етіп, жамбаспен құлап түс­ті де, жандәрмен жол жие­гіне еңбектеп жетіп, төмен қа­рай ұмыр-жұмыр домалай жө­нелген. Шойын жолды түй­гіштеген пойыз алыстап кетті. Әйтеуір жолаушы пойызы емес, сонысы жақсы, көзге түспеген сияқты.

Глухов алқына демалып жа­тып маңайына алақ-жұлақ қа­рағыштап қой­ды. Анау бесеуі де секіріп үлгерген екен, бесеуі бес жерде жер бауырлап жата-жата қалыпты.

– Кеттік! Тезірек жоқ болу керек! – деді оларға бұйыра сөйлеп. Өзі орнынан тұра бере қара күпәйкенің қалтасын сыр­тынан ұстап байқады. Қарауыл солдатты маңдайдан бір қойып, тартып алған пистолет ап-ауыр-ақ. Емпеңдей жүгіріп темір жолдан алыстай берді.

Шығыс жақ бозарып, атар таң енді ғана белгі бере бастаған. Кебір топырақты жазық жерге тап болғанын аңғарды. Маңа­йында көзге түскені әр-әр жерде үркіп өскен сексеуіл ғана. Бой тасалауға жарарлықтай қа­рай­ған пана таба алмайсың. Не болса да табанды тезірек жал­тырату керек. Соны алтауы да айтқызбай ұғып келеді.

–Тачка ұстайық. Қалаға жетейік! – деді шойын жолды қуалай қатар жатқан әспәлт даң­ғылға беттеп бара жатып. – Содан соң бет-бетімізге тарай­мыз.

– Тачканы бөлініп-бөлініп ұстайық. Әйтпесе тоқтамайды, – деді Усов ысылдай сөйлеп.

Бөкен желіске салған олар трассаға жеткені сол еді:

– Мен өлдім! Әлім құрыды. Жүре алмаймын, – деп, арала­рындағы жал­ғыз шал Федор жол жиегіне шоңқиып отыра кетті.

– Әй, старик, сен не? Кәне, тұр орныңнан! – деп Глухов зіркілдеп, жа­нына жетіп барды. – Тұр кәне! Әйтпесе ит сияқты атып тастаймын!

– Атсаң, ат! – деді бет-аузы мыж-мыж болған шал да қаймықпай. – Ат кәне! Онсыз да мен адам қатарында жоқ адам­мын!

– Женя, қоя сал. Қайтесің? – Сергей Усов араға түсті. Қалған үшеуі үрпиісіп, ақырын бағып тұр. Ол үшеуінің кім екенін Глухов та, Усов та онша біле бермейді. Олар – жолдан қосылғандар. Ал мына шал болса, бар өмірі түрмеде өтіп келе жатқан әйгілі қылмыскер. Осымен бесінші рет сотталуы. Бұл жолы он бес жылды бір-ақ арқалапты.

Ол орнынан жайлап тұрды да, Глуховқа бетпе-бет жақын келіп:

– Женя, жөніңді тап! – деді тістене сөйлеп. Дауысы анық, нық естілді. – Мен осы жерде қалам. Жалғыз жортып жол табам.

– Сен, кәрі албасты, сырты­мыздан сатам деп ойлама! Онда жердің жырығына сіңіп кетсең де тауып алам, – деді Глухов оның кеудесінен пистолетпен нұқып.

– О жағына қам жеме. Мен сені білмеймін. Сен мені біл­мейсің.

Федор Васильев көзбен ар­бап сығырая қарады. Түрме­нің төрін бермей келе жатқан қыңыр немеден күдер үзген Глухов қолын бір сілтеп, бұ­рылып кетті.

