Су лимит бойынша берілуде

417

0

Шиелі ауданында шаруаларға су лимит бойынша берілуде. Негізінде «Шиелісушар» өндірістік учаскесіне Сырдария өзенінен 539 млн текше метр, ал таза егіске 444 млн текше метр су қарастырылған. Нәтижесінде биыл ауданда 12037 гектар күріш дақылын егу жоспарда тұр.

– Биыл ауданда жалпы 30 246 гектар жерге ауыл шаруашылығы дақылдарын орналастыру межеленген. Оның ішінде күріштің үлесі – 12037 гектар. Су шаруа­шылығы нысандарын дайын­дау жоспары жасалған. Ау­данда 15 сәуірден бастап Жаңа Шиелі магистральді ка­налына су жіберілді, – деді ау­дан әкімінің орынбасары Ерсұлтан Апетов өңірлік ком­муникациялар қызметінде өт­кен брифингте.

Аудан басшылығы тара­пынан егіншілерге түсіндір­ме жүргізілген. Сол арқылы егін шаруашылығын әртарап­тандыруға басымдық беріліп отыр. Шиелілік диқандар би­ыл 95 гектар жерге бақша дақылдарын тамшылатып суару әдісіне назар аударды.

– Қолымыздағы мәлімет бойынша, «Шардара» су қой­масына қазір жоғары бөліктен секундына 96,3 текше метр су түсуде. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 37,7 текше метрге кем. Қой­мадағы су көлемі 4120 млн текше метрді құрайды. Ол да өткен жылдан 542 млн текше метрге кем, – деді облыстық табиғи ресурстар және таби­ғат пайдалануды реттеу бас­қармасы басшысының орын­басары Бауыржан Оспанов.

Бүгінгі күні «Жаңа Шиелі» магистральді каналы бойында орналасқан егін алқаптарын суармалы сумен қамтамасыз ету тұрақты жүргізілуде. Жос­пар бойынша секундына 52,8 текше метр су алу қажет болса, нақты жағдайда се­кундына 54 текше метрді құ­райды.

Аружан САРУАРБЕК,

Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің студенті

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<