Сабантой салтанаты

778

0

Мейірім мен қуанышқа толы, жарқын сезімге бөлейтін Сабантой мейрамы биыл да ерекше салтанатпен тойланды. «Достық үйінде» өткен мерекелік шараға облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Мира Қазбекова қатысты.

– Тәуелсіздікпен бірге шаңырақ көтерген облыстық татар этномәдени бірлестігі елі­міздің өсіп-өркендеуіне өзіндік үлес қосып келеді. Мәдени салт-дәстүрді жаң­ғыртуға атсалысып, бабадан қалған бай мұраны сақтап қалуға барын салуда. Бар­шаңызды еңбек пен береке, бірліктің негізіне айналған айтулы мерекемен шын жүректен құттықтаймын. Қо­ғамдағы достық пен келісімді нығайту, рухани адамгершілік құн­дылықтарды насихаттап, өңіріміздің дамуына сүбелі үлес қосып жүр­ген еңбектеріңізге алғыс білдіремін, – деді Мира Жомартқызы.

Тек татар ғана емес, бір шаңырақ астында тұратын барлық этнос өкілдерін бірік­тірген мерекеде ұлттық тағамдар ұсынылды. Сонымен қатар Шымкент қаласынан келген Наиля Хузеева, Гүлнұр Файрузова секілді меймандар музыкалық ән шашуын тарту етіп, кештің көркін қыз­дырды. Ұлттық ойындар да ұйымдастырылды. Татар этномәдени бірлестігінің жетекшісі Ғалия Ғизатуллина мерекенің мән-мағынасына, сабантойдың негізіне айналған сынған құмыра дәстүріне кеңі­нен тоқталып өтті. Сондай-ақ, бұл мереке шағын ұлттық думан деңгейінен халық­тың береке-бірлігін дәріптейтін, этностарды бірік­тіретін өзге­ше мерекеге айналып үлгір­генін жеткізді.

Сабантой – егін егіп, көңілі жайланған ағайынның көл-көсір қуанышы. Татар тілінен аударғанда «жер өңдеу тойы» деген мағына білдіреді. Мерейлі мейрамның тарихы да тереңде. Нәпақасын еңбектен тапқан татар этносы көктемгі егіс науқанын ойын-сауыққа ұластырған. Оның астарында да егін бітік шықсын, жиын-терім мол болсын деген халықтың ақ тілегі жатыр.

Мөлдір Қалымбет,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<