***

Қызылордадан арқырап ат­танған «Икарустың» шопыры Сейдехан ыңыл­­дап әндетіп ке­леді. Енді ше, Сара­ғашқа қа­тынайтын автобусты айдағалы жағдайы түзеле бастаған. Бір барып келгеннің өзінде әжеп­тәуір ақша жинап қайтып жүр. Жолшыбай кездескен ауыл­дардан, теміржол бе­кет­­те­рінен қол көтеретіндер же­тіп артылады. Оларға билет кесіп жат­пайды, ақша қалтада қалады. Бұл жолы да құрқол қайтпасына сенімді. Бес-алты орын бос. Ауылы жақындар ті­ке­сінен тік тұрып баруға да ке­лісе береді.

Міне, «1-Май» ауылынан өтіп барады. Келесі ауыл – Тар­тоғай. Көзге сонадайдан қол көтергендер шалынды. Екеу екен. Ай-шай жоқ баса-көк­теп мініп жатыр. Асығыс. Алда та­ғы үш адамымыз бар деді, олар­ды да алмасқа болмады. Түр­лері, киім киісі жергі­лік­ті адамға ұқсамайды. Бір өңкей қара күпәйке киген. Алақ-жұлақ көзқарастары да бір­түрлі. Орысша сөйлейді, әй­те­уір қазақ емес. «Жолкіресін дұрыстап төлесе болар еді» деп ойлап қойды бір сәт. Сұрауға жүрексініп келеді. Айнаға көз салып еді, арт жақтағы бос орындарға жайғасқан олар, бас­тары былғақтап, маужырай бастапты.

Тартоғайдан Шиеліге дейін бір сағаттан астам жол жүріп, оңға қарай қыстаққа бұрылар тұстың сол жағына орналасқан МАИ бекетіне жеткенде, инс­пектор сонадайдан қарсы шы­ғып, таяғын көтерді. Сейдехан жерге түсті де, қарсы бетте тұр­ған сержантқа жақын барып, қағаздарын ұсынды.

– Автобуста бөтен адам жоқ па? Жолдан біреу-міреу мінбеді ме? – деді сержант ақырын сөй­леп. Бұның құжаттарына сел­қос көз жүгірте салды. Адам алғаным үшін айыппұл жазып берер ме екен деп, тосылып қалып еді:

– Аса ауыр қылмас жасаған алты адам іздестіріліп жатыр. Қарулары бар дейді. Сондай кү­дікті адам мінді ме деп сұрап тұрмын.

– Жаңа он сегізден бес адам мінді. Кигендері түрменің киімі сияқты. Қара күпәйке, – деді сыбырлап.

– Онда Шиеліге барғасын автобус­ты автостансаға тақа­май былайырақ қой. Жолаушы­ларды түгел түсір, – деді инс­пектор. – Өзің де кетіп қал.

Сейдеханның тұла бойы мұздап сала берді. Қорыққанын білдіріп алмау үшін түсі суық жолаушыларға қара­мауға ты­рысты. Қараса, сыр алды­рып қоям ба деген көңілде қор­қыныш бар. «Пайдасы құрысын, бекер-ақ тоқтаған екенмін, өл­тіріп кетпесе болғаны» деген қауіп ойынан шықпай қойсын. Келіншегі мен екі баласы бірге келе жатыр еді. Енді соларды ойлап, мазасы қаша бастады.

МАИ бекетінен автостансаға жетем дегенше өткен он бес минут табандап тұрып алған­дай. Әрең жетті-ау, станса үйінің қарсы бетіндегі №252 орта мектептің бетон дуалына жанап барып автобусты тоқ­тат­ты да, жолаушыларға қайы­рылып, «түгел түсіңіздер, әжет­­­ханаға барып алыңыздар» деді қазақ­шалап. «Стоянка пят­над­цать минут» деп орысша­лап және қосып қойды. «Ика­рустың» автостансаға қа­ра­ған есігінен екі баласы мен келін­шегін демеп тезірек түсіріп, өзі диспетчер бөлмесіне қарай жылыстай беріп еді, тарс етіп атылған пистолет дауысы құ­лағын осып өтті. Еріксіз жалт қараса, анталап милициялар кеп қалыпты… Жұрттың айқай­лаған, ойбайлаған, шыңғырған үрейлі да­уыстары маңайды азан-қазан етіп жіберді. Кім? Қалай? Түсініп бол­майсың.

***

Күн сенбі, ақпанның 22-сі. Был­тыр болса ғой, жұрт ертең Совет ар­миясының құ­рылған күні деп, мерекеге да­йындық жасап, ерекше көңіл-күйде жүрер еді. Енді биылғы Тәуелсіз Қазақстанда ондай мереке атымен жоқ. Бүгінді қоса есептегенде, еліміздің тә­уелсіздік алғанына бар-жоғы 68-ақ күн болыпты. Осы жа­қында ғана, нақты айтқанда, 1992 жылғы қаңтардың 10-ында «Қазақстан Республикасының ішкі әскерлері ту­ралы» Жар­лыққа Президент қол қо­йып, мемлекеттің тәуелсіздігін қам­­тамасыз ету мақсатында еліміз­дің ішкі істер әскері құрылған-ды. Ал Қазақстан Қарулы күш­терінің құрыл­ған күні қашан болады екен деп, тіпті ойлап та үлгере алмай жатқан кез.

Сол күні таңғы сағат 8-дерде күтпеген жерден облыстың күштік құрылымын аяғынан тік тұрғызған дабыл қағылды. Таң алдында №922 «Мәскеу-Ташкент» жүк-пошта пойызына тіркелген вагонзактан 18-ра­зьезд аумағында аса қауіпті алты қылмыскер қашып шығыпты. Ішкі әскердің үш қарауыл сол­датын ауыр жаралаған дейді. Мүмкін өлтіріп те кетуі. Өз­дерімен бірге бірқатар маңызды құжаттарды алған, сегіз «Ма­каров» пистолетін бүкіл оғымен қоса әкеткен.

Облыстық ішкі істер басқар­ма­сының бастығы, генерал-майор Есен Демесінұлы Де­месінов те, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Қызылорда об­лысы және Байқоңыр қаласы бойынша басқарма бастығы, полковник Михаил Юсупович Дауенов те қауіпті қылмыс­керлерді іздестіру, ұстау туралы нақты бұйрықтар бере бастады. Табан астында облыс аумағында «Перехват» және «Сирена» опе­рациясы жария­ланды. Қыл­мыскерлердің пойыздан түсіп қалған бекет маңын тек­серуге милиция аттанып кетті. Вагонзак пойыздан ажы­раты­лып, күшейтілген кү­зетке тапсырылды. Михаил Юсупо­­вичтің қаладан екі жүз ша­қырым қа­шықта орын тепкен Шиелі қыстағына жедел ат­танып кеткені содан кейін ғана. Жанында ҰҚҚ-ның аға тер­геу­шісі Әмірхан Бәкірұлы мен екі жедел уәкіл қызметкер бар. Қашқын қылмыскерлердің «Қызылорда-Сара­ғаш» автобу­сында бара жатқаны жаңа ғана қосымша хабарланған-тұғын.     

Сағат 11-12-лер шамасында олар Шиеліге жетті. Авто­стан­сада айтар­лықтай ірі оқиға болып үлгеріпті. Екі жақ тарс-тұрс оқ атысқан. Шиелілік құқық қорғаушы аға лейтенант Мұрат Өмірбеков мерт болып­ты. Бар болғаны отыз үш жас­тағы жігіт. Онымен қоса бір қылмыскер өмірем қапқан. Аты-жөні – Владимир Албандян. 1950 жылы туған. Қырық екі жаста. Глумсков, Говорухин деген екі қылмыскер милицияға өз еркімен берілген дейді. Автобус ішінде қалған Евгений Глухов пен Сергей Усов бір топ жолаушыны кепілдікке алған.

Шиелі қыстағының барлық мили­циясын көтерген аудандық ішкі істер бөлімінің бастығы, подполковник Қуа­нышбек (Ахан) Жаңабергенов пен аудан прокуроры Балтабек Сыздықов осында екен. Дәл осы сәтте авто­стансаға милиция формасын киген аудандық ішкі істер бөлімі бастығының орынбасары, ка­питан Нұрлан Жұма­баев пен бөлім қызметкері, майор Өр­кен Исмайлов келе қалсын. Олар арнайы тапсырмамен із кесуге барған, содан қайтқан беті. Автобус жақта не болып жатқанын аңдамай, ентелей берген. Станса бұрышында бір топ адам іркіліп қалған екен. Олар: «о жаққа бармаңдар, ата­ды» деп айтып ауыз жиғанша, тарс еткен пистолет дауысы естіледі. Оқ Нұрланның бала­ғын жыртып өтіпті. Пистолет екінші рет атылғанда автостанса алдындағы бетон бағанның та­сасына тығылып үлгерді.

– Жақындама! Жақындасаң, атам! Автобустың оң жақ беттегі сын­ған үшінші терезесінен орыс­ша­лап боқтаған қылмыс­кер­дің жарықшақ­танып шыққан дауысы естілді.    

Полковник Михаил Юсупо­вич ең әуелі автобус маңайын ретке келтіру керек деп шеш­ті. Не болып жатқанын әлі де жөндеп ұқпаған халық авто­бус маңайынан кете қойған жоқ еді. Генерал Есен Деме­сі­нов халықты бұл арадан алас­тату жөнінде аудандық ішкі істер бөлімінің бастығы, подполковник Қуанышбек (Ахан) Жаңабергеновке жедел бұйрық берді. Автобус жа­нындағы шұқырда автоматты мылтық ұстаған екі милиционер тасалап отыр екен. Ол екеуі қос қылмыскердің жынын кел­тірмей, аулаққа елеусіз ғана жылыстап кетуі тиіс. Өзге ми­лиция қызметкерлері де көзге кө­рін­бегені жөн. Олар автобусты жа­сырын қоршауға алса жетіп жатыр. Қылмыскерлерді осы­лай ғана сабасына түсіріп, ты­ныштандырасың. Әйтпесе іс насырға шауып кетуі әбден ықтимал.  Әзірге олар талабын айта қойған жоқ. Нақты жос­пары жоққа ұқсайды. Ауық-ауық тарсылдатып бейберекет пистолет атып қояды. Автобус ішінде қылмыскерлердің зір­кілдеп боқтаған дауыстары ес­тіліп қалады. Не деп жатқаны белгісіз.

– Глухов! Мені мұқият тыңда! Мен Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы, полков­ник Михаил Юсупо­вич­пын. Қолына рупор алып, бетон қоршаудың тасасында тұрған ол келіссөзді бастап кетті.

– Босқа әуре болмаңдар! Бәрібір ұсталасыңдар. Одан да өз еріктеріңмен беріліңдер!

– Тапқан екенсің ақымақты! Сірә, Глухов болар, іштен біреудің жарық­шақтана айқай­лаған дауысы естілді. Өзі көрінбеді. Жолаушының бірін тасалап тұрғаны анық.

– Шабуыл жасаймын деп ойла­маңдар! Шабуыл жаса­саңдар, залож­никтерді шетінен атам! Шетінен! Ая­маймын!

– Заложниктерге тиме! Саған не керек? Айт!  Келісейік!

– Начальник! – деп айқай салды ол. – Мен ату жазасына кесілген адаммын. Маған бә­рібір! Менің айтқанымды іс­тейсің! Түсіндің бе? Біз Қа­зақ­станнан шығып кетуіміз керек.

Тағы да әлдене деді. Сөзі бір естіліп, бір естілмейді. Ақпанның ызғарлы желі сөзін жұлып әкетіп жатыр.

– Мен сендерге рация берем. Рациямен сөйлесейік, – деді Дауенов. – Рация… рация.

– Рацияны автобус алдына әкеп таста! Өзің әрі тұр! Жа­қындама!

Сәлден соң автобустан дома­лана түскен мұртты жас жігіт рацияны ала сала автобусқа қарай қайта жүгірді. Соған қа­рағанда іште бір жақыны болғаны. Әйтпесе бас сауғалап қаша жөнелуі мүмкін еді ғой.

Рация табу да оңайға түс­педі. Оларға өздерінің қызмет­тік рациясын беруге болмайды. Қызметтік рация торабында бәрі естіліп тұрады. Жасалып жатқан жоспарлар мен нұсқау­лар олардың құлағына жетпеуі тиіс. Сондықтан темір жол қыз­меткерлерінің екеуара сөйле­сетін рациясын ала тұруға тура келді. Оны МАИ қызметкері, капитан Абдолла Нұрғалиев соңынан өз қолымен әкеп бе­руге уәде етіп, қолхат жазып, алып келді.

– Глухов, талабыңды айт! – деді Михаил Дәуенов рация іске қосылған соң.

Бағана тұтқын вагонындағы сот­талған қылмыскерлер тү­генделіп, қаш­қындардың аты-жөндері анықталған. Глухов пен Усовтың ату жазасына кесілген аса қауіпті қылмыскерлер екені содан белгілі. Глухов Читада кепіл алып көрген әккі көрінеді. Демек, онымен абайлап сөйлесу керек. Шешесінің қайда тұра­тыны, өмірбаяны, отбасы та­рихы, бәрі-бәрі белгілі. Михаил Юсупович енді соны тілге тиек етіп, оның адамдық сезімін оятуға тырысты. Өзінің де Ре­сейде туғанын, екеуі жерлес екенін айтты.

– Полковник, – деді енді Глухов рациядан. – Мені жақ­сылап тыңдап ал! Мен сенің мемлекетіңе де, КГБ-ңа да қар­сы емеспін. Мен негізі жақ­сы адам болғанмын. Әлі де жақсымын. Менің өмірімді құрт­қан менттер! Прокурорлар! Сондықтан…

Одан арғы сөзі естілмей, рация қырылдап кетті. Ар­тын­ша бағанағы жас жігіт жү­гіріп келе жатты. Қолында  ра­ция. Құрылғының толқыны шатас­қан екен. ҰҚК жігіттері қайтадан тол­қынға дәлдеп берді. Сол арада Михаил Юсупович жас жігіттен сыр тартып, екі қылмыскердің қолында екі-екіден төрт пистолет барын біліп алды. Алайда автобуста қанша жолаушы отыр­ғанын айта алмады. Түсі қашқан. Қат­ты қорыққан. Саусақтары дір-дір етеді.

– Женя, енді сен тыңда! Қарын­дарың ашты. Шөлде­дің­дер. Тамақ ұй­ым­дастырам. Су берем. Темекі бе­рем. Автобуста неше адам бар. Сен екеуіңді қосқанда.

Сәлден соң Женяның дауы­сы естілді. Екпіндемей, жай сөйледі.

– Он бес адам. Начальник, тамақпен қоса арақ әкел.

Полковниктің қулығын Глу­хов, сірә, аңғармай қалды. Әлде жүйкесі жеміріліп тұрып мән бермеді. Кепілде неше адам бары белгісіз еді. Бір ақпарат нақ­тыланды. Демек олар – он үш. Кепілде адам саны қан­шалықты көбірек болса, қыл­мыскердің мүмкін­дігі де сон­шалық молырақ деген сөз. Ұлттық қауіпсіздік саласында талай жылдық тәжірибесі бар Михаил Юсупович бұны жақсы түсінеді.

Он бес адамға айран, самса дайындалды. Оны манағы жас жігіт дедектеп тасып жүр. Алайда спирттік ішімдік беріл­меді. «Қыстақтан арақ тап­падық» деп Алматыдан арнайы ұшып келген Ғабдірақым Мең­дешов сендіруге тырысты.

– Еш жерде жоқ. Дефицит!

Ғабдірақым – ІІМ Қылмыс­тық іздестіру басқармасының бастығының орынбасары. Аты аңызға айналған із кезуші.

Қылмыскерлер масайып қалса, кепілдегілердің бірін атып тастауы әбден мүмкін. Онда жағдай мүлдем қиындап кетеді. Егер бір жолаушы оққа ұшса, келіссөзден мән кетті дей бер. Дұрысы – сенімге кіру, қисынды сөз айту. Бетін мүм­кін­дігінше бері қарата бұра тұру.

Қылмыскерлерге тамақ жі­берерде жігіттердің бірі мы­надай ой айтты, тамаққа у қосып берейік, болмаса уақытша ес­тен тандыратын дәрі салып жіберейік деп. Бірақ, ондай күмәнді ұсыныс қабылданбады.

Генерал-майор Есен Деме­сінов, полковник Михаил Дә­уенов, облыс прокуроры Сан­сызбай Үмбетәлиев келіссөзді неғұрлым соза түскен дұрыс деген ойда. Өйткені Алма­тыдан ҰҚК-ның арнаулы «А» жасағы, ІІМ-нің арнаулы «Сұң­қар» тобы келіп жеткенше қыл­мыскерлерді алдандыра тұрған абзал.

Алматыда осы оқиғаға бай­ланысты ІІМ мен ҰҚК ла­уазымды офицерлері қатысты­рылып жедел штаб құрылған. Оны Премьер-министр Сергей Алек­сандрович Терещенко өзі басқарып отыр. Байланыс бір сәтке де үзілмеді. ҰҚК төр­ағасы, генерал-майор Болат Абдрахманұлы Баекеновке, ІІМ бі­рінші орынбасары, гене­рал-лей­те­нант Қайырбек Шо­шанұлы Сүлей­ме­новке жағдай әлсін-әлсін хабар­ланып тұрды.

Бұл кезде облыстық ІІБ бастығы, генерал Есен Деме­сіновтің құрылымы жүргізіп жатқан «Сирена» операциясы бойынша жағымды жаңалық жетті. Пойыздан секірген тұс­та қалып қойған қылмыскер Ф.Я.Васильев алысқа ұзамай ұсталыпты. Осы жағдайды айт­қанда, автобусты қорған қып отырған қос қылмыскер жақтан екі дүркін оқ атылды. Жүйкелері жұқарып, төзімдері түгесіліп бара жатыр деп түйіп қойды Михаил Дәуенов.

Түстен кейін жер дүниені тітіретіп ІІМ-нің тікұшағы мектеп жанындағы стадионға келіп қонса болар ма. Қылмыскерлердің көзінше гүрілдеп-дүрілдеп, маңайдың апшысын қуырып, бері бұрыла бастады. Бұл көрініс онсыз да шыдамдары шегіне жеткен Глухов пен Усовтың зәресін ұшырды.

Нұрлыбек САМАТҰЛЫ

Қызылорда пединститутының «Қазақ тілі мен әдебиеті» факультетін бітірген. Осы оқу орнында мұғалім, Қызылорда облыс­тық телерадио­компаниясында, «Хабар» телеар­насында редактор, республикалық «Ана тілі» газетінде, «Жұлдыз» әдеби журналында бөлім меңгеруші қызметін атқарған. Қазір «Таң-Шолпан» әдеби-көркем, көпшілік журналының бас редакторы.

Әмірбек Шайма­ғамбетов

Өскемен жол-құ­рылысы инс­ти­туты мен Қа­зақ құқық­тану және халық­аралық  қаты­нас­­тар инсти­ту­тын бітірген. Қы­­зыл­орда қа­лалық ІІБ бастығы, об­лыс­тық ішкі істер департаменті  бастығының орынбасары қыз­метін атқарған. Полиция полковнигі. Қазір Қызылорда қаласы әкімінің ке­ңесшісі. Жалағаш ауданының Құрметті азаматы, «ҚР Ішкі істер министрлігінің Құрметті қызметкері».

(Жалғасы бар)

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<